Сан ғасырлық тарихы бар еліміздің өткенін оймен саралап, сөзбен түйіндер болсақ, елінің тыныштығы жолында қолына бөрілі байрақ ұстаған бабаларымыз «ұлымыз – құл, қызымыз – күң» болмасын деп талай тауқыметті бастан өткерген. Тарих сахнасынан біржола жұтылып кетпес үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біліп, ұлан-байтақ жерімізді бізге аманат етіп қалдырып кеткен. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу мақсатында да қаншама рет алып күштерге қарсы бас көтерген.
Тарихшыларымыздың зерттеуі бойынша, елімізде азаттық пен теңдік жолында бір ғана Ресей империясына қарсы 300-ге тарта көтеріліс болыпты. Бірақ, соның бәрін патша өкіметі орыс-казак отрядтарынан құралған әскерімен аяусыз басып-жаншып отырған.
Алғашында сыртқы жауға пана боламыз деген ақ патшаның ойы кейін бұзылып, кең-байтақ қазақ даласын басып қалуға ниеттенді. Жеріміз бекіністер салу, қонысты бөлшектеу, өзіндік билік жүйесін енгізу сол ХVIII ғасырларда-ақ жүзеге аса бастаған. Мысалы, Ресейдегі Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін патша өкіметі оған қатысқан Кіші жүз қазақтарына отаршылдық езгіні бұрынғыдан да күшейтіп жіберген. Бұл отаршылдарға қарсы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының лап ете түсуіне себеп болды. Сондай-ақ, Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шекаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, жерді күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыра беру қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастарды шиеленістіре түскен. Ол Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің (1838-1848) шығуына себеп болған. Исатай Тайманұлы жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыстың (1836-1838) лап ете түсуіне де Ресей империясы мен оның сойылын соғушы жергілікті ел билеушілердің әділетсіздігі ықпал еткені белгілі. Оның үстіне ХVIII-ХІХ ғасырларда Түркістан өлкесін патша өкіметімен қатар, Хиуа, Қоқан хандықтарының езуі де осы аймақтағы ұлт-азаттық көтерілістердің тұтануына себепші болды. Оған Сыр бойындағы Жанқожа батырдың, Ташкенттегі Молда Қошық датқаның, Оңтүстіктегі Мұсабек батырдың, т.т. көтерілістері дәлел деп ойлаймыз.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресейде өршіген жұмысшылар қозғалысы алып империяның шаңырағын шайқалта түсті. Сонымен қатар, 1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа араласты. Оған қоса шенеуніктер мен жергілікті әкімдердің, байлардың зорлық-зомбылығы күшейіп, Қазақстанды отарлау саясаты артты. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Шаруалардың малын соғыс қажетіне деп алу басталды. Әскери салық ретінде әрбір отбасы 1 сом 84 тиын төлеуге міндетті болды.
Патшалық езгі мен соғыс ауыртпалығы Қазақстанда жұмысшылар мен шаруалар қозғалысының өршуіне әкелді. 1915 жылғы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс өндірісінде, Орынбор-Ташкент теміржолы бойында жұмысшылар бой көтерді. Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы мен «Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереженің» қабылдануы әлеуметтік жағдайы мүшкіл топтың наразылығына ұшырады. Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан – 100 мың, Жетісудан 87 мың адам жіберу көзделді. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоқтығын пайдаланып, болыстар, басқармалар мен ауыл старшындары жас мөлшерінің асып кеткендігіне қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатындардың «қара тізіміне қосты». Ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын тапты. Осындай әділетсіздіктердің көрінісі кедейлердің жаппай көтеріліп, болыстық басқармаларды талқандауына, ауыл старшындарын, қатыгез байларды қарауылға алуына, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасауына, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын жойып жіберуге дейін әкелді. Сойыл, кетпен, шалғы, мылтық, қылыш секілді қарулармен қаруланған ашынған топ бай-болыстардың ойранын шығарған. Бұл туралы көрнекті қазақ жазушысы С.Мұқановтың «Ботагөз» романында әдемі көрсетеді.
