22 Мамыр, 2016

Ресей хоккейшілері үшінші рет әлемнің қола жүлдегері атанды (фото)

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
АСТАНА. 22 мамыр. Бүгін – Ресейде өтіп жатқан хоккейден әлем чемпионатының соңғы жарыс күні. Жаңа ғана үшінші орын үшін болған ойын аяқталып, АҚШ-тан 7:2 есебімен басым түскен Ресей құрамасы тарихында 3-рет әлемдік доданың қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Білікті маман Олег Знарок жаттықтыратын Ресей құрамасы бұл кездесуге ерекше дайындықпен шықты. Ойынның 7-минутында Вячеслав Войнов есеп ашып, командасын алға шығарған болатын. Арада тағы 7 минут өткенде, ресейліктер ойыншы басымдығын жүзеге асырып, Сергей Мозякиннің көмегімен есепті еселеді. Екінші кезеңде қарқынын күшейткен айдын иелері қарсыластарының қақпасына тағы да үш шайба соқты. Алдымен, 30-минутта Иван Телегин мергендігімен көзге түссе, 33-минутта Евгений Дадонов есепті 4:0-ге жеткізді. Осыған дейін қанша шабуылдаса да сәттілік жетіспеген америкалықтар 35-минутта ғана Ресейдің қорғанысын бұзып өтіп, Сергей Бобровский қорғаған қақпадан саңылау тапты. Командасының ойынына қан жүгіртіп, нәтижелі соққысымен көзге түскен Фрэнк Ватрано болатын. Осы ретте АҚШ хоккейшілері бір ойыншылары кем болғанына қарамастан, гол соғып кеткенін айта кеткен жөн. Десек те, америкалықтардың бұл голына Ресей ойыншылары лезде жауап қайтарды. Атап айтқанда, 36-минутта Артемий Панарин ресейліктердің осы кезеңдегі үшінші шайбаларын соқты. Алғашқы екі кезеңде қақпасына бес бірдей шайба жіберген АҚШ қақпашысы Кейт Кинкейдті үшінші кезеңде Майк Кондон алмастырды. Дегенмен, құраманың бас жаттықтырушысы Джон Хайнстың бұл әрекеті ойын барысына ешқандай өзгеріс әкелмеді. 44-минутта Фрэнк Ватрано дубльдің авторы атанып, америкалықтар жиналғандай әсер танытқан. Алайда, ойын соңына дейін қарқынын бәсеңдетпеген Ресей құрамасы Кондонды да екі рет өз қақпасынан шайба алып шығуға мәжбүр етті. Нақты айтсақ, 54-минутта Сергей Мозякин екінші рет мергендігімен танылса, 60-минутта Вадим Шипачевтің мерейі үстем болды. Осылайша, өз жерінде өткен әлем чемпионатын Ресей құрамасы үшінші орынмен аяқтады. Бұған дейін бес мәрте әлемдік доданың қола жүлдесіне таласқан солтүстіктегі көршіміз соның екеуінде, яғни 2005 және 2007 жылдары үздіктер қатарынан көрінген болатын. Ал АҚШ құрамасы осымен 8-рет жұбаныш финалда бақ сынап, соның төртеуінде қарсыласына жол берді. Айта кетейік, дәл қазір Ресей астанасы – Мәскеу қаласындағы ВТБ мұз айдынында әлем чемпионатының финалдық кездесуі өтуде. Онда Финляндия құрамасы мен Канада «алтынға» таласуда. Финндер жартылай финалда Ресейден 3:1 есебімен басым түссе, үйеңкі жапырақты елдің өкілдері аталған сында 4:3 есебімен АҚШ-ты артта қалдырған болатын. Бұл сайысқа Қазақстан құрамасының да қатысқанын бұған дейін хабарлаған едік. «А» тобында сынға түскен біздің жігіттер беташар ойында буллит арқылы Швейцарияны жеңіп, сенсация жасады. Дегенмен, қалған алты ойынның бәрінде жеңілген Андрей Назаровтың шәкірттері әлем чемпионатының элиталық дивизионымен қош айтысты. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Фото: championat.com.