Мәңгілік Ел – дамуымыздың темірқазығы
Ел болашағының баянды болуы білім беру жүйесінің сапасы мен ғылыми жетістіктердің деңгейіне байланысты екені әлемдік тәжірибеден белгілі. Сондықтан әлемдік стандарттар мен ұлттық мүдде талаптарына сай келетін жоғары білім жүйесін құрып, дамыту Қазақстан Республикасының негізгі мемлекеттік басымдықтарының бір болып отыр.
Ел алдындағы осы маңызды міндетті жүзеге асыруға елордамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті айтарлықтай үлес қосып келеді. Университеттің бүгінгі таңда Еуроодақ, Америка, Азия және Африка, ТМД елдеріндегі 150-ден аса ЖОО-мен, ғылыми орталықтармен және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық орнатуы, 2012 жылы «Қызмет көрсетуші үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын, 2014 жылы ТМД елдерінің өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы сыйлығын алуы, мемлекеттік гранттар мен «Алтын белгi» төсбелгісі иелерінің, халықаралық және республикалық олимпиадалар мен «Болашақ» стипендиясы жеңімпаздарының саны жағынан республика жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық орын алуы соның бір дәлелі және университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамының сан жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тағы бір ерекшелігі – елімізде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығын дамыту ісіне ғылыми еңбектер даярлап, шәкірттер тәрбиелеу арқылы үлес қосуы.
Бүгінгі таңда жалпыадамзат өркениетіндегі «түркі феноменінің» тұғырын бекіту, тарихи тамыры бір түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастығы мен ықпалдастығын арттыру, түркі әлемінің мәдени-рухани тұтастығын қамтамасыз ету, жалпытүркілік құндылықтарды құрмет тұтатын ұрпақ қалыптастыру – түркі әлеміне ортақ міндет болып отыр және осы бағыттағы жұмыстар жылдан жылға өріс ала түсуде. Жаһандану үдерісіне түркілік болмыс-бітімімен араласа алатын, жалпытүркілік мүддеге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу – түркітану ғылымын жан-жақты дамытумен, арнайы кәсіби мамандар дайындаумен ұштасатын стратегиялық маңызы бар – келелі іс. Түркі әлемінің мәдени-рухани құндылықтарын сақтау, түркі өркениетінің жалпыадамзаттық өркениеттегі алатын орнын бағамдау, қазіргі заманғы түркілік проблемаларды айқындау және тереңдеп зерттеу мәселелерінің нәтижелі болуы да білікті түркітанушы мамандар дайындаумен ұласып, әлемдік озық тәжірибе мен тұрақты даму қағидаттарына негізделген жалпытүркілік ғылыми-білім кеңістігін құруға жол ашады. Осы ретте кәсіби түркітанушы маман дайындау, іргелі түркологиялық ғылыми-зерттеулерді жүзеге асыру ісінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ еліміздегі көшбасшы оқу орны болып табылатындығын атап көрсете кетсек артық болмас.
Қазақстанның Болон декларациясына қол қоюына, оқытудың кредиттік технологиясының енгізілуіне және үш деңгейлі білім жүйесіне көшуіне сәйкес Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі филология факультетінің жалпы тіл білімі кафедрасында 2008 жылы түркі тілдері, түркі жазба ескерткіштерінің тілі мамандықтары бойынша магистратура, 2009 жылы түркітану мамандығы бойынша бакалавриат ашылды. 2010 жылы Халықаралық қатынастар факультетінде түркітану кафедрасы құрылып, 2011 жылы түркітану мамандығы бойынша докторантура жұмыс істей бастады. Үш деңгейлі түркітану мамандығының мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартын дайындауға университет ғалымдары белсене қатысты.
Мамандықтың типтік оқу бағдарламалары да университеттің түркітану, жалпы тіл білімі, қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеті кафедралары оқытушылары тарапынан дайындалды. Лингвистикалық түркітану бойынша оқулықтар кешенін дайындау мәселесі қолға алынуда. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түркітану мамандығы бойынша республикалық оқу-әдістемелік кеңес жұмыс істейді.
VІ-ІХ ғасырларда хатқа түскен Орхон мұраларында көрініс тапқан көне түркілердің Beŋgü Еl идеясы бүгінгі Қазақ елінің ұлттық идеологиясының алтын қазығына айналып отыр, Елбасымыз «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел!» деген еді.
Түркітану кафедрасында түркітектес халықтардың тілін, әдебиетін, тарихын, этнографиясын, мәдениетін, т.б. рухани, мәдени құндылықтарын диахрониялық және синхрониялық тұрғыдан зерттейтін кешенді ғылым саласы – түркітанудың теориялық-методологиялық негіздерін меңгерген кәсіби түркітанушы маман дайындаумен қатар, түркілік геосаяси феномен, түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасы, көне түркі жазба ескерткіштері, түркі руникасының даму жолы, қыпшақ жазба ескерткіштері, түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи аспектіде зерттеу, Қазақстандағы түркі тілдері мен мәдениеті және тағы басқа мәселелер бойынша іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Мағрипа ЕСКЕЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының профессоры,
Гүлғайша САҒИДОЛДА,
қазақ тілі білімі кафедрасының профессоры