Бангкок қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев бастаған қазақстандық делегация Азия мен Тынық мұхиты елдеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссияның 72-ші сессиясына қатысты.
Өңірдің 54 мемлекетінің сессияға қатысқан өкілдері 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ мемлекет басшылары Нью-Йоркте қабылдаған Орнықты даму мақсаттарын іске асыру аясында өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инновациялар және технологиялармен алмасу, климаттың өзгеруі салдарымен күрес мәселелерін қарастырды.
Сессияның бірінші күнінде Е.Ашықбаев жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста сөз сөйлеп, делегацияларды Қазақстанның БҰҰ мақсаттарын жүзеге асыру бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаһандық ұйымның индустрияландыру, жаңа технологияларды тарту, жұмыс орындарын ашу мен әлеуметтік даму сияқты басымдықтарға қол жеткізу бойынша тәжірибелік элементтерден тұратынын атап өтті. Қазақстан көлік, энергетика, азық-түлік және су салаларындағы ынтымақтастықты нығайта отырып, БҰҰ мақсаттарын өңірлік деңгейде басшылыққа алатыны, Каспий өңірі мен Оңтүстік Азиядағы көпжақты өзара іс-қимылды дамыта отырып, Еуразиядағы интеграциялық үдерістерді белсенді қолдайтыны атап көрсетілді.
Азия мен Тынық мұхиты елдері үшін ЭКСПО-2017 тақырыбының жеке маңызы айтылды. Көрме аясында технологиялық алшақтық пен климаттың өзгеруіне жауап қайтару бойынша ірі халықаралық іс-шаралар, оның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым және технологиялар саммитін өткізу жоспарланғанына назар аударылды.
Е.Ашықбаев 2015 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан 2045 жылға қарай, яғни Ұйымның 100 жылдық мерейтойына әділетті және қауіпсіз әлем тәртібіне қол жеткізуге бағытталған Қазақстанның бастамалары тұрғысында қатысушыларды «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің мазмұнымен таныстырып, көтерілген мәселелердің өзектілігі барлық елдерге қатысты екенін ерекше атады.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілету үдерісі шеңберінде қазақстандық делегация Филиппин, Непал, Маршал аралдары, Кирибати, Самоа және Соломон аралдары өкілдерімен кездесулер өткізді.