Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында ақын, кинодраматург, публицист, зерттеуші-ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған шығармашылық салтанатты кеш үлкен табыспен өтті. Осынау мерейтой салтанатына алыс және жақын шетелдерден көптеген көрнекті мәдениет қайраткерлері келіп, қуанышты бірге бөлісті.
Режиссер Әнуар Мұстафиннің Олжас ақын туралы түсірген «Менің жолым» деп аталатын деректі фильммен басталған жыр кешінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мерейтой иесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып беріп, ақын шығармашылығы жөнінде жылы лебізін білдірді. Құрметті қонақтар қатарында қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин мен Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов, сондай-ақ, бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова сахнаға шығып, қазақтың әлемдік дәрежеге көтерілген ақиық ақынын, аймаңдай азаматын мерейтойымен құттықтап, өткен күннен естелік айтты. Күміс көмей әнші Роза Рымбаева, «Жетіген» триосы мен басқа да өнер жұлдыздарының өнерін тамашалаған кеш қонақтары Олжас ақынның поэзиясынан сусындап, рух алып қайтты.
Осы мерейтой аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында да салтанатты шара болып өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов жүргізген алқалы жиында белгілі ақын, «Жұлдыз» журналының редакторы Ұлықбек Есдәулет өлең оқып, ақын ағасының шығармашылығына тоқталса, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы өлең арнады.
Кездесу аясында ақынның әр жылдары жазған сүбелі туындыларынан құрастырылған көлемді жинақ – «Олжас Сүлейменов» деп аталатын ғылыми-көмекші ретроспективтік библиографиялық көрсеткіштің тұсауын Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов пен Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі Шот-Аман Уәлихан кесіп, аталмыш жинақтың ұлт құндылығын асқақтату жолында аса қажетті көрнекі құрал әрі құжаттық еңбек екендігін атап өтті. Шығармалар жинағына ақынның қазақ және орыс тіліндегі үздік шығармаларымен қатар, тарихи хронологиялық суреттер де енгізілген.
Іргелі библиографиялық жұмыс Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бірегей қорының негізінде жасалып, тұңғыш дереккөз Олжас Сүлейменовтің «Литературная газетада» Леонид Мартыновтың сәт сапары ретіндегі алғысөзімен 1959 жылы жарық көрген «Мой народ», «Вода», «В степи» өлеңдерінен бастау алған. Хронологиялық дереккөздер тізімі бүгінде ақынның 4000-ға жуық жекелеген шығармалары және ол туралы әдебиеттер, өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар топтастырылған бұл сүбелі жинақта Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Римма Казакова секілді тұлғалардың туындылары әлем әдебиетіне енген көркемсөз алыптары мен қоғам қайраткерлерінің Олжас ақынға арнаған поэмалары мен өлеңдері, жылы лебіздері бар.
Ғылыми-библиографиялық көрсеткіш қазақ, орыс және әлемнің алуан халықтарының тілінде жазылған еңбектерден тұрады. Ағылшын, француз, неміс, араб, болгар, бенгал, якут, швед және басқа да тілде жан-жақты сипатталған еңбекті құрастырушы белгілі шығыстанушы-ғалым, профессор Сафар Абдулло бұл хронологиялық көрсеткіштің филологтар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілер, кітапханашылар мен ізденуші қалың оқырман үшін баға жетпес қазына екендігін жеткізді.
Тұсаукесер аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы қорынан әсем безендірілген «Олжас әлемі» атты академиялық кітап көрмесі ұйымдастырылып, мерейтой иесінің шығармашылығы мен өмірін қамтыған бейнематериал көрсетілді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсіргендер
Юрий БЕККЕР,
Айтжан МЫРЗАНОВ