21 Мамыр, 2016

Атқарылған іс аз емес

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Арыстанбек МұхамедиұлыКеше Мәдениет және спорт министрлігінде Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы болып өтті. Басқосу барысында мәдениет пен спорт саласындағы жеткен жетістіктер сараланып, кеткен кемшіліктер де назардан тыс қалмады. «Бүгін осында жиналып отырған мәдениет және спорт саласындағы қоғамдық кеңес мүшелерін, сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерін көріп отырғаныма қуаныштымын. Биыл біз «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға сәйкес жыл сайын өткізілетін осы есепті кездесуге жиналып отырмыз. Алдымен, министрліктің өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындыларымен таныс­тырып өтсем. 2015 жылы біз Елба­сының бастамасымен инсти­туттық реформалардың жаңа жолына түстік. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан елінің бірегейлігі мен бірлігін нығайтуға бағытталған реформалардың бас­ты үйлестірушілерінің бірі болды. Бұл бағыт бойынша қажетті заңнамалық базаны қалып­тас­тыруды қамтамасыз ете отырып, ауқымды жұмыстар атқар­дық. Атап айтқанда, министрлік 2015 жылы саланы жаңғыртуға бағытталған 19 нормативтік-құқықтық акті қабылдады. Мәдениет саласында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Өзгерістер материалдық емес мәдени мұра саласындағы ұлттық заңнамаларды үздік әлемдік тәжірибелерге, соның ішінде ЭЫДҰ-ға мүше-мемлекеттердің стандарттарымен сәйкестендіре отырып, жетілдіруге мүмкіндік берді. Музейлер мен кітапханалар қызметін реттейтін салалардың нормативтік-құқық­тық базаларын жетілдіруге бағыт­талған бірқатар түзетулер енгізілді. Заңның нормаларын іске асыру мақсатында 2015 жылы мәдениет және өнер салалары бойынша салалық көркемдік кеңестер құрылып, табысты қызмет етуде. Мәдени саясат тұжырымдамасына енгізілген өзгерістер мен толық­тырулардың шеңберінде мәдени-туристік кластерлерді одан әрі дамытуға ерекше мән берілді. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезіне арналған кешенді мәдени бағдарлама әзірленді. Спорт саласында біз Елбасының Жарлығымен бекітілген, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледік. Жобаның жаңалығы өңірлік спорт қауымдастықтарын қолдауды күшейту, спортты экономика саласы және халықты әлеуметтік қамсыздандырудың маңызды факторы ретінде дамыту болып табылады. Жалпы алғанда, министрліктің институттық ре­формалардың шеңберінде іске асырып жатқан барлық жобалары елімізді дамыту үшін бар әлеуетімізді тиімді қолдану мен бәсекелестікті арттыруға бағыт­талған», деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлы. Келелі кеңеске төрағалық жа­саған белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те өз ойларын ортаға салды. Ол бүгінгі ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне мән беріп, бірқатар өзекті жағдайларға тоқталды. Экрандағы ерсі бейнелерге, жосықсыз каналдарға қадағалау жасау керектігін қадап айтты. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»