байлыққа да, бақытқа да орын табылады
Өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Болат Бақауов облыс орталығындағы «Қазақстан Алюминийі» АҚ-та болды. Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен «Жұмысшы жастар кеңесінің» жиынына өңірдегі өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген 200-ден астам жас қатысты.
Кездесу барысында Г.Әбдіқалықова мен Б.Бақауовқа «Қазақстан электролиз зауытында» шығарылған павлодарлық алюминий құймасы сыйға тартылды. Бұл күндері өңірдегі өндіріс орындарында 35 жасқа дейінгі 56 мың жас жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етуде. Мысалы, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС инженері Данияр Күшеновтің айтуынша, өндіріс орындарына келген жастар білімдері мен біліктіліктерін де шыңдауда. Және де қазіргі талапқа сай жастар өндірісте жаңа технологиялық құрылғы, қондырғылармен жұмыс жасап, алдағы уақытта кәсіпорынды жаңғыртуға үлес қосады.
Г.Әбдіқалықова елімізде жүзеге асырылып жатқан жастар саясаты мәселесіне тоқталды. Еліміздің барлық облыстарында 17 жұмысшы жастар кеңесі бар. Барлық кәсіпорында жастардың білім алып, біліктілігін арттыруы үшін шаралар қабылданады. Павлодар облысының 45-ке жуық жоғары және орта кәсіптік, коллеждерінде дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Енді алдағы жылдардан бастап барлық жастар үшін кәсіптік-техникалық білім алу тегін болады. Соңғы кездері елімізде 2,4 млрд. доллар колледж студенттерін оқытуға жұмсалған. Адам капиталын дамыту міндеті қойылып, білім беру, денсаулық сақтау және жастардың әлеуметтік қорғалуына баса назар аударылып отыр, деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар, кездесуде Г.Әбдіқалықова жастарға елдегі жастар саясаты туралы заң мен қазақстандық жастарға білім алуға, жұмыс істеуге, біліктіліктерін арттыруға, білім алудағы әлеуметтік пакеттер мен жеңілдіктерді пайдалануға жол ашатын өзге құжаттар жайлы баяндады. Ал зауыт жастар кеңесінің басшысы Оксана Паршукованың айтуынша, кәсіпорында құрамында 23 жас бар кеңес жұмыс жасайды. Біздің кәсіпорын облыс орталығындағы Ворушин атындағы саябақты қамқорлыққа алған. Биыл 300-дей кәсіпорынның жас жұмысшылары саябақты қалпына келтіру, тазалау жұмыстарына қатысты.
Зауытта 2500-дей жас маман еңбек етеді. Оларға жастар қоғамдық кеңесі тарапынан қолдау көрсетіліп, қажетті әлеуметтік жағдайларына назар аударылады, деді О.Паршукова.
Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова облыстағы «Іскер әйелдер қауымдастығымен» де кездесті. Жалпы, облыста 148 ауылдың 25-ін әйел басқарады. Соңғы жылдарда облысымызда түрлі саланы басқарып отырған әйелдер қауымының саны артқан. Мысалы, 22 облыстық басқарманың бесеуін әйелдер басқарады. Ал басқармалар басшыларының орынбасарлары арасында олардың саны – 9. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы биліктің барлық мемлекеттік қызметкерлерінің 73,3 пайызы әйелдер, деді кездесуде облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев.
Ал, ең бастысы, әйел-аналардың денсаулығын сақтау үшін олардың скринингтен өтуіне 84 миллион тенге бөлінген. Бұл туралы Г.Әбдіқалықованың өңірдегі әйелдер қауымының өкілдерімен кездесуі барысында №2 перзентхананың бас дәрігері Айман Оспанова мәлім етті. Яғни, скринингтік тексерудің нәтижесінде әйелдер арасында жаңадан пайда болған қатерлі ісіктің төмендеуі байқалады. Сүт безінің қатерлі ісігі 2,1 пайызға және жатыр мойны қатерлі ісігі 0,5 пайызға азайған. Облыс емдеу орындарында 10 маммографиялық кабинет жұмыс жасайды.
Түстен кейін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Қоғамдық келісім» сарайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» күн тәртібімен ХХІІ сессиясы өтті. Сессияны кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Болат Бақауов:
– Бүгін біз Мемлекеттік хатшы Гүлшара Наушақызының қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясына жиналып отырмыз. Сессия жұмысына облыстық Ассамблея мүшелері, қалалар мен аудандардың этномәдени бірлестіктер өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардан өкілдер қатысып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген басым бағыттарды орындау, еліміздің экономикасын дамыту, Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін бірлік, татулық ауадай қажет, – деді.
Елбасының ортақ мүддеге жұмылдырған татулық, ынтымақтастық, берік достықты сақтау саясаты ел ішінде қолдау тапты. Бұл күндері Отан, тәуелсіздік, тұрақтылық, тұрақты даму деген ұғымдар әрбір қазақстандықтың жүрек-жадынан берік орын алған. Бұл күндері «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, 18 этномәдени бірлестік, Ассамблеяның жастар бірлестігі, ұлттық өркендеу мектебі, 9 қалалық ұлттық мәдени бірлестік, 30-ға жуық аудан, ауылдарда филиалдары, жастардың 14 ұлттық бірлестігі жұмыс істейді. 1996 жылы ашылған ұлттық «Жаңғыру» мектебінде қазір 17 ұлттың ұл-қыздары, атап айтқанда, 600-ге жуық оқушы өздерінің ана тілдерін, салт-дәстүрлерін, тарихын оқып-үйренуде.
Г.Әбдіқалықова облыста жасалып жатқан игі шараларға оң бағасын берді. Құрметті жиналған қауым! Алдымен павлодарлықтардың өткен жылы атқарған жұмыстары үшін алғысымды білдіргім келіп отыр. Осы атқарылған істердің барлығы да ел бірлігінің озық үлгісі болып табылады, деді ол.
Сессия барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің басшысы Михаил Парипс сайланды. Шара соңында «Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» директоры Виктор Денисенко мен «Қазақстан корейлері қауымдастығы» облыстық филиалының басшысы Руслан Тян Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театрында өткен мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік шараларға қатысты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Суретті түсірген
Валерий БУГАЕВ