20 Мамыр, 2016

Жердің қадірін жермен айналысқандар ғана біледі

311 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
АманғосСоңғы уақыттары Жер заңнамасына қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің белең алғаны рас. Елбасы Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына белгілі бір кезеңге дейін тоқтау салды. Бұл халықтың ой-пікірімен санасқандықтан туған қадам болды. Біз осы мәселеге қатысты ойын білмек болып, «Степное» ЖШС директоры Аманғос ТӨЛЕУОВКЕ жолығып, әңгімелескен едік. – Бұны Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көрегендігі деу орынды. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді атқарушы билік халыққа жете түсіндірмеді. Бұл белгілі бір деңгейде қарапайым адамдардың түсініспеушілігін туғызды. Сондықтан, әртүрлі әңгімелерге арқау болды. Елбасының өзі «Қабылданған заң­ның тетіктері мен нормалары жұрт­шылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқыланбады», деп қадап айтты. Яғни, бұл мәселеде асығыстық болғаны анық. Асығыстық жүрген жерде қашанда бір шикілік табылып жатады. Жерге қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруды тапсырды. Жыл аяғына дейін талқылау тым ұзақ емес пе? – Мұндай шетін мәселеде асы­ғыстық танытуға болмайды. Оның үстіне Үкімет жанынан Комиссия құрылатын болды. Ол Жер кодексін талқылау және түсіндіру жұмысын жүргізуге барлық мүдделі органдар мен қоғамдық бірлестіктерді тар­татын болады. Резонанс тудырған нормаларды кеңінен талқылап, ортақ ұстаным әзірлеп, Парламентке беруі тиістігі айтылған. Елбасы талқылаудан кейін ортақ шешімге келетін болса, мораторийдің алынып тасталатынын, олай болмаса, күшінде қалатынын ашық айтып отыр. Яғни, бұл мәселеде атүстілікке жол берілмейді. Халықтың ұсыныс-пікірлері жинақталып, зерттеледі, салмақталады деген сөз. Бұл өте орынды, себебі, ортақ ойласып шешкенде ғана кейбіреулердің күңкілдеген күмән-күдігіне негіз қалмайды. Жалпы, жердің иесі болмайын­ша ауыл шаруашылығы мақса­тын­дағы жердің тиімділік бермейтіні рас қой. Осымен келісесізбе? – Әлбетте. Мен өзім ауыл шаруа­шылығы саласында 42 жыл еңбек етіп келемін. Соның отыз жылында осы шаруашылықты басқардым. Сондықтан, ауыл шаруашылығын, соның ішінде жер жайын, мал қамын бір кісідей білемін десем артық айтқандық болмас. Бұл бағытта алаулатып-жалау­лататындай ештеңе бүлініп қалған жоқ. Елбасы Н.Назарбаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақ­станның ауылшаруашылық жерлерін шетел азаматтарына, компанияларына сату туралы мәселе жоқ екенін, талқыланбайтынын қадап тұрып айтты ғой. Онда жерді бұрыннан пайдаланып келе жатқан шаруа қожалықтары немесе жауапкершілігі шектеулігі серіктестіктер өз жерлерін оның кадастрлық құнының 50 пайызы мөлшеріндегі бағаға 10 жыл бойына бөліп төлеу шартымен сатып ала алатыны, олар сонымен қатар, жерді жалға алуды әрі қарай жалғастыру құқығына да ие екені көрсетілген. Жеме-жемге келгенде таңдау бар, жеңілдіктер қарастырылған. Бұны шындығында ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшікке жер алу мүмкіндігін ашу деп түсіну дұрыс. Елбасының жердің иесі болуы керек деген уәжіне көңіл қоямын. Қашанда тегін нәрсенің олжа заттай көрінетіні шындық. Жерді алып, пайдаланбай жүргендер