20 Мамыр, 2016

Аққыздың күйі ағындап...

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Аккыз-2Қарағанды қаласында Арқа шертпе күй өнерінің алыбы, күйші-композитор Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызына арнап өткізілген күйшілер сайысы келесі күні гала-концертке ұласып, өнерсүйер қауым айта жүрерлік ұлық мерекеге айналды. Шараны ұйымдастырушы Болат Тәкішовтің айтуынша,­ бұл игі іс әйгілі күйшінің ке­лесі жылы болатын 120 жыл­дық тойына дайындықтың басы екен. Кеншілер астанасындағы мамандандырылған музыка мектеп-интернатында өткен күйшілер жарысында қазылар алқасына Қазақстанның ең­бек сіңірген әртісі, күйші-ком­позитор, Гуманитарлық ғы­лымдар академиясының ака­демигі Секен Тұрысбек төр­ағалық етті. Қазылар алқа­сының құрамында музыка зерттеуші Жарқын Шәкә­рім, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің профес­соры Жанғали Жүзбай, Ақ­қыз мұрасын зерттеуші Болат Тәкішов, ұстаз Жеңіс Сәрсембеков сияқты күй әлемінде із тастаған белгілі тұлғалар болды. Екі күнге созылған сайыс қорытындысында 12-14 жас аралығындағы балғын күйшілер ішінде бірінші жүл­деге Аяна Сатанова лайықты деп танылды. Ал 15-17 жас­та­ғы күйшілер арасындағы негізгі сында бас жүлдеге бағы жанған Балжан Серікболқызы ие болды. Жеңімпазға 100 мың теңгенің сертификатын Мәжіліс депутаттары Нұрлан Дулатбеков пен Айгүл Соловьева табыс етті. Шара бары­сында про­фессор Жанғали Жүз­бай­дың редакторлығымен жарық көрген «Аққыздын күй мұ­расы» атты күйтабақ аль­бом­жинағының тұсауы кесілді және ұстаздарға шеберлік сыныбы өткізілді. Күй сайысынан кейін Кеншілердің мәдениет сарайында өткен гала-концертте конкурсанттармен бірге Секен Тұрысбек, Жанғали Жүзбай, Дәниел Хамзин, Қайролла Сәдуақасов, Гүлнар Шарипова сынды есімдері елге белгілі күйшілер сахна төріне шығып,тыңдарманның құлақ құрышын қандыра күй шертті. Ақтоғай ауданынан келген «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі өнер көрсетіп, әнші Дәуренбек Әркенов Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының әндерін шырқады. Айта кететін жайт, бүгінгі күнде Аққыз күйшінің тоғыз күйі орындалып жүр, сегіз күйі нотаға түскен. Сонымен қатар, күйшінің төрт әні бар, соның бірі – «Аман бол, амал қанша» әнін белгілі әнші Манарбек Ержанов орындаған. Гала-концертте сөз алған белгілі күйші Секен Тұрысбек Аққыз күйшінің қазақ музыка өнерінің дамуына қосқан зор үлесіне, соңына қалдырған мол мұрасына жоғары баға бере келіп, оның есімін Қарағандыдағы мамандандырылған музыка мектеп-интернатына беру туралы орынды ұсыныс айтты. Сондай-ақ, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім әйгілі күйші атындағы конкурстың аясын кеңітіп, республикалық деңгейде өткізу туралы пайымды пікірін білдірді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