Туған халқының ән өнерін шексіз сүйіп, осы ұлы өнерді зерделеуге бүкіл саналы өмірін арнаған музыкатанушы, суретші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті композитор, белгілі жазушы Ілия Жақановтың сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойы еліміз бойынша кеңінен атап өтілуде.
Осы ретте таяуда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Ілияның романстары» атты әдеби-сазды кешін атап айтқан болар едік. Кеште Ілия Жақановтың құлақ құрышын қандырар тамаша әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай орындады. Әннің ұлылығын ғана емес, шабыт келгендегі сазгер жанының толқынысын жеткізген Ілия Жақановтың шығармашылығы жайында тұшымды әңгіме қозғалды. Оның халық арасында өте танымал болған «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері» сияқты әндерінің өзі неге тұрады?! Ол, сондай-ақ, «Екі жирен», «Бірінші концерт» әңгімелері жинағының, «Аққулар қонған айдын көл», эссе-әңгімелер жинақтарының, «Ықылас» романының, музыка және музыканттар туралы көптеген зерттеулердің авторы.
Одан соң ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және сазгердің жеке қорының ресми ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шара Ұлттық мұрағатта жалғасын тапты. Онда «Сырлы сазгер – Ілия Жақанов мұрасы» атты құжаттар көрмесі көпшілік қауымға ұсынылды. Бұл көрмеде І.Жақановтың ұзақ жылдар бойғы зерттеушілік қызметін ашып көрсететін бірегей қолжазбалық құжаттары, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың композиторға жолдаған хаттары, ғылыми-зерттеушілік қолжазбалары, студент І.Жақановтың дипломдық жұмысы, картиналары, дипломдары, марапаттау құжаттары, фото және бейнеқұжаттары қойылды.
Алдыңғы күні мерейтойлық шаралар елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде түйінделді. Қасиетті өнерді қастерлеген халық емеспіз бе, кешке жиналған игі жақсылар қарасы мол көрінді. Тағы бір қуантарлық жайт, кеш барысында Ілия Жақановтың шығармашылық қоры тағы бір жаңа кітаппен толықты. Ол «Дүние шіркін...» деп аталады. Бұл кітап өмірдегі жақын досы, өнердегі рухани жан дүниесі жарасқан, қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбековтің композиторлық өнеріне арналған. Шара барысында аталған еңбектің таныстырылымы болып өтті.
Бойына композиторлық, жазушылық, суретшілік секілді үш өнерді тоғыстырған І.Жақановтың шығармашылығы да сан салалы. ҚазГУ-дың филология факультетін бітірген соң консерваторияға емтихан тапсыруға барады. Сонда оның әндерін тыңдаған емтихан комиссиясының мүшесі, композитор Евгений Брусиловский: «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ол даланың музыка академиясын бітірген. Өзінің осы табиғатын бүлдірмейік. Шығаратын әнін сал-серілерше емін-еркін шығарсын», деген екен. Елін ән бесігімен тербеген өнер иесінің әндері бүгінде 200-ден асады. «Түн ортасы болғанда» атты алғашқы әнін 1956 жылы жазған композитордың бүгінде «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Әселім», «Асылым», «Толағай», «Еділ мен Жайық», «Есіл бойы», «Ағады Жайық» деген әндері халыққа кеңінен тараған.
Өнеріміздің асыл қазыналары, қазақ әнінде айшықты із қалдырған тарихи тұлғалар жайындағы І.Жақановтың зерттеулері де бір төбе. Атап айтқанда, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен сияқты қазақтың аса дарынды халықтың өнер саңлақтарымен қатар Сүгір, Ақбала, Әлшекей, Қайыпназар, Қалдыбек, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Мәкен Тұрлығұлқызы сияқты күйші-композиторлар туралы сүбелі еңбектері ел аузында.
Сексеннің сеңгіріне шыққан І.Жақанов бүгінде өзінің шығармашылығын үдете түспесе, бәсеңдеткен емес. Оған дәлел – 78 жасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін суретші мамандығы бойынша тәмамдауы дер едік. Алдағы уақытта да тума дарын иесі Ілия ағамызға мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз.
Раушан Тәуірханқызы,
«Егемен Қазақстан»