Ұлы дала төсіндегі стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипатпен қарулы көтеріліске ұласып, Жетісу мен Торғай өңірі оның орталықтарына айналды. Артынан бүкіл Қазақстанды да қамтыды. Оның негізгі күші ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ, сол кезде туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды. Сонымен бірге, көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қозғалысқа қазақ халқының барлық топтарының өкілдері қатысты. Көтерілісшілерді Жетісуда Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаев басқарса, Торғайда Амангелді Иманов, Әбдіғаппар Жанбосынов, Әліби Жангелдин ұйымдастырды. Шілде айының бас кезінде-ақ толқулар Верный уезінің батыс және оңтүстік бөліктерін қамтып, көтерілісшілерге Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин, Аққозы Қосанұлы және басқалар басшылық етті. Халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды ұйғарды. 17 шілдеде Жетісуда және Түркістан өлкесінде «соғыс жағдайы» жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерін алып келді. Әскери гарнизондарды нығайтып, Жетісуға қоныс аударған орыстардан көтерілісшілерді жазалау үшін қарулы отрядтар жасақтады. Жетісу облысының Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы жайлауында, Қарқараның таулы алабында, Самсы, Қастек, Нарынқол, Шарын, Жалаңаш, Қорам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде патша жазалаушыларымен ірі-ірі қақтығыстар болды.
Осындай жағдайда Б.Әшекеев Жетісудың бытыраңқы көтерілісшілер топтарын біріктіру үшін 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде әртүрлі болыстар өкілдерінің съезін шақырды. Съезде олар «тыл жұмыстарына адамдар алу туралы жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы қарсылық көрсетеміз, оған бағынбаймыз» деген шешім шығарды. Өз жақтастарымен Үшқоңыр тауына орнығып алған Б.Әшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастайды. Сонымен бірге, көтерілісшілердің қатарын жаңа күштермен толықтыру жөнінде шаралар қолданады. Алайда, қару-жарақпен мұздай қаруланған жазалаушы отрядтар Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісті басып-жаншып, 7 қыркүйекте Верный әскери гарнизонының соты өтеді. Онда көтеріліс басшыларының бірі Б.Әшекеевті өлім жазасына кесіп, оны дарға асу туралы үкім шығарады. Соттың үкімін облыстың губернаторы Фольбаум нақ сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни 1916 жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде орындалады. Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға кесіледі. Соның салдарынан патшаның өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақтар мен қырғыздар немесе Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға қашуға мәжбүр болды.
Өз дәуірінің белгілі ақыны Иса Дәукебаевтың «Бекболат» атты поэмасында халық батыры Бекболаттың бейнесі шынайы суреттелді. Осы поэмада Бекболат батырдың:
«– Рас, мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым.
Рас десең, рас сөз мен айтайын,
Ақ патшаның тұқымын құртпақ болдым», – деп ашық айтуы ашынған халықтың азаттық жолындағы күреске шындап ден қойғанын аңғартса керек.
Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің ең ауқымды аймағы Торғай өңірі болды. Мұнда патшаға қарсы көтерілгендер саны 50 мыңға жетеді. Бұл кезде Торғай уезі негізінен 13 болыстықтан тұратын. Көтерілістің бастапқы кезеңінде толқулар Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай, Сарытоғай, Қарақопа болыстарын, сондай-ақ, Тосын, Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым болыстарын қамтиды. 1916 жылы 21 қарашада 13 болыс өкілдерінің құрылтайында халық арасындағы атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай уезінің ханы болып сайланады. Құрылтайға қатысушылардың келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі, атақты Иман батырдың немересі Амангелді Үдербайұлы Иманов көтерілісшілердің сардарбегі болып тағайындалады. Орталық Ресейден келген және көп кешікпей көтерілісшілерге қосылған, осы өңірде туып-өскен Әліби Жангелдин көтерілісшілердің рухани көсемі болады. Ә.Жанбосынов пен А.Иманов көтерілісшілерді ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға бөліп, арнайы жасақ құрады. Әрбір қолды басқаруға тиісінше онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалады.
22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын қоршайды. Мұны көрген генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алады. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 мың адамға жуық сарбаздар Түпқойма пошта стансасына шабуыл жасайды. Көтерілісшілердің басым көпшілігі, адам күшін сақтау үшін, қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым жерге жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 1916 жылғы қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның ортасына дейін жазалаушыларға қарсы партизандық іс-қимылдар ұйымдастырылады. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте қиян-кескі шайқастар болады. Шайқас 1917 жылғы ақпанда болған төңкеріске дейін созылады.
Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің көрнекті басшысы әрі көсемі Амангелді Иманов бейнесі қазақ ақындары шығармаларында шыншылдықпен сомдалып, көркем әдебиет тарихынан тиісті орын алды. Халық ақыны Омар Шипиннің «Амангелді батыр» поэмасында батырдың мынадай монологы бар:
«Патша тұр солдат бер деп қылып өкім,
Жасымнан,– деді батыр,– болдым жетім.
Қаладан губернаторды алып шығып,
Жібердім бір қайырып оның бетін».
Осы бір шумақ өлеңнің өзінен Амангелді батырдың өршіл бейнесін байқау қиын емес.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан өзге барлық аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында көтерілісшілерге қарсы патша үкіметінің 12 атты әскер жүздігі, 11 күшейтілген қарулы жаяу әскер ротасы қимыл жасады. Ал Торғай көтерілісшілеріне қарсы патшалық өкімет орындары 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқа да күштерін әкеп төккен. Осыған қарамастан Торғай облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтайды.
«Әдебиет – өмір айнасы, замана шежірешісі» дейтін болсақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың халық ақындарының шығармаларынан берік те лайықты орын алғанын атап өтуіміз керек. Мысалы, қазақтан майданның қара жұмысына алу туралы патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы шаруа баққан момын Қазақ елінің төбесінен жай түсіргендей етті. Ел толқыды, халық қайғырды, күңіренді. Осы көріністің куәсі болған ақын Сәт Есенбаев «Июнь жарлығы» атты өлеңінде: «Еңбекші қазақ баласы, Заманамыз тарылды. Патшадан зорлық, қысым боп, Басқа ноқта салынды... Құтырған патша қуланып, Көрінгенмен ұрысты. Құйрығын басып жыланның, Салды найза, қылышты...», – деп суреттейді.
Ал жыр алыбы Жамбыл ақын болса қыршындай қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алып жатқан патшаның іс-әрекетіне наразылық көңілмен: «Көген көзді қосақтап, Қалай қиып береміз? Көздің жасын моншақтап, Көңіл шер боп өлерміз! Көк жайлауды қалдырып, Қайда көшіп кетерміз? Көкіректі зар қылып, Қорлықпен қайтіп өтерміз?... Би, болысты Тәңір атты, Ел қорғауға жарамай. Ағайынды аңыратты, Көз жасына қарамай. Енді ойласақ, не қалды, Атажұрттан кету бар. Жалға тігіп не жанды, Тәуекелге беку бар», деп толғайды «Патша әмірі тарылды» аталатын жырында.
Дүлдүл ақынның «Зілді бұйрық», «Әділдік керек халыққа» атты өлеңдері де осы тақырыпты сөз етеді.
