денсаулық сақтау мәселесін сөз етті
Жуырда Астана қаласының №2 ауруханасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Осы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, өмір сүрудің күтілетін ұзақтығын ұлғайту, медициналық қызметтерге қолжетімділікті және сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және басқару жүйесін жақсарту денсаулық сақтау саласының стратегиялық мақсаттары болып табылады. Оның ішінде, мынадай: жіті миокард инфаркты, ми қан айналымының жіті бұзылысы (инсульт), жаңа қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүктілік және босану сияқты бес негізгі әлеуметтік мәні бар, сондай-ақ, елдің демографиясына айтарлықтай әсер ететін аурулар бойынша арнайы іс-қимылдар жоспарын іске асыру көзделіп отыр. Жиын барысында депутаттар аурухананы аралап көріп, ондағы емдеу ісімен жақыннан танысты.
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша Денсаулық және әлеуметтік даму вице-министрі Е.Біртанов аталған тақырып шеңберінде егжей-тегжей баяндама жасады. Ол өз сөзінде: «Болашақта смартфондар кең қолданысқа шығады деп ойлаймыз. Осы мобильді қосымша арқылы кез келген емделуші өз-өзін қабылдауға жаза алады. Тиісті емдеу мекемесіндегі кезекті қарап, оған тіркелуге мүмкіндігі бар. Сондықтан да болар, қазіргі таңда, бізде ІТ-мамандарына деген сұраныс жоғары болып тұр» деді.
Көшпелі отырысқа қатысушылар белсенді түрде пікір алмасты. Аталған аурухананың бас дәрігері Иван Ли, Мәжіліс депутаттары сөйлеп, осы мәселеге қатысты қызу сауалдар қойылып, тиісті жауаптар берілді. Отырыста айтылған пікірлерді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Ықсанова қорытындылады.
Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА