20 Мамыр, 2016

Қымыздан жасалатын балмұздақ

626 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
116-05-3 миллион теңгеге С.Торайғыров атындағы универ­ситетте өткен Business Days Pavlodar халықаралық ­форумы барысында сатылды. Әрине, қазіргідей технология дамыған заманда ештеңеге таңғалуға болмас. Бірақ, біздің ата-бабамыз да ұлттық тағамдардың небір түрлерін дала технология­сын пайдалану арқылы жасап, бүгінгі ұрпақтарына жеткізіп кетті. Тек бүгінде табиғи өнімдердің қадірін көп түсіне бермейміз. Сту­денттер қымыздан балмұздақ дайындайды деген хабар да осы кездің кезекті жаңалығы. Таң­ғалып жатырмыз. Бұған дейін Жа­понияда қымыздан балмұздақ жасап жүрген өзіміздің қазақ жігіті жайлы, немістердің де қымызды насихаттай бастағандарын, қырғыздардың да бұл өнімді жасауды қолға алғанын естіп, біліп жүрдік. Бірақ, Асхат Айтжанов пен Нұрғиза Қалинованың «Қымыздан балмұздақ дайындау» тақырыбында қорғаған жобасы жастардың бизнес-бастама форумында жеңімпаз атанып, 500 мың теңге жүлде алғаны ойлантты. Студенттердің де шетелдіктер секілді өркениетті білім жолына, ғылыми ізденістерге, ойлануға, ойлауға, жаңашылдыққа қарай бет бұра бастағандары қуантты. Асхаттың айтуынша, бұл идея тосыннан туып, аз уақыт ішінде қолға алынған көрінеді. Біз енді кішкенайтымыздан ауылда қымыз ішіп өстік. Қымыздан жасалған балмұздақты үйде жасаудан бастадық. Оны балаларға, достарға дәмін татып көру үшін ұсындық. Ерекше балмұздақ деп таңғалысты. Университет бас­­шы­лығы ерекше балмұздақ жобасын бірден қолдады. Enactus ұйымымен байланыс орнатып, жобамызды республикалық форумда қорғап шықтық, дейді Нұрғиза мен Асхат. Ал, бұған дейін университет командасының «Қымыздан бал­мұздақ жасау» жобасы «Enactus Kazakhstan National EXPO – 2016» студент-жастардың әлеуметтік және бизнес-жобаларының рес­публикалық байқауында жеңім­паз атанды. Білім және ғылым министр­лігі мен Президент жа­нын­дағы Жастар саясаты жөнін­дегі кеңестің қолдауымен өткен байқауға еліміздің жоғары оқу орын­дарынан 42 команда қатысты. Уни­верситет командасы эко­номи­калық, экологиялық, әлеумет­тік мәселелерді шешуге бағыттал­ған іс жүзінде жұмыс жасап жатқан 4 жоба ұсынды. Содан, «Қазақ­станды қалай тамақтандыруға болады?» деген ауқымды тақы­рыптағы бизнес-жобалар бай­қа­уында студенттер қымыздан жасал­ған балмұздақ идеясы үшін 1 миллион теңгеге ие болды. Enactus PSU командасының ка­питаны Арнагүл Бүркүттің айту­ынша, студенттер универ­ситет қабырғасында алған теория­лық білімі мен кәсіпкерлік қабі­леттерін тәжірбиеде қолданады. Ко­манданың әрбір мүшесі еліміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Университет командасы жеңімпаз ретінде биыл қазан айында Торонто қаласында (Канада) өтетін Enactus 2016 әлемдік кубогында еліміздің атынан қатысуға дайындалуда. Жуырда университетте өт­кен Business Days Pavlodar халық­аралық форумында электр және жылу энергиясы, агротехнология, микробиология, машина жасау және басқа да салалардағы инновациялық жобалар таныстырылды. Өңірлік стартап академиясы ашылды. Рәсімге облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, сту­денттерді академияның ашылуымен құттықтап, жас кәсіпкерлердің жұмысына табыс тіледі. Өңірлік Start up академиясы 250 жобаны қабылдады. 10 жоба жұмысын бастапты. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында шағын және орта бизнес саласында 21 жұмыс орны құрылған. Академия өз кәсібін ашқысы келетін кәсіпкерлер үшін еліміз бен шетелдердің үздік оқытушылары мен менторларының дәрістерін тыңдап, білімдерін шыңдауға мүм­кіндік береді. Жыл сайын 1000-нан астам адамды кәсіп­кер­лік­ке оқыту, 200 стартап ашу, шағын және орта бизнес саласында 500 жұмыс орнын құру жос­парланып отыр. Өңірлік Start up академия­сы «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «НАТР» АҚ-пен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «ENACTUS Kazak­hstan» ұлттық кеңсесімен және басқалармен байланыс жасайды. Форумда жас стартапшылар Demo Day бизнес жобалар макетінде өз жобаларын ұсынды. Форумға келген кәсіпкерлер «Koum_ice», «Пончита», «Лю­мо­бетон», «Асао», Frozen Yogurt» бизнес-идеяларға қызы­ғу­шылық танытты. Бизнес-жоба күн­дері аясында мектеп және колледж оқушыларына арналған бизнес-идеялар чемпионаты, «Ке­мел кәсіпкер» бизнес-кейс­тер рес­публикалық чемпионаты, «Ente­rprise`s solutions» байқауы өтті. Жергілікті инвесторлар қатыс­қан стартап академияда барлығы 15 жоба ұсынылды. Қымыздан жасалған балмұздақ «KoumIce» жобасының авторлары Асхат Айтжанов пен Нұргиза Қалиноваға университет басшылығы зертханадан орын беріп, жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетті. Ерекше балмұздақ сол жерде жасалады. Қазір жоба әлеуметтік желілер арқылы сатылуда. Жоба құны – 3 миллион теңге. Осындай бағамен қымыз-балмұздақ Mirel компания­сына сатылды. Өйткені, 1,5 миллион теңгеге арнайы құрылғы, 800 мың теңгеге шикізат алынады. Қалған 700 мың теңге технология­мен жұмыс жасауға жұмсалады. Бір айдың ішінде авторлар өнімді көлеміне қарай 150-900 теңгеден қаладағы дүкендерге тасымалдау­ды жоспарлауда. Қажетті сертификаттары да бар. – Бірі қышқыл, бірі тәтті дәмді екі түрлі ерекше балмұздақ жасадық. Алғашында қалай жа­саудың әдіс-тәсілдерін ашып айт­қан жоқпыз. Қазір жобаны онлайн сатылымға қойдық, енді сау­да орындарын ашқымыз келеді. Негізгі мақсат – қымызды ұлттық сусын ретінде насихаттау, – дейді жоба авторлары. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР Суретті түсірген Руфина ТОРПИЩЕВА