21 Мамыр, 2016

Сырлы туынды сыйға тартылды

350 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
акмарал 1«Астана Балет» театрының қойылымдары мен үздік хореографиялық миниатюраларын Алматы жұртшылығы қызыға тамашалады. Оңтүстік астанадағы мәдени сапар үш күнге созылды. Абай атындағы қазақ мемлекеттік ака­­­демиялық опера және балет театры сахнасында «Астана Ба­лет» өзінің тың туындыларын тарту етті. Би айшығы Алма­ты­ның мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Еске сала ке­тейік, балет ұжымы алғаш рет Ала­таудың бөктеріне осыдан екі жыл бұрын атбасын тіреген болатын. Осы аралықта театр ауыз толтырып айтарлықтай қандай жетістіктерге кенелді? «Мен олардың тамаша өнерін тамашалап, ғажайып әсерге бө­лендім. Біздің оқу орнын бітірген түлектердің осыншалық биікке самғап, белестерді бағындыруы маған  ерекше қанат бітірді. Күні кеше ғана сары уыз балапандай көрінген шәкірттеріміз аз ғана уақытта асқаралы шыңға қонып, қырандай қалықтаса, қалайша қуанбассың. Өтірік емес, кейде жастарға көңіліміз толмай жа­тады. Тіліміз батыңқырап ке­тетін кездер жоқ емес. Соған қарамастан, олардың бүгінгі жетістігіне куә болған мен нағыз өнер жұлдыздарының жарқырап шалқыған шағын көрдім,  – дейді Абай атындағы МАОБТ прима-балеринасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, А.Селезнев атындағы Мем­лекеттік хорео­­гра­фиялық училищенің оқы­тушысы, тәуелсіз «Тарлан» сый­лығының иегері Людмила Рудакова. – Олардың кәсіби жағынан шыңдалғаны қандай ғажап! Демек, мектептегі оқытушылардың, педагог-репе­титорлардың еңбектері зая кеткен жоқ. Жұрт әдетте театрды көңіл көтеріп қайтатын орын деп ойлайды. Ал оның ар жағында қандай өмір өтіп жатқанын он­ша жақсы бағамдай бермейді. Театр әуелі темірдей тәртіпке ба­ғынатынын мына қауым біле ме өзі? Өйткені, ішкі тәртіпке көп нәрсе байланысты. Содан соң, репетиторға. Мен кезінде осы қыздардың көпшілігімен жұмыс істедім. Балжан Нұрпейісованы, Назерке Ахметті, басқаларын да жақсы танимын. Училищеде мен классикалық мұра тәжірибесін өткізген болатынмын. Мұндағы 35 жыл, театрдағы 50 жыл ішінде өзім де көп биледім, көргенім де жетіп-артылады. Алайда, аз уа­­қыт ішінде кәсіби деңгейдің осыншалық артатынын алғаш рет көруім...». Театр тарихындағы бұл гас­­­­­­­­трольдік сапар ең жауапты сәт. Оның үстіне Алматыда ба­­лет өнерінің жанкүйерлері көп тұрады. Небір әйгілі мамандар, балетмейстерлер мен ұстаздар осында. Мұның өзі әр спектакльге тұшымды да­йындықты талап етеді. Сол се­бепті, мұны балет труппасының бір жағынан есеп беру кеші, екіншіден ұжымның өткен үлкен сынағы деуге толық негіз бар... Әдеттегідей Абай атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сах­насы ерекше құлпырып, бекзат өнер күйі шалқыды. Талай тар­­ландар табаны тиген киелі шаңырақтағы «Астана Балеттің» жарқыраған өнеріне жұртшылық ризашылықпен қол соқты. Үш күндік бағдарлама бірін-бірі қайталаған жоқ. Алматыда сырға толы туынды сыйға тартылды. Зал мен сахнаның салтана­ты жарасты. Екі қойылым – «Gaia» (Р.Амаранте хореография­сы, Х.Таварес музыкасы) мен «Әлем» (Н.Дмитриевский хорео­графиясы, А.Амар, Б.Гафаров музыкасы) спектакльдерінен үзінді көрсетілді. Бұл екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайды: плас­тикасы, хореографиялық тілі, кос­тюмдері мен музыкалық сипаты жағынан түрліше. Алғашқы сәттен-ақ би әлемінің ғажайып әсері толқыта жөнеледі. «Gaia» балеті көрерменді мінсіз хореографиясымен, экспрессивті музыкасымен, костюмімен, жалпы, спектакльдің қайталанбас нәзік стилистикасы арқылы баурады. «Поэтика мен нәзіктікке толы балет», – деп үн қатты шағын үзілісте жанкүйердің бірі. Табиғаттың таңғажайып құ­былысына елжірейсің. Жер мен су, от пен ауа, орман мен ор­та сияқты алуан бейнелерді бедерлеген періштелер пластикасы ғажап. Олар сондай нәзік! Со­ған қарамастан, сұмдық күш-қуатқа бай еді, шартарап олардан тараған шуақты күйге жылынады. Он алты балерина көрерменді әп-сәтте баурап әкетті.  Айшуақ сәтке бөленген Алатаудың ажарлы жүзі асқақ! Балеттің «Гауһар тасы» деуге әбден лайық туынды дерсің мұны. Оның бедерлі қырлары қиял құштырады, қа­зақ­­­стандық сахнада тым сирек кездесетін заманауи неоклассика сәулесіне қаныға қарап тұра бергің келеді. Бірінші күні «Әлем» балетінен үзінділер үлгі етілген еді. Сондағы тылсым ауан тұла бойды аңшы тұзағындай тұсап қойды. Жалпы, түркі тарихы тақырыбына көсіле көлбеудің өзі батыл қадам десек, ал тақырыптың бұлтсыз ас­пандай ашық та айқындығы өз алдына бөлек әңгіме. Мұнда сахналық шешімнің қайталанбас графикасы мен түрлі-түсті кос­тюмдерге, сылаң қаққан сұлу қыздың шолпысындай шоқтығы бөлек дыбыстарға, жарық пен көлеңкенің өзара жарыса алмасуымен бейнелер шоғырына,  т.т.  тап боласыз. «Әлем» үзінділері өте ғажап, – деп санайды А.Селезнев атын­дағы Алматы хореография учи­­­­лищесінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Ая Қалиева. – Бұл – тарихымыздың бас­тау бұлағы. Кемелдену мен то­лысудың көз алдымызда өт­кенін көрдік. Бірінші күнгі бағ­­­дарламаға жұртшылықтың ризашылығы шексіз. Мұндағы туындылар түрлі болғанымен, жал­пы бағдарламаның тұжырым­дамалық тұтастығы бірден бай­қалады». «Кармен» (М.Авахридің хореографиясы, Ж.Бизе-Р.Щед­риннің музыкасы) балеті кө­рерменді ерекше тебіренткені рас. Қойылым адам бойындағы құштарлық сезімін ой елегінен өткізеді. Залда ерекше бір ты­ныш­тық орнап, сол ықылас соңғы сәтке дейін мүлтіксіз сақ­талады. Әлсін-әлсін сезімге шалдыққан жандардың ішкі күйзелісі қылаң беріп қалғанмен,  іле-шала байырғы қалпы үйрен­шікті үнсіздікпен үйлесім табады. «Кармен» балеті ерекше энергетикасымен тартымды, эмоциялық әсерімен айшықты. Әр­тістер, балеттің қоюшысы Мукарам Авахри зор қошеметке бө­ленулі. Сахна гүл шоқтарына толды... «Астана Балет GALA» қоры­­­­тынды концертінің бағ­дар­­ламасына репертуардағы үз­дік хореографиялық миниа­тю­ралар енгізілді. Атап айт­қан­да, «Аллегретто» мен «Елі­ту», «Калифорниялық мак» пен «Альмей биі», сонымен қатар, «Жусан» мен «Клеопатра» балет­терінен үзінділер.Театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Татидің Дина Нұрпейісованың күйіне қойған «Әсем қоңыр» хореографиялық миниатюрасын көрермен ерекше сезімде қа­былдады. «Мұндай ғажап ұжым кемде-кем, – деп атап өтті, Абай атын­дағы мемлекеттік опера және балет театрының бас директоры  Асқар Бөрібаев. – Олар қазақ биі­нің көркем иірімін, еліміздің қазіргі балет жетістігін әлемнің кез келген сахнасында емін-еркін көрсете алады. Мұндағы бірде-бір дүниені бөле-жарып қарай алмайсыз». Балет сыншысы Гүлнәр  Жұ­­ма­­сейітова: «Бұл театрдың басқа өнер ұжымдарына ұқса­майтын жақтары көп. Мұндай ерекшелікті труппа құрамынан, репертуардан айқын аңғарасыз, әсіресе, қойылымдары бұрын-соңғы үлгіде кездеспейтін әдіс-тәсілдерге, детальдарға толы. Жа­сыратын несі бар, біз әлі сюжетсіз балеттерге үйрене қойған жоқпыз. Сондықтан бұл бізге әзірге таң­сық дүние. «Gaia» балеті заманауи балет болса, ал «Әлем» спектаклінің үзінділері арқылы мұнда философия басымдығын байқадық. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы уақытта ұлттық спек­такльдеріміздің аздығын жиі айтып жүрміз. Ал мына қойылым сондай ұлттық нақыштағы төл дүниенің үлгісі болып табылады. Бұл арқылы ХХI ғасырдан өткеніңізге үңілесіз. Символизм мен шарттылық басым болып кө­рінгенмен, өте тұшымды дү­ние», деп жоғары баға берді. Бұл орайда, гастрольдік сапар­­дың жоғары деңгейде өтуіне барынша мүмкіндік ту­ғыз­ған «Астана Балет» театры басшылығының рөлін айрықша атап өткен жөн. Театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Валерий Күзембаевтың айтуынша, бұл – ұжымдағы бүкіл адамдардың ортақ жемісі. Әсіресе, техникалық бөлімнің қызметкерлері күндіз-түні дамыл таппады. Осы күндері жұмыстың басында түнегендері бар. Қызықты кездесулер барысында ағыл-тегіл ойлар айтылды. Әртістердің орындаушы­лық шеберлігі жоғары бағаланды.  Концерт соңында көпшілік әр­тіс­терге, хореографтарға ал­ғыстарын жаудырды. Абай атындағы әйгілі театр қа­быр­ғасында өткен үш күн  таусылмас таудай тағылымға толы. Және де осы сапар еліміздегі екі ірі өнер ошағы арасындағы мәдени байланысты нығайтуға жаңаша жол ашқан бастау болып қалғаны тағы рас. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретте: «Астана Балет» театрының гастрольдік сапары сәтінен