Ал Бұзаубақ ақын «Құты қашқан патшаның» атты толғауында: «Ел болмас бұған солдат бергенменен, Патшаның дегеніне жүргенменен, Жақсылық жауыздардан қазақ таппас, Соғысқа босқа барып өлгенменен. Бозбала – елдің көркі маңдайдағы, Қимылда, шағың келді жау жайдағы. Еріксіз қайран ерлер, қор болғанша, Атқа мін, жарақ асын, найза ал-дағы», деп патшаның зұлымдығын әшкерелей келе, халықты оған қарсы қару алуға шақырады. Ақын Төлеу Көбдіков те көтеріліс туралы жырында патшаның июнь жарлығының зобалаңын, патша үкіметінің бұратана халықтарға жасап отырған қиянатын аяусыз әшкерелейді: «Қаршыға, тұрымтайлар жем қылардай, Біз қалай осыларға жапалақпыз», деп ол елінің намысына қозғау салады.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын көзбен көрген Бөлтірік, Бұзаубақ, Құсайын, Баттал, Сартай, Есқайыр, Болман, Күдері, Сәт, Сүлеймен, Кенен, Есдәулет ақындар да өз жырларында халықтың басына түскен ауыр зұлматты шынайы суреттеп, патша өкіметінің озбыр саясатын өткір сынаумен бірге, елді отаршылдарға қарсы бас көтеруге үндейді. Осы шығармалардың ішінде Иса Дәукебаевтың «Бекболат», Омар Шипиннің «Амангелді батыр», Біржан Берденовтің «Прием» поэмаларының, Сәт Есенбаевтың «Июнь жарлығы», Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды», Күдері ақынның «Амангелдінің Торғайды алуы», Төлеу Көбдіковтің «Сарыарқаның сарыны», Бұзаубақ ақынның «Құты қашқан патшаның» деп аталатын жыр-толғауларының шоқтығы биік. Бұл шығармалар ұлт-азаттық көтерілістің шынайы шежіресі, өлмес тарихы іспетті болды. М.Әуезовтің «Қилы заман», С.Мұқановтың «Ботагөз» романдары осы кезеңнің прозадағы озық үлгісінен саналады.
Елбасымыз, Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліске жан-жақты тоқтала келіп: «...Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қамтыған жалпыұлттық дағдарыстың бір нышаны болды. Бұқаралылығы, қоғамның бар тарабын кеңінен қамтуы, жалпыұлттық ұрандар ұсынуы, мемлекеттік билік институттарын құру жөнінен бұл қозғалысты – ұлт-азаттық революциясы деп, патшалық Ресей отарындағы осы тектес революциялардың тұңғышы деп бағалауға болады», – деген байлам жасайды. Орынды ой, әділ баға екендігінде күмән жоқ. (Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 170-бет.)
Шындығында да біздің халқымыз қанша жуас, момын, шыдамды дегенменен, жақсы мен жаманның, ақ пен қараның ара-жігін ажырата алатынын, дұшпанның шектен тыс қорлығына көнбейтінін осы 1916 жылғы толқу арқылы да көрсете алды. Бұл жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістер патша өкіметіне қауіп төндірер үлкен күш болды десек, артық айтқандық болмас.
Иә, расында да біздің халқымыз дұшпан қанша басынса да өзінің ар-намысын өлімнен биік қоятын халық. Мұның жарқын дәлелі – кешегі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Әлемді аузына қаратқан алып империя КСРО-ның ыдырауына да себеп болған біздің батырларымыз. Біз КСРО-да бірінші болып теңдік үшін, ұлттың болашағы үшін бас көтерген, сол үшін жапа шеккен халықпыз. Біздің тәуелсіз ел болуымызға да осындай намысшылдығымыз жетелегені анық. Міне, биыл сол замандардағы ұлт-азаттық қозғалысқа 100 жыл толып отыр. Уақыт қанша жүйрік десек те, бұл біздің елдің санасынан ешқашан өшпейді.
Ақиқатында, біздің тәуелсіздігіміз үлкен күрестер мен толассыз талпыныстардың арқасында қолымызға қонды. Ендігі жерде осындай баға жетпес байлықты бізге қалдырған ата-бабаларымыздың ерлігін дәріптеу, оны келешек ұрпақтың бойына сіңіру біздің азаматтық борышымыз. «Бұрынғы ерлікті дәріптеп құрметтемей, жаңа ерлік жасау бос әурешілік», дейді даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз. Біздің мақсатымыз – осы ата-бабаларымыздың теңдік жолында құрбан болғанын, ар-намысты, адамгершілікті атақ-мансаптан, дүние-байлықтан биік ұстағанын келешек ұрпаққа жеткізу болуы керек.
Бақтияр СМАНОВ,
Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі
Алматы