20 Мамыр, 2016

Қуат көзі

1294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ЖЭО-2Қарағандыда жаңа энергоблок іске қосылды «Қарағанды Энергия Орта­лығы» Қарағанды қаласы мен облысты электр энергиясымен және де жылумен қамтамасыз етіп отырған аса ірі өндіріс ошағы. Компанияның құрамына ЖЭО-1 және ЖЭО-3 сынды екі бірдей жылу электр стансасы енеді. Соңғысы өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірінен саналады. Оның энергетикалық қуаты 560 МВт болса, жылу қуаты 1174 гкал/сағатты құрайды. Жалпы алғанда, бұл екі стансаның облыс орталығын жылу және электр қуатымен толықтай қамтамасыз етуге күші күні кешеге дейін еркін жетіп келген. Сонымен қатар, барлық әлеуметтік, мәде­ни, тұрмыстық нысандар, бала­бақшалар, мектептер мен өндіріс ошақтары да осы стансалардан тіршілік нәрін тартады. Негізі Қарағандыдағы №3 жылу электр орталығына қарас­ты жаңа энергоблоктың құры­лысы осыдан төрт жыл бұрын бас­талған болатын. Мұндай қадам­ға өсіп-өркендеп жатқан облыс­тың энергетикалық қуат көзде­ріне деген тапшылығы итерме­леген еді. Жобаны орындау бары­сында бірқатар озық құры­лым­дық тех­нологиялық шешім­дер жүзеге асырылды. Міне, осындай шаралардың арқасын­да «Қарағанды Электр Орта­лығы» ЖШС бүгінгі күнде облыс орта­лығына қосымша 110 мегаватт электр қуаты мен 180 Гкал/сағат жылу қуатын беру мүмкіндігіне ие болып отыр. Қарағанды ЖЭО-3 станса­сын­дағы жаңа энергиялық блокты пайдалануға беру салтанатына облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы жаңа блок іске қосылғаннан кейін стансаның энергетикалық тиімділігінің 25 пайызға артатынын ерекше атап өтті. «Біздің өңір үшін жаңа қуат көздері ілгері дамуымызға сеп­тігін тигізетін қосымша серпін. Ал жаңа қондырғының іске қосылуы облыс үшін жаңа кә­сіпорындарды пайдалануға беру, тұрғын үйлер салу сынды ма­ңызды жобаларды жүзеге асыруға қажетті аса зор резерв және қуатты қор болмақ. Бұған қоса бұл жоба аясында қарағандылықтар үшін жаңа жұмыс орындарының пайда болатынын да айта кеткен жөн», – деді облыс әкімі. Аталған ірі жобаның бас мер­дігері және барлық құрал-жабдығын жеткізуші Қытайдың машина жасау саласындағы СМЕС деп аталатын ұлттық компаниясы. Аталған жобаның іске асуы энергетика саласындағы ынтымақтастық қарым-қаты­настың қанат жайып отырғанын көрсетеді. Бүгінгі күнде жобалық құны 185 миллион доллар болатын энергоблок құрылысы мен құрастыру жұмыстары толық аяқталған. Жаңа нысанның қаржылық әріптестері Қазақстан даму банкі мен «Сбербанк» АҚ-тың еншілес банкі болғанын да айта кеткен ләзім. Жалпы, 2009 жылдан бастап Үкімет энергия көздеріне арналған мөлшерлі тариф енгізгелі компания инвестициялық бағ­дар­ламаларды іске асыра бастаған болатын. Жылу электр орталығының қуатын арттыру, оның құрал-жабдықтарын жаңарту және қайта құру мақсатында кәсіпорынға қомақты қаржы құйылды. Мы­салы, мөлшерлі тарифтер бағдар­ламасы жұмыс істей бастаған бес жылдың ішінде бұл шараларға жұмсалған қаржы 65 миллиард теңгені құрады. Қуаттылығы 110 мегаватт болатын жаңа әрі ірі энергети­ка­лық блоктың құрылысы стансаны ұлғайту бағдарламасы­ның екінші кезеңіне жатады. Ал 2012 жылы іске қосылған турбо­агрегат бүгінгі күнде қалыпты жұмыс істеп тұр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