Таланттыны танып, өнерліні өрге шығаруда «Жас қанат» жобасының алар орны айрықша екені айтпаса да айқын. Қазіргі қазақ сахнасындағы жарық жұлдыздардың жолын ашып, ән әлеміндегі өнер майталмандарының бастау баспалдағы болған да осы жарыс десек, жаңылыспайтын шығармыз. Тәуелсіз елімізбен түйдей құрдас бұл байқаудың биылғы жаңалығы да жетерлік, мақсаттары да маңызды. Сахна саңлақтарын сараптайтын сайыстың шымылдығы кеше түрілді. Сайдың тасындай іріктелген қатысушылардың да қарқыны қатты дейді ұйымдастырушылар. Биылғы үміткерлердің арасында, «Үш жүз» тобы (Қарағанды), Нұрислам Қамитбеков (Жезқазған), Қаршыға Ильтанов (Семей), Парасат Отан (Семей), Айберген Болатхан (Талдықорған), Ақжол Сапаралы (Алматы), Әдемі Қоңыратбай (Алматы), Ернар Дүйсеев (Ақтөбе), Жалғас Сұлтанов (Астана), Айбек Дәулетқалиев (Орал), Лаура Таусарова (Ақтөбе), Айзада Әлімбекова (Шымкент), Малика Ахметжанова (Өскемен), Нұржан Оразов (Ақтөбе) сынды жүзден жүйрік шыққан жас дарындар бар.
Өзінің қалаған өнерпазына қолдау көрсетуге келген көрерменнің де қарасы қалың. Үш күн бұрын суырылған жеребе бойынша сахна төріне алғаш болып «Үш жүз» тобы көтерілді. Белгісіз топтың орындауындағы «Белгісіз жан» әні сәтті шықты деуге болады. Оған көрерменнің қол соғып, қосыла орындауы дәлел.
«Жас қанаттың» алғашқы жеңімпаздары Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Мадина Сәдуақасова сияқты белгілі өнер жұлдыздарынан құралған қазылар алқасы үш күн бойы үміткерлердің талабын тамашалап, бағасын береді. Айта кететін тағы бір жайт, сайыс 22 мамыр күні қорытындыланып, «Жас қанаттың» жаңа жеңімпазы анықталады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Сұлтан СЕЙІТ