Голландияда картон үйлер салынатын болды
Жақын арада Нидерланд елі қатты қағаздан үйлер салуға кіріскелі отыр.
Мұндай нысандар биіктігі 1,2 метр, салмағы 0,5 тонна келетін картондардан тұрғызылмақшы. Әрбір модуль қатты қағаздың экологиялық желіммен бекітілген 24 қаттамасынан құралады. Үй кез келген жерге апарып құрастыра беруге ыңғайлы көрінеді.
Израиль азаматы кімді сотқа берді дейсіз ғой
Израильде тұратын бір кісі Хайфа қалалық сотына Құдайдың үстінен шағым түсірді.
Талап-арыз беруші Жаратқанның соңғы уақыттары өзіне тым әділетсіз қарап жүргеніне қапалы екенін білдіреді. Алайда, мұның жай-жапсарын ашып айта қоймапты. Отырыс хаттамасында Құдайдың жауапкер ретінде сот процесіне келмегені атап көрсетілген. Судья сонымен бірге шағымданушыға «бұл мәселе жөнінде басқа жаққа барып арыздануға» кеңес беріпті.
Британия қызы той алдында 72 кило салмақ тастады
Британиялық 26 жастағы бойжеткен өзінің үйлену тойы қарсаңында 72 кило салмақ тастап, сыптай болып шыға келді.
Әлеуметтік желіге осыны дәлелдейтін суреттер салған Мишель Пардо есімді қыз шектен тыс толықтығына байланысты «Тонна тәтей» деген лақап ат алған екен. Ол күндердің күнінде бір жігітті кездестіріп, соған өлердей ғашық болады. Осыдан бастап Мишельдің өміріне өзгеріс енеді. Ол залалды тағамдарды жеуді тоқтатып, саламатты өмір салтына көшеді. Спортпен шұғылдана бастайды. Нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде 72 килограмм салмақ тастайды.
Қытайда Карл Маркс туралы рэп хитқа айналды
Аспанасты елдінде қазір рэп стилінде шығарылған неміс философы Карл Маркс туралы ән нағыз хит болып тұр.
Әуенді 90-жылдардан кейін туған жас ұрпақ өкілдері жазған екен. Ол марксизм негізін қалаушыға арналған «Маркс сенімнен табылып тұр» деген телехабардағы 9 саундтректің бірі болған. Мини-сериалдың клипі жарыққа шыққан бойда бірден Қытай интернетін жаулап алады. Оны санаулы ғана сағаттарда әлденеше мыңдаған адам тыңдап үлгереді.
Италияда өткір иісі жоқ сарымсақ шығарылды
Пиреней түбегінде тұратын жұртшылық жақын күндерден бері өздерінің дәстүрлі ас мәзірлерінде өткір иісі жоқ сарымсақтарды қолдана бастады.
Тоскана қаласында тұратын Алессандро Гуанни мен Лоренцо Бьянки есімді инженерлер бұл өсімдіктің адам тамағында жағымсыз иісі тұрып қалмайтын жаңа түрін ойлап тапты. Өнертапқыштар оны «сүйісуге кедергі келтірмейтін сарымсақ» деп атап отыр. Оның альоне сұрыпты басқа сарымсақтардан дәмі мен жұпар иісі жағынан еш айырмасы жоқ. Селекционерлер мұның бұдан 50 жыл бұрын жоғалып кеткен түрді қайта жаңғырту жолымен жасалғанын да мойындады.
New York Times өз оқырмандарына тамақ тасиды
Америкадағы New York Times атты атақты газеттің қожайыны болып табылатын компания осындай тұжырымға тоқталды.
Басылым вице-президенті Элис Тинг мырза газет оқырмандарының көп уақыты үйде ауқат әзірлеуге кететінін айтады. Сондықтан, редакция оларды осы толассыз абыр-сабырдан құтқаруға шешім қабылдапты. Сөйтіп, басылым енді жұрттың тапсырыстары бойынша үйлерге тамақ тасып беруді де қолға алғалы отыр.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары
негізінде дайындалды