Алла берген үш ұлы бар Ғалым Арыстанбаев зайыбы екеуі балалар үйінен тұлымшағы желбіреген бір бүлдіршін қызды асырап алмақ болған екен. Қанша дегенмен қыз бала анаға жақын болады, үй шаруасында көп нәрсе үйренеді, көмектеседі емес пе?!
Қырық жастың қырқасына енді шыққалы отырған Ғалым Меркі аудандық жергілікті полиция бөлімінің жол полициясы тобында жұмыс істейді. Жұмысы қауырт болса да үйдегі ер балалардың тәрбиесін бір сәт босаңсытқан емес. Әйтсе де зайыбына қолқанат болар бір қыздың керек боп жүргені анық еді. Содан Меркі ауданындағы В.Савва атындағы балалар үйіне жиі барып жүрген Ғалым мен Әлия ақырында шаңырақтарына бес баланы жетелеп келгенде көрші-қолаң, ағайын-туғандар шалқасынан түскен көрінеді.
Шынында біреу-екеу емес, бес бірдей баланы асырап алуға қазіргі заманда қай отбасының батылы барады десеңізші... Содан болар алғашында: «Сендер бұл балаларды асырай алмайсыңдар, қиын болады, одан да осы бастан қайтып өткізіңдер», деп үгіттегендер де болыпты. Дегенмен де Меркі кентінде тұратын Ғалым және Әлия Арыстанбаевтар бұл жетім балаларды өз жүрек қалауларымен асырап алғандықтан олардан ажырамады. Жұбайлардың мейірім-шапағаты ата-анасыз өскен балалардың жүрегін жылытып, олар да арқасүйер панасы бар екенін сезініп, қанаттанып қалғаны анық. Қазір бүкіл ауыл қашан көрсең, шаңырағы шаттыққа толып жататын осы отбасының береке-бірлігіне, ынтымағына сүйсініп жүр. Алла берген үш ұл да отбасының жаңа мүшелерімен түсінісіп, әлдеқашан бір үйдің балаларындай тату-тәтті тірлікке көшкен.
– Расында о баста келіншегім екеуміз балалар үйінен бір қыз асырап алуды ойлап жүргенбіз, – дейді Ғалым Арыстанбаев. – «Отбасы негізіндегі балалар үйі» туралы арнайы бағдарлама бар екенін В. Савва атындағы балалар үйінің оқытушысы Фаридадан естідік. Сонда да бір қыз асырап алу арманымыз болды. Бірақ, балалар үйінің жеткіншектері де бір үйдің адамдарындай өте тату-тәтті тұрады екен. Тіпті, бір-бірін қимайды. Біреуін асырап алайын десең, жақын жүрген екіншісінің көзіне жас толады. Содан келіншегім екеуміз тәуекел етіп, бір-біріне бауыр басып қалған балаларды айырмайық деген ниетпен бес бірдей жеткіншекті бір-ақ ертіп шықтық. Осылайша екі ұл, үш қыз асырап алдық. Бір қызығы, бесеуі де әртүрлі ұлттың өкілдері. Үш қыздың біреуі – әзербайжан, біреуі – қытай, соңғысы – өзбек. Екі ұлдың үлкені – сыған, кішісі – орыс. Бәрі қазақшаны өте жетік біледі. Рас, алғашында үйдегі үш ұл бөтен балаларға тосырқай қарады. Бірақ, бала емес пе, көп ұзамай-ақ бір-бірімен араласып, ойнап кетті. Үйде анам бар. Келіншегімнің мамандығы – мұғалім болғанымен, жұмыс істемейді. Енді міне, сегіз ұл-қыз, анам, келіншегім, өзім – толыққанды отбасы ретінде тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Меркі – табиғаты өте керемет жер ғой. Демалыс күндері бүкіл бала-шағамызбен тауға шығып, серуендеп, сергіп қайтқанның өзі бір бақыт.
Міне, Ғалым осылайша үлкен азаматтық іс жасады. Шынында балалар үйіне барсаң, көздері жәудіреген жетім балаларды көріп, жүрегің ауырады. Әр бала: «Мынау менің әке-шешем емес пе екен?» деп, әр келген адамға үлкен үмітпен қарайды. Ғалым да, Әлия да жүрегі нәзік, обал-сауапты білетін жандар екен. Лайым, жетімдердің жанашыры болып жүрген Арыстанбаевтар отбасына Алла тағалам бақ-берекесін үйіп төге берсін.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы