Жақтастарыңа жақпай, басқаға жағу қиын
Латын Америкасындағы белді елдің бірі Венесуэлада күрделі жағдай қалыптасып отыр. Президент Николас Мадуро елдегі төтенше экономикалық жағдайды тағы да екі айға ұзартты. Одан жағдайдың жақсара қоюы екіталай.
Әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде көп елде жағдай мәз емес. Сөйтсе де, біраз елде жағдай дәл Венесуэладағыдай емес, қысылса да күндерін көріп, қиындықтан шығу үшін жатпай-тұрмай әрекет етіп жатыр. Болашақтарынан күдер үзбей, алға үмітпен қарайды. Ал Венесуэла ше?
Мұнда жұрт, әсіресе, оппозицияның сөзіне ерген халық, қиындықты елді басқарушылардың қабілетсіздігінен, жөнсіз саясатынан көреді. Содан да олар кетсін дейді. Ондай пікірдегілер күн сайын көбейіп келеді. Тіпті, жақында АҚШ-тың барлау мекемесі президент Мадуроны оның жақтастарының өздері орнынан алады деген қорытынды жасапты. Және оны әрі кетсе, келесі жылға дейін жүзеге асырады депті. Сонда бұл билік өзінің жақтастарына жақпаса, басқаға қайтіп жақсын... Екіншіден, Мадуроны кетіруге АҚШ-тың да сырттан от көсеуі әбден мүмкін. Өйткені, Құрама Штаттар – мұндай іске, яғни белгілі бір өзіне жақпайтын билігі бар елдің ішкі ісіне араласудан үлкен тәжірибе жинақтап үлгерген мемлекет.
Осы мамыр айының басында оппозиция өкілдері елдің Ұлттық сайлау кеңесіне президент Николас Мадуроны қызметінен кетіру жөніндегі референдумды талап еткен 1,85 миллион адамның қолын жинап, тапсырды. Ал бұған президент сайланған мерзімім біткенше, яғни 2019 жылға дейін кетпеймін дейді. Ал халық оған көне ме? Заң, әрине, президент жағында. Әйтпесе, тағы бір «Сирия сценарийі» өмірге келуі ықтимал.
Дегенмен, елде халыққа бірінші қажеттілігі – азық-түліктің жетіспеушілігіне біраз болғанын жасырудың жөні жоқ. Жұрт бірнеше сағат кезекке тұрып, белгілі мөлшерде ғана зат ала алады екен. Азын-аулақ қор жинап алуыңа жол жоқ. Жарық та, жалпы, электр қуаты үздік-создық беріледі. Сол электр қуатын үнемдеу мақсатында елде қазір аптасына екі-ақ жұмыс күні белгіленген. Мұндайда қайдан экономика дамысын?! Жұмыс істемеген жерде бір нәрсе өндірілетін бе еді? Халық билікке осындай сауалдар қояды. Былтыр елдегі инфляция 189 пайызға жетті. Биыл одан да асатыны даусыз.
Ал биліктегілер кінәні өздерінен көрмейді. Жақында сыртқы істер мнистрі Делси Родригес АҚШ-ты айыптаған мәлімдеме жасады. Өз елінде азық-түліктің жетіспеушілігін Вашингтон жасап отыр дейді. Содан халықтың наразылығы туып, ол мемлекеттік төңкеріске апаруы мүмкін екен. Ал президент Мадуро осы өткен сенбі күні елде ірі әскери жаттығу басталатынын хабарлады. Сырттан фашистердің, буржуазияның интервенциясы болуы мүмкін көрінеді.
Бұлар халықты сыртқы жаудан қорқытып, экономикасын сол соғысқа бейімдегелі қашан! Ол марқұм президент Уго Чавестің кезінен басталған. Сонау мұнайдың бағасы жоғары кезінде талай қаржы елді әскерилендіруге жұмсалды. Халық билікке сол үшін өкпелі. Өткен жылдың аяғындағы парламенттік сайлауда биліктегі Біріккен социалистік партия 17 жылда алғаш рет жеңілді. Парламентте қазір оппозиция көпшілік. Билік содан үрейленетін секілді.
Қылмысты қатаң жазамен тыя аласың ба?
Жақында ғана Филиппин елінде президенттік сайлау өтіп, 71 жастағы Родриго Дутерте билік тізгінін ұстады. Арада тура бір апта өткенде ол елде өлім жазасын енгізу ниеті бар екенін мәлімдеді.
