21 Мамыр, 2016

Өрісті кеңейтер өзара ықпалдастық

348 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
20-05-02.Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Сенегал Республикасының Президенті Маки Саллмен кездесті Тараптар кездесу барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық сала­лардағы екіжақты ынты­мақ­тастықтың кең ауқымды мәсе­лелерін, сондай-ақ өзара мүд­делілік туғызып отырған халық­аралық және өңірлік сипат­тағы жағдаяттарды кеңінен талқылады. Қазақстан Президенті Африка құрлығы­ның батыс аймағынан келген көшбасшы­ның елімізге алғашқы сапары үшін ризашы­лық білдірді. «Мемлекеттеріміз арасында өзара толық түсіністік бар. Қазақстан мұсыл­ман үмбетінің бір бөлшегі болып санала­тын­дықтан, қазіргідей күрделі уақытта талқылап, пікір алма­сатын мәселелер жоқ емес. Жал­пы, біздің ел Сенегалмен бар­­лық бағытта – саясатта да, эконо­микада да ынтымақтастыққа әзір. Сіздің республи­каңыз Афри­кадағы маңызды мемлекет және онымен ынтымақтасу біз үшін зор мәртебе», – деді Қазақ­стан басшысы. М.Салл Қазақстанға келуге шақырғаны үшін алғыс айтып, бұл сапар екі елдің арасындағы байланыстарды жолға қою­ға мүмкіндік береді деп үміт­тенетінін жеткізді. «Сіздің Орталық Азиядағы және одан сыртқы әлемдегі көшбасшылығыңызға тәнтімін. Сіздің дипломатиялық, саяси және экономикалық қызметіңіз осы өңірден тысқары жерлерді де қамтып отыр. Астана Сіздің бүкіл әлемде құрметке ие болған асқан жасампаздық қасиеттеріңіздің көрі­нісі болып саналады. Мен өз атым­нан бүкіл Африканың Қазақстанмен ынты­мақ­тастықты қалайтынын айтқым келеді. Қазір біздің құрлыққа бүкіл әлем қызығушылық танытуда. Біз сіздерге серіктес ретінде ынтымақтастықты жолға қою үшін келдік», – деді Сенегал Президенті. Кездесуден кейін екі ел прези­денттері бірлескен мәлім­деме жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте Сенегал Рес­публикасының Прези­денті Маки Саллдың елімізге жаса­ған алғашқы сапары бола­шақ ынты­мақ­тастыққа негіз қалай­тынын айтты. «Бұл – Сенегал Президентінің біз­дің елімізге тұңғыш сапары. Сон­дық­тан, кездесуіміз болашақ қарым-қатын­а­сы­мыз­дың басы болып сана­ла­­ды. Африка құр­лығы елдерімен жақын­­д­ас­ты­ра түсетін бұл сапардың біздің ел ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін тарихи маңызы бар. Қазақстан мен Сене­гал кең ауқымды мәсе­лелер бо­йынша өзара тиімді іс-қимыл жасай алатынына сенім­дімін. Елдеріміз ұстанымдарының жақын­дығы бізге көпжақты құрылымдар аясында ынты­мақ­тасуға мүмкіндік береді. Біз Пре­зи­дент Саллмен биылғы қыр­күйекте Қытайда өтетін «Үлкен жиырмалықтың» кезекті саммитінде кездесетін боламыз. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақ­станның кандидатурасын қолдағаны үшін Сенегалға ризашылығымызды білдіреміз», – деді Қазақстан басшысы. Елбасы еліміздің БҰҰ аясын­да халық­аралық терроризмге және экстре­мизмге қарсы іс-қи­мыл жөніндегі бірыңғай жаһан­дық желі құру туралы идеясын Сенегал Президенті қолдағанын мәлімдеді. «Мұсылман қоғамдастығының мүшесі болғандықтан, біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясын­да өзара ықпалдасуға уағдалас­тық. Бұл, соның ішінде Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымының ғы­лым және технология жөніндегі саммитін 2017 жылы Астанада өткізу, «Ислам инфрақұрылымдық ықпалдастығы» жобасы туралы қазақстандық бастамаларға да қатысты. Сенегал жағы штаб-пәтері Астанада