Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында Достастыққа қатысушы елдер Теміржол көлігі жөніндегі кеңестің 64-ші сессиясы өтті.
Аталған шара аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің төрағалығымен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (ТХКД) дамытуды үйлестіру комитетінің кезекті отырысы болды. А.Мамин өзінің сөзінде ТХКД-ні бәсекелестікке сай дамытудың маңызы зор екендігін, оның Еуразия құрлығындағы болашағы зор бағыт бола алатындығын атап өтті.
«Үйлестіру комитеті құрылғалы бері тиімді тариф саясатын жасау, жүктерді тасымалдаудың бірыңғай технологиясын өндіріске енгізу, бірлескен ықпалдасқан логистикалық Nomad Express өнімін қалыптастыру, алғашқы контейнерлік пойызды жіберу, Транскаспий халықаралық көлік консорциумын құру бойынша қыруар істер атқарылды. Транскаспий дәлізіне қатысушы мемлекеттердің қатары көбейді. Бүгінде комитетте теміржол, теңіз, порт әкімшіліктері, Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина және Румыния сияқты мемлекеттердің логистикалық компаниялары бар», – деп атап өтті А.Мамин.
Отырыс барысында ТХКД аумағында контейнерлік, вагондар, контейнерлік тасымалдаудың бәсекелестікке сай мөлшерлемесін бекіту жайы да қарастырылды.
ТХКД Үйлестіру комитетінің жұмысын тұрақты атқару үшін оның Үйлестіру комитетінің тұрақты штаб-пәтерін Астанада ашу уағдаласылды. Транскаспий халықаралық көлік консорциумының жұмыс кестесі бекітілді.
Аталған бағыт Қытайдан Қазақстан арқылы Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия, одан әрі қарай Еуропаға тартылады. ТХКД Еуразия құрлығындағы контейнерлік тасымалдау әлеуетін дамыту арқылы сауда қатынасының өрістеуіне жол ашады.
Отырыс барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин бірауыздан Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТХКД) үйлестіру комитетінің төрағасы болып сайланды.
«Егемен-ақпарат»