баршылық. Жермен тікелей айналыспай, тиіп-қашып жұмыс істейтіндердің зиянын біз тартамыз. Олар қуаңшылықты жылдары жерге егіс екпейді. Сондай-ақ, еге қалғанда да агротехникалық шараларды сақтамайды, тыңайтқыш енгізбейді. Біз жоғары агротехникалық технологияны сақтап, жыл сайын жерімізді күтіп-баптап, құнарын кемітпеуге тырысамыз. Көктемде тұқымды сеуіп, күзде мол астыққа кенеліп, пайда көрсем деу құр әурешілік екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Жер азады, өнімділігі азаяды. Біздің өңірде үш-төрт жыл қатарынан қуаңшылықты болатын кездер де кездеседі. Бос жатқан жерге арамшөп қаптап, қапталдас жатқан біздің алқаптарымызды бүлдіреді. Жер халықтың басты байлығы, оны рәсуа етуге ешкімнің құқы жоқ. Өткен жылы облыста 407,8 мың гектар жердің өз мақсаты бойынша пайдаланылмай отырғаны анықталып, олар мемлекет меншігіне кері қайтарылған. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқ­санының өзінде мұндай 167 мың гектар жер анықталып отыр екен. Сіз «Степное» ЖШС-ні басқар­ғаныңызбен, сол өңірдегі «Қосестек-Агро», «Қайрақты» ЖШС-лерінің де құрылтайшысысыз ғой. Жал­пы, осы үш шаруашылықта қанша гектар жер бар? Оларды қанша­лықты тиімді пайдаланып отырсыз? – Біздің үш серіктестікте 80 мың гектардай ауылшаруашылық жер бар. Соның 60 мың гектары егіншілікке жарамды алқап болып табылады. Қазіргі таңда 35-40 мың гектарына егіс саламыз. Қалған жерлерге әртүрлі дақылдар егіп, тыңайтамыз, пар көтереміз дегендей. Одан қалғаны малға жайылым, шабындық болып келеді. Егістік алқаптарында барлық агротехникалық талаптарды сақтаймыз. Қазір елімізде тыңатқыш шығаратын кәсіпорындар көбейіп келеді. Сондай-ақ, отандық тыңайтқыштарды жеңілдікпен беру жолға қойылды. Шаруашылықтардағы жерлерді банкротқа ұшыраған, техни­калық базасы жоқ шаруа қожал­ық­тарынан қосып алдық. Ауданда әлі де пайдаланылмай бос жатқан жерлер бар. Мұның өзі жердің иесі болмаса тиімділік бермейтінін аңғартады. Олардың иелері қалада тұрады, жерді күтіп-баптауға енжар, аяқ астынан пайда табуға құмар. Ол үшін жермен етене жұмыс істеу керек. Сонда ғана жер-ана игілігін көрсетеді. Әйтпесе, жердің нәрін сығып алып, аздыру етек алып барады. Сондықтан жердің нақты иесі болуы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жинаған астығымызды өзіміздің элеваторымызда сақтап, бидай өндіреміз. Қаладағы «Атамекен» нан зауытында нан-бөлке өнімдерінің 40-тан астам түрін шығарамыз. Шаруашылықтарда 2,5 мың ірі қара, 2200 мың қой, 800 жылқы ұстаймыз. Өзіміздің шағын мал сою цехында ет-шұжық өнімдерінің 30-ға жуық түрін өндіреміз. Біздің серіктестіктер мен өңдеу өндірістерімізде 1 мыңға жуық адам еңбек етеді. Осының бәрі жерді тиімді пайдаланудың арқа­сында мүмкін болуда. Жердің біз­дің асыраушымыз екенін осыдан-ақ көруге болады. Бұл жөнінен Елба­сының Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий жариялауы орынды. Халықтың ойымен санасқан­нан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының «Халықа ұнамайтын заңға зәру емеспіз» деуі де сондықтан. Біз Жер кодексіне байланысты байламды ойларымызды ортаға салып, ұсыныс-пікірімізді білдіруіміз керек. Олардың барлығы елдік мүдде тұрғысынан айтылуы тиіс, әрине. Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы