Мәселенің мәнісі
Қара бастың қамын көздеген саудагер-делдалдардың ашкөздігі мен жауапты лауазым иелері тарапынан қатаң бақылау жоқтығынан орын алып отыр.
Ел өңірлеріндегі бағаның дүркін-дүркін өсуі Солтүстік Қазақстан облысын да айналып өткен жоқ. Жайшылықта қара халыққа қымбатшылықтың қыр-сырын түсіндіргенде қырық сылтауын алға тосатын және қалыптасқан жағдайды жуып-шайып көрсететін ведомоство жетекшілері облыс басшысы Серік Біләловтің төрағалығымен бағаны тежеуге байланысты шұғыл өткізген кеңесте өз кінәларын мойындаған болуы керек, еш уәж айта алмаған күйі үн-түнсіз қалды. Өйткені, Серік Сұлтанғазыұлы жұртшылық көп тұтынатын азық-түлік өнімдері мен тағамдардың және көкөніс түрлерінің бөлшек саудадағы қымбаттау себептерін егжей-тегжейлі сұрастырып, талайлардың қызаруына тура келді. Қарақұмық жармасы, бидай ұны, қант, сүт өнімдерінің бағалары өскен. Ал, картоп пен көкөніс аспандап кеткен. Мәселен, картоп мол өсетін қаратопырақты өңірде «екінші нан» 1,5 есе қымбаттап, 200 теңгеге дейін жетуін ешнәрсемен ақтауға болмайды. «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің «Қызылжар» коммуналдық базарына әр килосын 55 теңгеден жеткізген картобы бөлшек саудада 1,5 есеге артып кеткенін құзырлы орындар көре-біле тұра шара қолдануға қауқарсыз болған. Қызылша – 43, капуста – 41, сәбіз – 21, пияз 17 пайызға көтерілген. Қадағалаушы органдар мен базарлардың әкімгерлері көтерме және бөлшек сауда арасындағы айырмашылық 20 пайыздан аспауы тиіс екендігін білгенімен, олқылыққа көз жұма қараған. «Қызылжар», «Южный» коммуналдық базарларындағы қымбатшылық та жалына қол апартпайды. Аймақ басшысы жиында мынандай сорақы фактілер келтірді. Ірі қара малдың сан еттері ешбір құжатсыз базар сөрелерін айналып басқа жақтарға жөнелтіліп отырған. Осының өзі-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты аумақтық инспекция, ауыл шаруашылығы басқармасы жұмысының сын көтермейтінін аңғартады. Сол сияқты сүт және жұмыртқа өндіретін шаруашылықтар мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыны місе тұтпай бағаны жарыса көтерген. Облыс осы өнімдер бойынша республикада бірінші орын алатынына қарамастан, сырттан тасуы қалай деген орынды сұрақ туады. Соның салдарынан жұмыртқаның он данасы 200 теңгеге дейін жеткен. Талдау көрсетіп отырғандай, өнімдер сыртқа арзан бағаға жөнелтіліп, қымбат бағаға әкелініп жүр.
Күзде жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін қолжетімді бағаға өткізе алмай, үлкен сергелдеңге түсетіні ешкімге құпия емес. Оның ақыры ойдан-қырдан ағылған делдалдарға арзан бағауға ұстатып жіберуге соқтырады. Осының зардабын енді облыс тұрғындары тартып отыр. Шамасы, мүдделі ұйымдар «жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла» деген нақылды естерінен шығарып алғанға ұқсайды. Әйтпесе, облыс картоп, сәбіз секілді өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ететін аймаққа жатады. Жиында нан және нан өнімдерінің бағасы сақталып отырғаны атап көрсетілді. Дұрыс-ақ. Ал, «Сұлтан» АҚ макарон өнімдерін қымбаттатып жіберген. Былайша айтқанда, бидайдан жасалатын тағамдардың бірінің бағасы өскен, екіншісі бұрынғы күйінде қалған. Қайсысы қисынды? Базарларда, дүкендерде шошқа, құс еттерінің бағалары бірқалыпты. Енді сиыр етін сатып алуға екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Осындай кереғарлықтың бір себебін қадағалау орындары тарапынан бақылаудың босаңсығанынан іздеген ләзім. Оның үстіне базар басшылары мен әкімгерлер халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілік міндетін ұмытқан тәрізді.
Бағаны жөн-жосықсыз өсіруге мүдделі делдал-саудагерлер жайлы әңгіме бөлек. Олардың тек қана баюды ойлаған өлермендігі негізінен оңтүстік аймақтардан жеткізілетін көкөніс пен жеміс-жидекке қатысты жиі айтылады. Сауда-саттықпен көбіне жеке адамдар айналысатындықтан, әрқайсысымен келісім-шарт жасау қиын. Екіншіден, ол өңірлерден жеткізілетін өнімдерді базар басшылары көтерме бағамен сатып алып, өз үстемелерін қосатыны, тіпті Ресей асырып жіберетіні жасырын емес. Өнімдер тұтынушыларға жеткенше баға бірнеше рет үстемеленеді. Сондықтан тікелей тасымалдау жайын жүйелі ұйымдастырмайынша іс түзелмейді. Міне, тиісті орындардан қатаң бақылаудың орнамағанын саудагерлер мен делдалдар, базар басшылары осылайша шебер пайдалана біледі.
Кеңесте облыс әкімі ірі шаруашылық-кәсіпорындармен меморандум жасау, өнімдерді тікелей тасымалдау ісін жолға қою, кәсіпорын және базар басшыларының жауапкершілігін арттыру міндеттерін белгілеп, қолжетімді бағаны қалыптастырудың, қымбатшылықты тежеудің басқа да шараларын атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.