«Елбасы кемеңгер – көші түзу кемелді ел!»
атты акцияға 10 мың қызылордалық қатысты
Мына фәниде сатып алуға болмайтын, құны ақшамен өлшенбейтін дүниелер болады. Соның бірі – пейіл, адамдардың көңілі. Ат басындай алтын беріп адамның көңілін аулау, оның саған деген ниетін сатып алу мүмкін емес. Сыйластық – сатылмайды. «Жақсыларды Құдай жолықтырады» деген тәмсіл бар. Асылында, Жаратушы жаппар иеміз қазақ жұртына жақсы басшы жолықтырған. Өйткені, елдің Елбасыға деген пейілі ерекше. Ақмешіт алқабы ақ қарға оранды. Қыс бойына Табиғат ана тосын мінез танытып, қар болмап еді. Бірнеше күн бұрын Қызылорда ақ көрпе жамылды. Бұған дейін төбесінде күн күліп тұрған Қызылордада қазір аяз салтанат құрып тұр. Сонда да жұрт қаланың орталық алаңына қарай ағылуда. Себебі, мұнда облыстық азаматтық қоғам өкілдерінің бастамасымен «Елбасы кемеңгер – көші түзу кемелді ел!» атты акция өтіп жатқан. Бір сөзбен айтқанда, қызылордалықтар Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға үн қосып жатыр еді. Елбасы мерзімін ұзартуға қатысты акцияны ұйымдастырушы – Қызылорда облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы. Акциядағы алғашқы сөзді қауымдастық төрайымы Дариға Ақмағамбетқызы құттықтау сөз сөйлеп ашты. Ол Елбасының ерен еңбегіне, мемлекетті нығайту ісіне қосқан өлшеусіз қажыр-қайратына, жұртты жұмылдырып, халықты қайырымдылыққа бастап отырған көреген саясатына ерекше тоқталды. Төрайымнан кейінгі сөз тізгіні дербес зейнеткер, Қызылорда облысының құрметті азаматы Абдолла Дәулетұлына тиді. – Бүгінде қазақты әлем таныды. Азулы, саясаттағы сан қилы алпауыттар Қазақстан деп аталатын мемлекетті білді, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі салиқалы саясаткер ретінде мойындады. Мұның бәрі бір күнде қона салған бақ емес. Елбасының сындарлы саясатының арқасында жеткен, елдің ауызбірлігінің нәтижесінде келген даңқ еді. Сондықтан мен Елбасының мерзімін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдауға шақырамын, – деді. Сыр сүлейлерінің соқпағын жалғастырып келе жатқан Мұхтар Ниязов мінберден көрінді. «1986 жылы Алматыда жастар алаңға ағылды. Не үшін? «Әр елді өз ұлы басқаруы керек» деген ұранмен шықты олар. Билігіңнен айырылып, басқаның тізгін ұстағанына шыдай алмады. Сондықтан дәл бүгінгідей болып алаңға барып, ұран тастады. Ал бүгінгі біздің алаңға шығуымыз бөлек дүние. Өйткені, елімізді басқарып отырған Ер бар. Елбасын қолдайтын елі бар. Көреген Көшбасшы қазақ көшін бұдан әрі де бастай беруі керек. Сол себепті Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды бірауыздан қолдайық». Ақынның арынды сөзінен кейін алаң ұранға басты. «Қазақстан! Нұрсұлтан! Нұр Отан!» деген ұранды тіркестер аспанда қалықтап тұрып алды. «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбековтің сөзі де көптің көкейіне қонды. – Қаңтардың қақаған қасиетті қысы, Ақмешіттің аңқылдаған айналайын желі сіздерді, аналарымыз, аталарымыз, ардагерлеріміз, сан түрлі өндіріс орындарының жұмысшы қызметкерлерін және мыңдаған жастарды ешбір тоңдыра алмайды. Себебі елім, жерім, халқым деп тұрған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық ықыласқа толы, тұла бойыңды жылытар қамқор көңілін сезініп, бүгінге де, ертеңге де сенімді сезімде тұрасыздар. Мен сөзімді сауалмен бастағанды жөн көрдім. Сыр бойында алып өндірістер болып па еді? Сыр бойында әлем бағалаған Олимпиада саңлақтары қаншалықты еді? Сыр бойында мыңдаған бала оқитын мектептер болды ма? Жетпіс жыл бойы жол жөндеу көрмей, ауыл арасы алыстап кеткен емес пе еді? Біз кешеге дейін құдықтан сапалы ауыз су ішіп пе едік? Тамақты талғап ішетін, киімді таңдап киетін халықтың жағдайы осындай дәрежеде ме еді? – деді Өлмесхан Мәтенұлы. – Ал осының бәрі көреген Көшбасшы, сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың жемісті еңбегінің арқасы, – дегенде алаң жаппай қолдады. – Тарих бетінде теңізді екіге бөлген жағдай жоқ, қуатты Қазақстан Арал теңізіне осыны жасады. Қазақстан дегенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын бейнесі, парасатты ісі көрінеді. Арал қаласында тұратын 105 жастағы көкірегі күмбез әже Әлпеш Садықова айтады: Айналайын Өлмесхан, жасым болса 106-ға қарады. Нұрсұлтан балам менен 40 жастай кіші, әлі қанша болашағы бар, соны үлкен болсам да көргім келеді. Ендеше, сол күнге жетуге Қазақстан, Нұрсұлтан, «Нұр Отан» есімдерімен ертеңгі күнге бірге бару бақытын бұйыртсын, – деп аяқтады сөзін. Президент мерзімін ұзартуға қатысты акцияға Қызылордадағы барлық азаматтық қоғам өкілдері қатысып, бастаманы бірауыздан қолдайтындарын білдіріп жатты. Олардың қатарында «Руханият» партиясының облыстық филиалының жетекшісі Атабай Базарбай, «Қазақстанның орыс ұлты» қауымдастығының облыстық бөлімшесінің басшысы Владимир Толоконников, «Қызылорда жастары» қауымдастығының төрағасы Бауыржан Мастеков, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы Диана Сәдуақасова, Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық «Атамекен» одағының Қызылорда филиалының жетекшісі Алмасбек Тұртаев, «Игілік» корпоративті қорының президенті Ақтолқын Шерехандар бар. Жиын барысында акцияға қатысушылар облыс жұртшылығына үндеу қабылдады. Үндеуде «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің жұртшылығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасына қолдау білдіре отырып, Елбасымыздың мемлекеттік ішкі және сыртқы саясаттағы, экономикалық дамуымызды, халықтың әлеуметтік игілігін арттырудағы өзі бастаған игі істерін өзі аяғына дейін жеткізуін қалайды және Елбасына зор сенім білдіреді» делінген. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.Келешек үшін керек
Заң ғылымдарының докторы, кәсіпкер Қайрат Балабиев осыдан аттай жеті жыл бұрын Елбасының халыққа Жолдауында кәсіпкерлерді әлеуметтік нысандар салуға шақырған бастамасын қызу қолдағандардың бірі. Халыққа қажетті сауда орындарын салып, тасы өрге домалап тұрған жігіт ағасы жұбайы Қарлығаш Бекбосыновамен кеңесіп, “АТФ” және “Центркредит” банктерінен 10 млн. доллар несие алады да бала бақшалар мен мектеп салу ісіне кірісіп кетеді. Бастапқыда банктердің үстемесі 18 пайыз болған. Ел мүддесі үшін тәуекелдің қайығына мінген Қайраттай жігіттерді долы дауылдың өтіне тастамапты Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуымен әлеуметтік нысандар салып жатқан кәсіпкерлердің банкке берешегі 11 пайызға дейін азайған. Соның нәтижесінде, халықаралық стандарттарға сай “Әйгерім”, “Бала би” бала бақшалары мен еркін ойлы, талантты мұғалімдердің өзіндік бағдарламаларын жүзеге асыруға жағдай жасайтын қазақша, орысша және ағылшынша оқытатын “Бәйтерек” мектебі ашылған. Дүние жүзін дағдарыс салқыны сергелдеңге салғанда біздің Қазақстан ел экономикасына орасан қаржы салып жатты, дейді Қайрат Рахымұлы. Референдум туралы игілікті бастама көтерілген соң Шымкент қаласындағы өзім және зайыбым Қарлығаш екеуміз құрылтайшы ретінде басшылық жасайтын сегіз серіктестіктің басшылары мен мүшелерінің бізге білдірген өтініштеріне сай «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен осы партияның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібековке арнайы хат жолдадық. Елбасының өкілеттік мерзімін ұзартуды толық қолдайтынымызды және баршамыз бірауыздан дауыс беретіндігімізді шынайы ниетпен мәлім еттік. Сегіз серіктестікте үш мыңға жуық адам қызмет етеді. Осының барлығы Елбасының өкілеттігін ұзартуды толығымен қолдап отыр. Тәуелсіздік алған жылдары кеше ғана кеңестік жүйеде болған мемлекеттер секілді Қазақстанның да жағдайы мүшкілдеу болғаны белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында 19 жыл ішінде әлем танитындай, мойындайтындай дәрежеге жеттік. Қарапайым іске бейімі бар сан мыңдаған кәсіпкерлер өздері игерген кәсіпті жетілдіруден нәсібін тауып, бизнес саласындағы жолдарын табысты жалғастыруда. Осының барлығы кімнің арқасында орындалып, жүзеге асырылуда дегенде, оның ең ұшар басында біздің бүгінгі Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сынды биік тұлғаның тұрғандығын қандай мақтанышпен айтсақ та артықтық етпейді. Ұлт Көшбасшысы жайында ұлағатпен ойланғанда ол кісінің ел үшін атқарған ісінің, жеке үлесінің біздің өлшемімізден әлдеқайда биік екеніне әлемдік деңгейдегі сарабдал саясатшылар мен сарапшылар өздерінің оң бағасын әлдеқашан беріп қойған. Дамыған елдердің өзі дағдарыстың тұсауында бұлқынып жатқанда, сол қиындықтан халқын алып шыққан әрі оның ілгері өркендеу деңгейін төмендетпеген санаулы мемлекет басшыларының басында тағы да Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сондықтан да Қазақстан халқы тағдырын Елбасымен тікелей байланыстырады. Басқосуда сегіз серіктестіктің басшылары осындай ой қозғады. Инновациялық орталықтың директоры Наталья Тен кейбір ақпарат құралдарының арандатушылығымен келіспейтіндігін айтты. “Кейбір мемлекеттер демократия дегенді алға тартып, өздеріндегі жүйені бізге күштеп таңғысы келеді. Елді олай дүрліктіру жақсылық емес. Халық қалауы – Нұрсұлтан Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына бар керекті беріп келеді. Ең бастысы, әр түрлі этностар арасында жарасымды ынтымақ бар. Сондықтан, біз Елбасымызбен біргеміз. “Бәйтерек” мектебінің директоры Марина Понтий қазақстандық білім жүйесінің деңгейі жыл сайын өсу үстінде екендігін айтты. Ал, білімді ұрпақ – мемлекеттің кемел келешегі. Ата Заңымызға Елбасы атауының мәртебесі мен референдум өткізу жөніндегі өзгерістер мен толықтыруларды енгізу жөніндегі Парламент мүшелері жасаған ұсыныстар мемлекет кемелдігі үшін бірінші кезектегі қажеттілік екендігін естен шығармағанымыз абзал. Міне, референдум бізге осы үшін қажет. Осындай ойларды серіктестік басшылары Амантай Мамедов, Елена Касьянова, Жанәбіл Сабаев, Қарлығаш Нәдірқұловалар да айтты. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.Референдумға жұртшылық көзқарасы қандай?
2011 жылдың қаңтар айы бойына бірқатар қазақстандық ұйымдар Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінен референдум өткізу бастамасына азаматтардың көзқарастарын білу бойынша әлеуметтік сұрау салулар жүргізді. Референдум өткізу туралы оң шешім қабылдана қалған жағдайда респонденттердің 85 пайызы дауыс беруге қатысуға дайын. Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінен референдум өткізу туралы бастаманы сұрау салынғандардың 93 пайызы қолдайды. Құлшыныс үлкен «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасымен демократиялық күштердің жалпыұлттық «Қазақстан-2030» коалициясының құрылуына орай Семейде қала активінің жиыны болып өтті. Жиынға саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкілдері, жастар көптеп қатысты. Жиын жұмысын ашқан референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ төрағасы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бүгінгі күн тәртібіндегі мәселеге қысқаша тоқтала келіп, референдум өткізу мен коалиция құру саясат жалауы емес, уақыт, ел қалауы екендігін айтты. Ол солай дей келіп, референдум өткізу жөнінде бастама көтеріліп жатқан еліміздің шығыс аймағы, Семей өңірінде саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар тарапынан коалицияға кіруге зор құлшыныс болатындығына сенім білдірді. Айтқандай-ақ, жиында сөз сөйлегендердің бәрі бір тоқтамға келіп жатты. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП-ның қалалық филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалтдинова осында басталған бастама жеріне жеткізілуі тиіс десе, «Ақ жол» демократиялық партиясы қалалық филиалының төрағасы Орынбек Сәрсенбин жиналғандарды елімізді бір белестен екінші белеске бастап алып келе жатқан Елбасымызды қолдауға шақыра отырып, ақжолдықтардың коалиция қатарынан табылатындықтарына сендірді. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері, татар ұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ғазиз Ахмеров болса, осы мәселе бойынша Астанада ардагерлер пленумы коалицияға кіретіндіктерін мәлімдегенін айта келіп, бұл игі бастамадан семейлік ардагерлердің де сырт қалмайтындықтарын білдірді. Сервис колледжіндегі жастар комитетінің төрағасы Олжас Соғымбаев жастар тілегін жалынды жыр жолдарымен жеткізді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.