орналасатын Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйы­мын құру жөніндегі біздің ұсы­ны­сы­мыз­ды қолдайды. Келіссөздер барысында біз мұсылман елдерінің бірлігін сақтау тақырыбын да қозғадық. Ислам әлеміндегі тату­ластық мәселесі үлкен мәнге ие. Мен Сенегал тарапын 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға шақырдым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы келіс­сөз­дер бары­сында сауда-эконо­микалық ынтымақ­тастық мә­се­лелеріне айрықша көңіл бөлін­генін айтты. «Біздің өзара іс-қимы­лы­мыз­дың осы тұсы гео­гра­фия­лық қа­шықтыққа, көлік ло­гисти­ка­сының жолға қойы­л­мауы­на байланысты қазіргі кезде жоғары деңгейде емес. Бұл ретте энергетика, ауыл шаруашылығы және ислам бан­кингі сала­лары әлеуетті ынты­мақтастық бағыттары ретінде айқындалды. Сенегал жағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­сады деп үміттенеміз. Біз өзара іс-қимылды мәде­ниет, білім және спорт салаларында да кеңей­туге уағдаластық. Қазақстан фут­бол клуб­тарында сенегалдық спорт­шылар сәтті өнер көрсетіп жүргені де мәлім», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев мил­лиардтан астам адам өмір сүріп жатқан Африка құрлығында айтарлықтай табиғи ресурс­тар шоғырланғанына назар аударды. «Бұл құрлық қарқынды да­ми­­тын болады, XXI ғасырда оның болашағы зор болады деп ойлай­мын. Қазақстан мүмкін­дігін­ше уақ­тылы жол салып, Африка ел­дері­мен ынтымақтастық ая­сын кеңейтуі керек. Осы орай­лы сәтті пайдалана отырып, Сене­гал Президентін және достас сене­гал халқын алда келе жатқан Африка күнімен құттықтаймын. Сенегалдың және құрлықтың бар­лық елдерінің бұдан әрі өсіп-өр­кендеп, игілікке жетуіне тілек­теспін», – деді Қазақстан басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Сенегал Президентіне мазмұнды, ілтипатты және жемісті диалог үшін ризашылық білдіріп, қол жеткізілген уағдаластықтар барлық бағыттағы екіжақты өзара ықпалдастықты тереңдете түсуге септігін тигізетініне сенімді екенін жеткізді. Ал өз кезегінде Маки Салл біздің елдің жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жұмсап отырған күш-жігерін Сенегал жағы жоғары бағалайтынын айтты. «Астана келбетінен Қазақ­станның даму саясаты айшықты көрініс тапқан. Әлемді ілгерілету және өзіңіз ұсынған бастамалар­ды жүзеге асыру аясында Сіз­дің елі­ңіз­дің өңірдегі және одан тыс­қары жерлердегі рөліне тәнті екенімді жеткізгім келеді. Сон­дай-ақ, біз конфессияаралық үн­қатысу, халықаралық терро­ризм мен экстремизмге қарсы әре­кет ету жөніндегі Сіздің бастама­ңыз­ды толық қолдаймыз», – деді Сенегал Президенті. Сондай-ақ, М.Салл тау-кен өнер­кәсібін, жоғары тех­­но­­ло­гия­­лық са­лалар мен ауыл ша­руа­­­­­шы­­лы­­ғын дамыту ісіндегі Қазақ­­­­стан­­ның тәжірибесін Сенегал жағы қол­­дану ниетінде екенін атап өт­ті. Бұған қоса, М.Салл біздің елді ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құ­қы­ғын жеңіп алуымен құт­тық­­тап, Сенегалдың оған қаты­саты­нын айтты. Одан әрі ол екі рес­пуб­ликаның халықаралық сипа­ттағы мәселелерге қатысты көз­қарасының ұқсастығына назар аудара келіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2016-2017 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Сене­гал­дың кандидатурасын Қазақстанның қолдағанын жеткізді. Сөзінің соңында М.Салл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ынтымақтастықты бұдан әрі нығайта түсу үшін Сенегалға сапар­мен келуге шақырды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