20 Мамыр, 2016

Чемпиондықты «шаппай алды»

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
GOLOVKIN-1Кеше қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің WBC нұсқасы бойынша орта салмақта Әлем чемпионы атағын алғаны белгілі болды. Бұған ол мексикалық Сауль «Канело» Альварес осы салмақтағы чемпиондығы атағынан бас тартқаннан кейін қол жеткізді. Осылайша бұрынғы WBA (Super), IBO, IBF чемпиондықтары қатарына тағы бір версияны қосты. «Дүниежүзілік «Golden Boy Promotions» бокс кеңесі Сауль «Канело» Альварестің орта сал­мақ­тағы WBC белдігінен бас тарт­қаны туралы ресми мәлімдеме алды. Осыған орай Геннадий Го­ловкин WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы атанды. WBC «Канелоға» мансабында сәттілік тілейді, болашақта Головкин-Альварес жекпе-жегін көруге үміттіміз», – делінген ұйым таратқан хабарламада. Айта кетейік, Геннадий Го­ловкин мен Сауль Альварес ко­мандалары 24 мамырда екі бокс­шының алда өтуге тиісті жекпе-жектері туралы келісімге келулері керек-тін. Онда келісім болмаған жағдайда промоутерлік сауда жүргізілуге тиіс еді. Осы тұста GGG промоутері Том Леффлер арада тағы бір промоу­терлік ұрыс өтуіне немесе «Кане­ломен» шайқасты кейінге қал­дыруға жол берілмейтінін анық бай­қатты. Ал соның алдын мек­сикалық был­ғары қолғап шебері жекпе-жектен бас тартса, титулдан айырылып, қазақстандық тарлан WBC-тің толыққанды чемпионы атанатыны айтылған. Дегенмен, Головкиннің про­моу­тері мексикалық боксшы­ның бас тартуы өз жоспарлары­на өзгерту әкеле алмайтынын, шайқас өткізудің жолдары бәрі­бір қарастырыла беретінін жет­кізді. Бұл жағдайға белгілі бокс шебері Флойд Мэйвезер сәл басқаша баға беріп отыр. Ол «Канелоға» Головкиннің емес, Головкинге «Кане­лоның» керек екенін айтады. Шаршы алаңдағы шайқас жағдайының өзгеріп кетуіне байланысты қазір қазақстандық бокс­шының жуық арада Ланиэль Джей­кобспен жекпе-жекке шығатыны белгілі болды. Руслан ИГІЛІК