20 Мамыр, 2016

Атырауда дизель отынын заңсыз тасымалдаушы ұсталды

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
20-05-16-diselАТЫРАУ. 20 мамыр. Атырау облысында мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау дерегі анықталды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. «Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі мен жергілікті полицияның бірлескен жедел-іздестіру шаралары барысында Атырау-Доссор трассасында «Қарабатан» уақытша бекетінде Daf Te 105Xf маркалы тіркемелі автомашина тоқтатылды. Аталған автомашина тексеріліп, тіркемесінде 26 дана арнайы пластикалық ыдыстарға құйылған шамамен 26 000 литр сұйықтық анықталған. Жүктің ілеспе құжаттары бойынша аталған ыдыстарда «Этиленглеколь» химиялық заты деп жазылған. Жүк жөнелтуші ретінде Granit жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көрсетілген. Бірақ, көрсетілген ыдыстарды ашқанда мұнай өнімінің (дизель жанармайы) иісі бар майлы сұйықтық анықталды. Осыған орай мән-жайды анықтағанша тіркемелі автокөлік құралы арнайы тұраққа қойылды. Ал аталған жайт бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қыметі Қылмыстық кодекстің 197-бабының 1-тармағымен (Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ, мұнайды қайта өңдеу) сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында Granit серіктестігі тіркелмегені белгілі болды. Демек, жайт бойынша жалған құжаттар жасау қылмысының белгілері бар. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында көрсетілген жүктен үлгілер алынып, сараптама жүргізу үшін «АтМӨЗ» мамандары тартылды. Алдын ала берілген қорытындыға қарағанда, тіркемелі көліктегі пластикалық ыдыстардағы сұйықтық «дизель жанармайы» болып табылады. Қылмыстық істі тергеу жалғастырылуда. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі. Фото: today.kz.