Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің қатысуымен «Электр энергетикасы инфрақұрылымын қалыптастыру – Қазақстан Республикасы экономикасының тұрақты дамуының маңызды факторы» тақырыбында брифинг өтті.
Компания басшысы өткен жылы «KEGOC» АҚ жүйелік оператор ретінде еліміздің біртұтас электр энергетикасы жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз еткенін хабарлады. Сонымен қатар, осыдан бір жыл бұрын аталған компанияның өңіраралық деңгейдегі желілер арқылы электр энергиясын жеткізу қызметінің көлемі 37,9 млрд.кВт/сағ. құрағанын атап өтті.
Белгілі болғандай, 2015 жылы электр энергиясын желіге босату мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру қызметінің көлемі 82,8 млрд.кВт/сағ. және электр энергиясын өндіру – тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру қызметі 157 млрд.кВт/сағ. құраған. Елбасының Жарлығымен бекітілген еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, күн мен жел электр стансаларының электр энергиясын өндірудің жалпы көрсеткішіндегі үлесін 2020 жылы 3 пайызға және 2030 жылы 10 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті. Осы ретте ол «KEGOC» АҚ күн мен жел электр стансалары өндіретін барлық электр энергиясын бір орталықтан сатып алатын «ЖЭК қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС-ні құрғанын тілге тиек етті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаржы-есеп айырысу орталығы жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгені құрайтын 200 млн. кВт/сағ.-тан астам «жасыл» энергия сатып алған. Ал биыл аталған көрсеткіштерді екі есеге арттыру жоспарлануда.
Брифинг барысында жұмыс істеп тұрған энергия нысандарын жаңғырту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды атап өткен компания басшысы алғашқы бағыттағы жұмыс шеңберінде 2000 жылдан бастап KEGOC аса ауқымды «Ұлттық электр тораптарын жаңғырту» және «ҰЭТ-ні жаңғырту, II-кезең» жобаларын жүзеге асырды, нәтижесінде, энергия жүйесінің тиімді және орнықты жұмысы қамтамасыз етіліп, қосалқы стансалардың жабдықтарындағы технологиялық ақаулардың саны 4 есеге азайды, тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасы жақсарды, деді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта KEGOC Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде KEGOC тарихындағы ең ауқымды «500 кВ-лық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік ӘЖ транзитін салу» жобасын іске асыруда. Жобаның бірінші кезеңі бойынша «500 кВ-лық Екібастұз – Семей – Өскемен ӘЖ-ін» салу жұмыстары күн тәртібінде тұр. Аталған желіні іске қосу «Солтүстік-Шығыс» бағытындағы желілердің өткізу қабілетін айтарлықтай арттырады. Шығыс Қазақстан облысының тұтынушылары тікелей Қазақстанның электр энергиясымен қамтамасыз етілетін болады, қазіргі уақыттағыдай Ресей аумағы арқылы өтетін бүгінде пайдаланылып отырған транзиттік желілердің жай-күйіне тәуелді болмайды.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»