Бір кездері «Казгипрозем» институтының Жамбыл филиалы деп аталған бұл мекеме өңірде жобалау-іздестіру және бақылау жұмыстарын орындаумен айналысқан екен. Сол жылдары өзінің дербес зертханасы болып, 1990 жылдардың басына дейін жұмыс жасапты. Кейін топырақ зерттеу жұмыстарына мемлекеттік тапсырыстар мөлшерінің кемуі мен қаржының болмауы себепті зертхана жабылған.
Енді міне, өткен аптада Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалының директоры Н.Артаевтың және «ЖерҒӨО» РМК-ның бас директоры Ғ.Қарқынбаевтың қолдауымен жаңа топырақ зертханасының құрылысы аяқталып, қазіргі заман талаптарына сай жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, іске қосылды. Зертхананың талаптарына сай инженер, агрохимиктер, химиктер жұмысқа қабылданды. Зертханада топырақтың химиялық құрамын анықтап, сараптама жүргізіледі. Осы сараптамалардың нәтижелерінде топырақ материалдары жаңартылып қолданысқа пайдаланылады. Топырақтың құнарлылығын, құрамының өзгерістерге ұшырағанын анықтауға жыл сайын республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұған дейін зертханалық сараптамалар Шымкент қаласындағы «ЖерҒӨО» РМК Оңтүстік филиалында дайындалатын. Яғни, зертханалық сараптама жүргізуге жылына 3-4 млн. теңге төленіп отырды. Енді осы жұмыстардың барлығы мекеменің өз зертханасында атқарылады. Ал, ағымдағы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Т.Рысқұлов, Қордай аудандарының жерлеріне мониторинг жүргізу жоспарланып, жұмыстар басталып та кетті.
Топырақ зерттеу барысында алынған материалдар жер кадастрын, жер мониторингін жүргізу бойынша жұмыстарды атқаруға, жерге орналастыру жобаларын жасау үшін, шаруа қожалықтарын паспорттау үшін, табиғи малазықтық алқаптардың және жердің жай-күйін сапалық бағалау үшін, жерге төленетін құнның мөлшерін, жерге төленетін салық пен жалға беру құнын анықтау үшін негіз болып саналады. Топырақтың қасиетін біле отырып, ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды атқаруға, суландыру жүйесін құруға және пайдалануға болады. Сондай-ақ, тыңайтқыштарды, заманауи техниканы пайдалануды жоспарлауға, ауыл шаруашылығын жүргізудегі алдыңғы қатарлы әдістерді енгізуге де мүмкіндік ашылады.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы