«Ел іші – өнер кеніші» дегеніміз рас. Іздей берсең, інжу-маржан табылып жататынына да қанықпыз. Соның бір мысалын Ақмола облысының Шортанды ауылында тұратын Бектас Кәрімге қаратып айтуға болады.
Бектас бауырымыз ерекше суретші болып шықты. Оның басқалардан айырмашылығы, артықшылығы десек те болар, кәдімгі малдың сүйегінен қолөнер бұйымдарын жасайды.
Жалпы, сүйектен өнер туындысын тудыру ертеден бар. Бірақ, Бектас Кәрімнің айтуынша, Қазақстанда мұндай бастаманы ол бір кездегі атақты қолөнер шебері Дәркенбай Шоқпарұлынан кейін екінші болып қолға алып отыр. Себебі, басқа суретшілер мен мүсіншілер сүйекті толығымен, яғни оны қаз-қалпында бір композицияға арнайды екен. Ал Бектас сүйекті ойып, одан ғажайып бейнелер жасай береді.
Бүгінгі күні суретші аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп жүр. Онда өзінің арнайы мектебін де ашты. Отыз жылға жуық халық өнерін түрлендіруге үлес қосып келе жатқан Бектастың мектебінде он бала тәлім алуда.
– Негізгі мақсат – өз білгеніңді ұрпаққа үйрету. Өзіңнің сүйектен жасаған дүниелеріңді кім үйренем десе, кім сұраса, соның жолын ұқтырып, көрсетіп, игілікке жарату, – дейді шебер.
Сүйектен түйін түюден бөлек, суретші мұнда сахнаны әрлеу, шымылдықты түрлендіру, киімдер үлгісін жасаумен де айналысады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы