29 Қаңтар, 2011

Сенім биігінде

902 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазақстан  Парламентіне – 15 жыл Ежелден әрбір халық бірлікте тұруды қалаған. Елбасымыз өз сөзінде келтірген «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген халық даналығы бар емес пе? Адамдар бастапқыда қауымдасып тірлік кешкен. Аңға бірге шығып, қолға түскен азықтарын да тең бөліскен. Өз араларында билік айтатын, әділдік жүргізетін көсемдері болды. Яғни, олар да өздері қабылдаған, ата-бабаларынан мұра болған белгілі бір қағидалармен өмір сүрді. Біздің дамуымыздың бірінші және екінші мыңжылдықтарында мемлекеттер құрыла бастады. Алайда, халықтардың дамуы  әр түрлі болғаны анық. Еуропаның көптеген мемлекеттері мен Азияның Қытай, Жапония сияқты елдері ерте бастан-ақ жеке мемлекеттіктің негізін қалады. Ертерек ел болған халықтар конституциясын, заңдарын қа­был­дап, өздерінің жерін, шекара­сын бекітіп алды. Өзге мемлекет­тің қол астында болған халықтар­дың да өзіндік өмір сүру дағды­сы, салт-дәстүрі, заңдық қағида­лары болды. Атап айтқанда, қазақ халқының хандары мақұл көрген, билері қабылдаған заңдары бар екені белгілі. Ел тарихында «Жеті жарғы» болғанын жақсы білеміз. Тәуке хан қазақ тарихында ұлы реформатор ретінде қалды. Ол – бүкіл қазақ даласының аумақтық тұтастығы мен бірлігін сақтап, бір орталықтан басқарылатын көш­пелі қазақ мемлекетінің классика­лық үлгісін жасаған тарихи тұлға. 1938 жылы Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі бірінші рет шақы­рыл­ды. Бірақ ол да, одан кейінгі рес­пуб­ли­ка­мыздың Жоғарғы Ке­ңе­сі шақыры­лымдары да одақтық Жоғарғы Ке­ңестің шешімдерін қайталап отыр­ды. Депутаттар заң шығару жұмы­сымен тұрақты айналысқан жоқ. ХХ ғасыр бұрын бодандықта болып келген халықтардың еркіндікке қол жеткізіп, тәуелсіз мем­лекеттердің дүниеге келуімен де ерекшеленеді. Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан кейін ғана  өз заңдарын шығаруға мүмкіндік алды. Алғашқы кездері қоғам мен мемлекет үшін маңызды заңдар қабылданды. 1995 жылдары бір­қатар заңдар Елбасының заң күші бар Жарлығымен бекітіліп, өмірге жолдама алды. Президент тәуелсіз еліміздің заң саласын жетілдіру үшін тұ­рақты жұмыс істейтін кәсіби Парламент керек екенін айтып жүр­ді. Бұрынғы жүйеден бас тартып, жаңаша елге қызмет атқаратын жо­ғары заң ор­га­нын құру 1995 жылы бүкілхалық­тық референдум арқылы қабылдан­ған Конституциямыздың арқасында мүмкін болды. Парламенттің алғаш­қы шақырылымына депутаттар сай­лауы өтті. 1996 жылғы 30 қаңтар күні Қазақстан тарихында қос па­ла­талы кәсіби Парламент өмірге келді. Парламент сессиясын ашқан Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Қазақстанның шына­йы өркениетті парламентаризмінің мөл­дір бастауында тұрмыз», – деді. Ел­басы Парламент болмаған кезде елімізде өте күрделі, қалыптан тыс жағ­дай қалыптасқанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы депутат­тар­ға арнап көптеген ойларын ор­таға салды. «Шынайы парламентаризм халықтың әр түрлі топ­тарының мүд­десі, әр алуан пікірлер тоғыс­қан, еркін шығарма­шы­лық ахуал үстем­дік еткен жерде туады», – деді Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы. Елбасы халық қалаулыларын қоғамымыз бен мемлекетіміз үшін өмірлік маңызы бар, Қазақ­станның көп ұлтты халқының про­гресті гүлдену жолымен ой­да­ғы­­дай ілгерілеуін қамтамасыз ететін заңдарды қабылдауға аса мұ­қият әрі мақсаткерлікпен жұмылу­ға шақырды. Сонда ғана депутаттар­дың әрдайым сайлаушылардың қол­дауы мен мақұлдауына ие болаты­нын айтты. Елбасы депутаттарға сайлаушылардың сенімі мен үмітін ақтайтын, барша халқымыздың игілігіне бағытталған, Қазақстанның демократия және прогресс жолымен сенімді түрде алға жылжуына қыз­мет ететін үйлесімді, жемісті әрі ырғақты жұмыс тілейтінін жеткізген. Бұл пікірлері қазір де маңыз­дылығын жойған жоқ және алдағы шақырылым депутаттары үшін де жол сілтейтін бағыт болатыны анық. Сондай-ақ Парламент қос палата – Мәжіліс пен Сенаттан тұ­ра­ды. Кейде бір палатаны жоғар­ғы, екіншісін төменгі Палата деп айтып жатады. Бұл пікірдің дұрыс еместігін 1996 жылы 30 қаңтар күні ел Президенті ашық айтқан болатын. «Қай палата мәртебесі жағынан жо­ғары, қайсысы төмен деген әңгі­меге жол беруге бол­май­ды. Палаталар өздерінің құқық­тары жөнінен бірдей»,–  деді Н.Назарбаев. 1996 жылы 28 маусым күні бірінші шақырылымның бірінші сес­сиясы аяқталғанда сөз сөй­леген Ел­басы Н.Назарбаев: «Парламент кә­сі­би және жеткілікті түрде құзырлы заң шығарушы орган ретінде рес­публикалық және аймақтық мүдде­лерді үйлестіруді қамтамасыз етуге, жеткілікті дәрежеде сапалы заң жобаларын жасау жұмысына қабі­лет­ті екенін көрсетті», – деп заң шы­ғару органының алғашқы қада­мына жоғары баға берген болатын. Сол жылдары заң жобаларын тал­қылау барысында кейбір ми­нистр­лердің Парламентке келіп, заң жобасы жөнінде түсіндірме беру­­ден қашқақтап жүргенінен ха­бардар бол­ған Елбасы бұл мәсе­леге жеке тоқталды. Үкімет мүшелерінің Парламентке дереу келуі керек екенін айта келіп: «Барлық қалыпты мемлекеттерде министрдің Парламентке келуі кәдуілгі, құрметті іс деп сана­лады. Қазақстан Парламентінің шын мәнінде құрметті орган бо­луын жақтайтынымды әрқашан ай­тып жүрмін, ал оның екі палатасы іс жүзінде сондай орган болып отыр. Осындай бола беруі үшін мен бәрін істегім келеді», – деген. Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуы мен дамуында Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі айрықша. Президент өзінің игі бастамаларын, уа­қыт өте келе нақты тарихи оқи­ға­ларға ай­налған ұсыныстарын көп жағдай­да Парламент мінберінен ай­тып келеді. Саясат пен эко­номи­ка­ны және әлеуметтік сала­ны реформалау жө­нін­дегі идея­ларын, астананы көшіру бастама­сын, жыл сайынғы халыққа ар­най­тын Жол­дау­ларын Парламентте жария етіп келе жатқаны мәлім. 2004 жылғы 29 желтоқсан. Бұл – қазақ Парламенті үшін есте қалған тарихи күн. Алматыдан Сарыарқаға қоныс аударған елордада жоғарғы заң шығарушы ор­ганның екі пала­тасы да бастапқы жеті жыл бойы бейімделген бір ғана ғимаратты пай­да­ланды. Ел­басы­ның бастамасымен Есілдің сол жағалауынан Мәжіліс пен Сенаттың жеке-жеке ғимарат­тары бой көтерді. Екі палатаның ара­сын жалғастырып тұрған Бірлескен отырыс залы салынды.  Пар­ла­менттің жаңа құрамы мен Аппарат қызметкерлері жайлы да сәнді ғимараттарға орналасты. 29 желтоқсан күні Мәжілістің ғимаратын ашуға келген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Мә­жіліс Есілдің сол жағалауына алғашқы болып қадам жасады. Мұның өзі кездейсоқтық емес. Өйткені заң шығару бастамасы алдымен Мәжілісте іске асыры­лады. Заңның өзі сіздерді алға қояды, –  деді депутаттарға. – «Сая­саттың мәдениетін орната­тын да осы ғимарат болады... Осы ғимараттың ішінде қанша пікірталас, қанша сөз жарысы болғанына қарамастан, сіздер еліміздің игілігі үшін ауызбірлік таныта аласыздар деп сенемін». 2005 жылы 1 қыркүйек күні үшінші шақырылымның екінші сес­сиясын ашып тұрып, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күн белесінен пайымдасақ, елімізде бұрын кәсіби парламентаризмнің тәжіри­бе­сі болған емес. Біз қоғамдық мүд­делердің үйлесімін іздестіріп, табуға ұмтылдық, мемлекеттік құрылым­дағы тежемелік пен тепе-теңдік жү­йе­сін түздік. Қолға алынған либе­рал­дық реформаларды ойдағыдай іске асыруға мүмкіндік берген заң­намалық негіздің де берік қаланға­ны нақ осы кезең», – деп кәсіби Парламенттің іргесі қаланған кезден бергі іске асқан жұмыстарды саралай келіп, заң шығару органының нәти­желі қызметін жоғары бағалады. 2007 жылы мамырда ел Конс­титуциясына енгізілген өзгерістер Парламент пен саяси партиялар­дың, азаматтық қоғам институт­тары­ның рөлін арттыра түсті, ұлт­аралық келісімді нығайтуға барынша ықпал етті. Қыркүйек айында тәуелсіз Қазақ-станның та­рихында тұңғыш рет теңдестірілген негізде Парламент сай­лауы өткізілді. Сайлауда «Нұр Отан» партиясы айқын басымдық-пен жеңіске жетті. Сонымен қатар, жаңа конституциялық өзгерістердің нәтижесінде Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды. Олар өз ұлттары ғана емес, Қазақстандағы барша этнос­тардың өкілі болып табылады. 2007 жылы 2 қыркүйекте төртін­ші шақырылымның бірінші сессия­сы өз жұмысын бастады. Парла­мент­тің жаңа құрамының алдында сессияны ашып, сөз сөйлеген Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформалардан кейін Парламенттің бірінші сай­ланған депутаттары ретінде атқару­шы билікпен арадағы өзара іс-әре­кет­тің жаңа дәстүрлерін қалыптас­тыра­тынына сенетінін мәлім етті. Депутаттарға арнаған сөзінде: «Алда қыруар жұмыстар күтіп тұр. Сіздерде табысқа қол жеткізудің заңды тетіктері баршылық. Сіздердің білім мен біліктеріңіз, өмірлік тәжірибе­леріңіз елімізді қарышты алға бас­тырып, реформалық үрдістерді одан әрі тереңдете беруге қалтқысыз қыз­мет ететініне кәміл сенемін», – деді Елбасымыз. Бүгінгі таңда Пар­ла­мент­тің осы құрамы халықтың көңі­лі­нен, Елбасының сенімінен шығып келеді. Оған дәлел әлемдік қаржы дағдарысының ықпалын әлсірету үшін жедел қабылданған заңдар, құқықтық реформаларды жүзеге асыратын толықтырулар дер едім. Өз қызметін жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқан «Жаңа Қа­зақ­стан» депутаттық тобы көпте­ген жұ­мыстар атқарды. Ұлтара­лық жә­не дінаралық келісімді нығайту, ел бірлігін сақтау мақсатындағы ша­ра­лардың өтуіне белсенді түрде атсалысты. 113 жұмыс тобына белсенді қатысты, ал 9 жұмыс тобына жетекшілік жасап, заң жобасының сапалы қабылдануына үлес қосты. Заң жобаларын талқылау барысын­да «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері тарапынан ұсы­нылған 36 нақты түзету мен өзгеріс қабылданды. Жеке қабылдауларда берілген өтініштер мен сайлаушы­лардан түскен шағымдарға байла­ныс­ты мемлекеттік органдарға 199 хат жіберілді және мәселелердің шешілуіне ықпал етті. 60-қа жуық депутаттық сауал жолдады. Аталған топ мүшелері Алматы қаласында және еліміздің 12 об­лысында болып, тұрғындармен кез­десулер өткізді. Нақты айтқан­да, 200-ге жуық кездесулер өтіп, 176 азаматты жеке өтініштері бо­йынша қабылдады.  Ассамблеядан сайланған депутаттар Мемлекет басшысының саясатын, Жолдауда айтқан басты бағыттарын халыққа түсіндіруге үлес қосты. 2009 жылы 26 қазан күні Астанада өткен Қазақстан халқы Ас­самблеясының сессиясында Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тағ­дыр­­дың жазуымен, тарихтың тал­қысы­мен қазақ жерін пана­лаған түрлі этнос өкілдерімен бірге ор­тақ Отаны­мыз­ды көркейту жо­лында аянбай тер төгудеміз. Олар біздің қиын кезеңде, сын сағатта көрсеткен қамқорлығы­мызға рия­сыз алғыс айтады», –  деді. Осы ойды сабақтай келе: «Дәуір алма­сып, заман өзгерді. Қазір ба­йыр­ғы қазақ жерінде жаңа азамат­тық қоғам қалыптасуда. ХХІ ғасыр­да қазақтар мемлекет құраушы ұлт ретінде жаңа белеске көтеріліп, Қазақстан халқының берік өзегі­не, сенімді діңгегіне айналуда. Қазақ халқы өзіне жүктелген аса маңызды жауапкершілікті сезіне отырып, бұл тарихи миссия­ны абыроймен ат­қарып шығады деп сенемін», –  деді Н. Назарбаев. 2010 жылы қыркүйекте төр­тінші шақырылымның төртінші сессия­сы­ның ашылуында Елбасы заңдар­ды қабылдауда Парламент кәсіби шеберлігін танытып, жо­ғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жо­лын­­да пәрменді жұ­мыс жасап келе жат­қанын атап өтті. «Мызғы­мас мем­лекеттігіміздің бас бағ­дары­на ай­нал­ған Ата Заң ая­сын­да көптеген заңдар қабыл­дану­да. Осы сайла­ным­ның депутаттары үш сессия­ның ішінде 340-тан аса заң қабыл­дағаны  мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заң­дардың басым көпшілігі қоғам­ның саяси және әлеуметтік-экономика­лық дең­­гейін көтеруге арналған», – дей келіп: «Пар­ла­менттің алдағы уа­қытта да абырой биігінен көрі­ніп, ел үмітін ақтай беретініне кәміл сенемін», –  деді. Бүгінгі таңда Қазақстан Парламенті өз заңдарын халықаралық стан­дарттарға сәйкес келтіруде. Осы орайда халықаралық келісімдерді бекітуді қажет ететін көпте­ген заң­дар қабылданды. Парламент жаһан­дық экологиялық мә­се­ле­лерге қа­тыс­ты келісімдерді негіздейтін заң­дар­дың бірқатарын бекітті. Биыл қаңтар айында Қазақ­стан­ның кәсіби Парламентінің өмірге келгеніне 15 жыл толды. Алда әлі асулар бар. Людмила ХОЧИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.