20 Мамыр, 2016

Ащы тердің тәтті дәмі

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
P7183837Кәсіпкер ана Түймеш Абдуллаеваның есімі бүгінде маңғыстаулықтарға жақсы таныс. Әрине, тек кәсіпкер болғандығы үшін емес. Алдымен, берекелі әулеттің келіні, кешегі үлкендердің тәлім-тәрбиесін бүгінге жалғай алған ана – өнегелі отбасының ұйытқысы болғандығы үшін, бірнеше жұмыс орнын ашып, ауылдастарын кәсіппен қамтыған іскер болғандығы үшін және «Қарға жемін басып жейді, сұңқар жемін шашып жейді» дегендей, әрдайым жан-жағындағы мүжәлсіз отбасыларға, жастарға қолдау-көмегін аямаған жомарттығы үшін. Маңғыстаудың Жетібай өңірі­нен мұнай атқылаған жылы сол өңірге қоныстанып, мұнай саласына қызметке тұрған Түймештің ата-анасы бір орында тұрақты жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықты. «Әу» демейтін қазақ жоқ» демекші, домбыра тартып, күй күмбірлеткенді жаны қалайтын әкесі Базар кішкентай Түймешке ырым етіп, домбыраның құлағын тістетіп өсірген екен. Ырым тек­ке кетпепті, Түймеш өнерге жа­қын, әсіресе өз бетінше домбыра үйренген талантты қыз болып өсті. Алайда, мектеп бітірген соң, бұйырғаны шығар, Еңбек Қызыл Ту орденді Алматы Ауыл шаруашылығы институтын инженер-педагог мамандығы бойынша оқып, бітіреді. Техникалық мамандық бойынша білім алып жүрсе де, домбырадан қол үзе алмай, студент кезінде институттың 80 адамдық А.Жұбанов атындағы оркестрінің жеке домбырашысы болып, ондағы түрлі шараларда, студенттік көктем байқауларында, студенттік үгіт бригадасымен Мәс­кеу, Киев, Волгоград, Астрахань қалаларын аралап, концерттер қойған екен. Дипломды жас маман ауылға келіп, Шетпедегі №5 кәсіптік-техникалық мектепке оқы­тушы болып жұмысқа тұрып, 2000 жылға дейін осы оқу ордасында шәкірт тәрбиелейді. – Жұбайым марқұм, Жаулы сауатты, заман лебін сезіп, заманның қажетіне қарай еңбек етуді ұс­таным етті. Еліміз нарықтық эко­но­микаға көшкен кезеңде жол құрылысымен айналысатын «Абат» ЖШС-ін құрып, аудан эко­номикасының дамуына өз үле­сін қосты. Менің кәсіпкерлікке келуімнің түп бастауында сол аза­матым тұр деуіме болады. Мен 2000 жылы алғаш шағын 12 адамдық «Гүлшат» дәмханасын аштым, одан соң 2005 жылы 60 адамдық «Бекзат» дәмханасын аштым, ал 2003 жылдан бастап нан өнімдерін шы­ғарумен айналысып келемін. 2010 жылы Түркиядағы «Кумкая» фирмасымен келісімшартқа отырып, талапқа сай заманауи құрал-жабдық сатып әкелдік. 2011 жылы Түркиядан арнайы мамандар келіп құрал-жабдықты қосып берген соң, бұған дейін Шетпеде тек формадағы нан (әлеуметтік нан) ғана сатылса, жаңа наубайхана іске қосылғаннан кейін нанның түр-түрін шығара бастадық, – дейді Түймеш Базарқызы. Кәсіпкерлік – бәсекелестік. Қоғамда өз орның болуы керек. Өз орның болуы үшін орта­дан тыс қалмай, үнемі ізденіс үстінде, таным мен кәсіп көкжиегін кеңейте түсудің мәні зор. Маң­ғыстау аудандық мәслихаты 5-ші ша­қырылымының депутаты болған Т.Абдуллаева ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдерге атсалысып, жастар саясаты орталығымен, үкіметтік емес ұйымдармен, ардагерлер кеңесімен бірге біраз шараларға қатысып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде, тұр­ғындарды ауылдың көркеюіне, тазалығына шақыратын шараларға белсенді қатысты. Ал, кәсіпкерлік бағытында Орал қаласында өт­кен «Кеден одағы аясындағы көш­басшы әйелдердің бастамалары» атты халықаралық форумына, V   Астана экономикалық форумына, Ислам экономикалық форумына, Астанада өткен Қазақстанның үздік тауары көрмесіне және IV Еуразиялык әйелдер саммитіне қатысып, сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен іскерлік сапармен Италияға барып қайтты. Мұның бәрінде кәсіпкерлікті дамыту, ел экономикасына үлес қосу, нарықтық бейімділікті арттыра түсу бағы­тында тәжірибе алмасу және жинақтауды басты мақсат етті. Маңғыстау аудандық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар шартына сәйкес ауыл­дағы нысаналы топтан қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдап, мүмкіндігі шектеулі жандарға үйінде отырып жұмыс жасауға мүмкіндік берген ол қазір 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбе­гіне, ер азаматтың көтер­ген жүгін көтере білген қай­ратына қарай алған марапаттары да жетерлік. Бүгінде «Абдуллаева» ЖК басшысы, 2016 жылдан Ақтау қаласы және Маңғыстау облысы іскер әйелдер қауымдастығының Маң­ғыстау ауданы бойынша өкілдігінің жетекшісі атанған Түймеш – Абат, Бекзат, Дәулет атты ұлдар мен Гүл­шат есімді қыздың, немере-жиен­дердің аяулы анасы, асыл әжесі. Жұбайы 44 жасында бақиға ертерек аттанып кетсе де, мұқалмай төрт баласын жетілдіріп, кәсібін ұршықша иірді. Маңғыстау аудан­дық мәслихатының 6-шы шақырылымына депутат болып сайланған Абат жол құрылысымен айналысатын мекемені басқарса, Бекзат Кіріс басқармасында, Гүл­шат «Ernst&Young» компаниясында қызметте. Кіші ұлы Дәулет Бейжіңде «China Unuversity of Petroleum, Beijing» мұнай инс­титутында оқып жүр. Ың-шың­сыз, тату-тәтті әулеттің алтын қа­зығы, ел сыйлаған кәсіпкер-ана бүгінгі зейнетті тірлікке тек ерінбей жа­саған еңбектің, небір қиын­дықтарға мойымай қарсы тұра білген табандылықтың арқасында жеттім деп отыр. Түймеш Базар­қызының бұл қасиеттеріне қарап, қазақ қыздарының бойындағы жігерді тани түскендей боласыз және осы қасиет бүгінгі, келешек қазақ қыздарының бойынан жоғалмауын тілейміз. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы