Атырау қаласының тұрғыны С.Измайлова, Теміртау қаласының тұрғыны Қ.Жүнісұлы, Алматы облысының тұрғыны Н.Жүнісов өз хаттарында референдум өткізу жөніндегі жалпыұлттық бастаманы бірауыздан қолдайтындықтарын білдірген.
Қазірде республика бойынша ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «20 қайырымдылық іс» акциясы өткізіліп жатқаны белгілі. Жуырда аталған акция аясында ядролық сынақ аймағына алыстағы Американың Солт-Лейк-Сити қаласынан гуманитарлық көмек ретінде 250 мүгедектер арбасы, балдақтар мен аяқ арбалар (ходуноктар) жеткізілді.
Осы бір игілікті шараға Алматыдағы «Ұлағатты отбасы» қоғамдық қоры себепші болды. Бұларға Семейде тұратын өзі мүгедек, әрі әрең сөйлейтін Никита деген жас жеткіншек өлеңмен өтініш жолдаған екен. Бұған әлгі тілегін компьютермен теру де оңайға түспепті. Соны естіп, бұлармен хабарласқан алматылықтар Семейде мұндай мүгедек жандар көп екендігін біледі. Бұл хабарды құлағы шалған «Исток» қоғамдық бірлестігіндегілер де игі шарадан сырт қалмапты.
Ал сондай қайырымдылық шарасын жеріне жеткізуді америкалық Джек пен Памела Шолар деген ерлі-зайыптылар да өз мойындарына алады. Бұлар 10 баласы, 23 немере-шөбересі бар үлкен әулет көрінеді.
Алыстағы Америкадан жеткізілген әлгіндей үлкен сыйлықтың жалпы құны 36 мың долларды құрайды. Ол ядролық сынақ аймағындағы елді мекендер мен аудан, қалалардағы аурухана, жедел жәрдем, онкологиялық диспансер, қарттар мен мүгедектер үйіне қажетіне қарай он-жиырмадан бөлініпті. Солайша тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мұндағы мүгедек жандар өздеріне көрсетіліп жатқан қамқорлыққа дән риза болып жатыр.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.