Бұл кездейсоқ, күтпеген жағдайда айтыла салған сөз емес, сайлау науқаны кезінде оны ашық айтқан, өзінің жұртқа ұсынған бағдарламасының бір ұстанымы ретінде көрсеткен. Тек өлім жазасы ғана емес, қылмыспен күресте ешқандай аяушылық болмайтынын, полиция қызметкерлеріне қымыскерлер қарсылық көрсетсе, сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыскерлерді ұстаған кезде көздеп оқ атуға да рұқсат беруді заңдастырмақ көрінеді.
Мұндай пікірді халық қолдайтынын Дутертенің сайлауда жеңіп шыққанынан да аңғаруға болғандай еді. Бұл жаңа президенттің жай ұсыныстары ғана емес, оның бұған дейін елдің оңтүстігіндегі Давао қаласының мэрі болған кезде жүзеге де асырған ісі болды. Сонда ол қылмыскерлерді ұстап, оны сотқа беріп жатпай, атып тастай салуға нұсқау да жасаған болар, сол қалада мыңнан астам қылмыскердің «ұстау кезінде» қаза тапқаны белгілі. Сол үшін оған халық, журналистер тарапынан «жазалаушы», «ажал батальонының мэрі» деген атақ та берілген.
Филиппин – Тынық мұхиттағы Тайвань мен Индонезия арасында сансыз аралдарда орналасқан үлкен ел. 80 миллионнан астам халық тұрады. Сансыз арал дегенде, 7 мың аралдың 1 мыңнан астамын халық мекендейді. Сол адамы бары, жоғы бар аралдарда қылмыс жасауға да жағдай көп тәрізді. Содан да олармен аяусыз күресуді айрықша назарда ұстау да заңды дерсің. Бірақ бүкіл әлемде жазаны жұмсарту, адам өмірін қиюға бармау идеясы қолдау тауып тұрғанда, өлім жазасын енгізуден бұл елге басқалардың ықыласы ауа қоймауы мүмкін. Керісінше, оны адам құқын шектеу, қаталдық, қайырымдылыққа қайшы деп сипаттау орын алар. Ал бұл елде өлім жазасына кесу осыдан он жыл бұрын, яғни 2006 жылы тоқтатылған болатын.
Өлім жазасына кесуден әлемнің көптеген елдері, ең алдымен Еуропа елдері бас тартып отыр. Бұл қатаң жаза біршама мұсылман елдерінде сақталған. Содан да католицизмді ұстанатын Филиппин елінде бұл жазаны енгізуге талпыныс біраз жұртты таңдандырған. Қазіргі кезде бұл жазаға рұқсат беріп қана қоймай, оны кеңінен жүзеге асыратын елдер қатарында ең алдымен Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы, АҚШ, сондай-ақ Қытай аталады. 2015 жылдың есебі бойынша 1600 рет өлім жазасы қолданылған болса, соны жоғарыда аталған елдер бөліседі.
Бірінші орында – Иран, өткен жылы онда осындай 977 жаза қолданылыпты. 2002 және 2008 жылдары мораторий жарияланса да, оған қайта оралды. Және көбейтіп те отыр. Не үшін дегенде, есірткі саудалағаны, біреуді өлтіргені, зорлағаны, қарулы тонауды жүзеге асырғаны, құдайға тіл тигізгені, сатқындық, парнографияны таратқаны үшін деп біразға созылады. Басқа бір елдерде айыппұлмен ғана құтылатын кей қылмыс үшін мұнда жаныңды беруге тура келеді.
Екінші орын – Пәкістанда. Мұнда 2014 жылға дейін өлім жазасына тыйым болса, былтыр қайта бастаса да қарқынды бастады – 320 адамды дарға асты. Алғашқы болып ресейлік Ахлас Ахлах деген біреу бұрынғы президент Мушаррафқа қастандық әрекеті үшін өлімге кесілді. Сауд Арабиясындағы бір жаза да жұрттың есінде. Халықтың бірлігін бұзды, араздық тудырды деген айыппен шииттік қайраткер шейх Нимр ан-Нимрдің дарға асылуы Саудия мен Иранның арасын жапты. Жалпы, бұл елде өткен жылы 158 адамды дарға асқан.
Енді осынау қатаң жазаны Филиппин елі қолға алатын түрі бар. Оған ел басшысы бас болып кіріспек. Уды у қайтарады деген бар. Ал өлімді өлім қайтаратынына көңіл сене қоймайды. Өлім көбейетін сияқты көрінеді... бұл, әрине, біздің пайымымыз.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист