29 Қаңтар, 2011

Жарасым мен жасампаздық жемісі

595 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар кеше жария етілген Елбасы Жолдауын осылай деп бағалауда Кенжеғали САҒАДИЕВ,  Парламент Мәжілісінің депутаты: – Өте мазмұнды, халыққа ерекше әсері бар Жолдау болды. Өт­кен жолымыз қорытын­дылан­ды. Расында жақсы-жақсы жетістіктерге жетіппіз. Қарап отырсақ, тәуелсіздік алған жалғыз біз емес қой, ал біздің 20 жыл ішіндегі жет­кен биігіміз шүкіршілік жа­сай­тындай. Президенттің осы орай­да келтірген мысалы өте әсер­лі болды. Мәселен, Оңтүстік Корея алғашқы 20 жылында 3 есе, Малайзия 2,2 есе, Польша, Венгрия, Түркия барлығы бізден аз деңгейде көтеріліпті. Біздің қарқынымыз олардан бірнеше есе артып отыр. Ал олардың мысалына қарап өзімізше өлшейтін болсақ, келесі 20 жылдың табысы одан да еселене түспек. Тағы бір маңызды көтерілген тақырып, ол – әлеуметтік мәселелердің қаралуы. Білімді жоғары сапаға көтеру, мектептер мен балабақшалар салу, осы бағытта әлемде алдыңғы қатарлардан көріну, денсаулық сақтауға маңыз беріп, адам жасын ұзарту сынды халыққа қажетті көптеген мәселенің қалай шешімін табатындығы айтылды. Мәселен, ІЖӨ-нің 3,2 пайызы денсаулық сақтау ісіне бөліну қажеттігіне маңыз берді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі көптен бас қатырып жүрген қиын түйін болатын. Осыған қолымыз жетпей жүрсе, бүгінгі Жолдауда ол өте жақсы айтылды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағытында атқарылады деген істер де көңілден шығады. Осылардың орындала­тынына сенімдімін, өйткені, біз бағдарламаның бірінші жылы-ақ 150-ден астам кәсіпорынды іске қостық қой. Сондықтан алда атқарылар жұмыс мол. Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: – Елбасы Жолдауында әлеу­мет­тік салаға көп көңіл бөлді. Бұл – шынында да көпшіліктің кө­кейін тескен ірі проблеманың бірі. Өйт­кені, халықтың көңіл-күйі осы әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты десем, артық айт­қан­дық емес. Осы кезге дейін көп ай­тылып жүрген, бірақ шешімін тап­паған мәселелерді шешуде ат­қарылатын нақты шараларды Мем­лекет басшысы өз Жолдау­ын­да белгілеп берді. Ол – өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз ететін азаматтар мәселесі. Осыған байланысты біздің салада аталған жұмысты алға апару үшін мемлекеттік бағдарлама жасау тапсырылды. Бүгінгі күні елімізде халықтың 32 пайызы өзін-өзі қам­та­ма­сыз етеді. Ал олардың басым бөлігі – 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратындар. Елбасы осы категорияға үлкен көңіл бөлу керектігін баса айтты. Егер де біз өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтардың мәселесін шешетін болсақ, сонда олардың біразы үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларға бағыт ұстанып, қажетті мамандарды даярлау ар­қы­лы осы салада әлеуетті жұмыс атқарушылар қатары кө­бейе­ді. Ендігі бір бөлігіне ауыл шаруашылығын дамытуға микрокредиттер бөлінеді. Бұл дегеніміз–ауыл проблема­сы­ның шешілуі. Бағдарлама жасалынып, ол мақсатты жұмыс жа­сағанда әлеуметтік проблемалар түйіні жазылады деген сөз. Алдағы 10 жылдың еліміз үшін жаңару мен өсу жылдары болатындығын бәріміз ұғындық. Енді сол жолда барлығымыз еңбектенуге тиіспіз. Серік АХМЕТОВ,  Қарағанды облысының әкімі: – Елбасы бүгінгі Жолд­ауын­да көтерген тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылық саласын жаң­ғырту – өте күрделі мәселе. Осы­ған байла­ныс­ты Үкі­метке, облыс әкімде­рі­не тапсыр­ма­лар берілді. Үсті­міздегі жыл­дың 1 ма­мырына дейін жаңа бағ­дар­лама қабыл­да­нуы тиіс. Бағ­дар­ла­маны ал­ды­мен ойдағы­дай әзір­леп, оны жүзеге асыру ба­ғытында көп істер ат­қаруымыз керек. Ал осы сала­дағы инфра­құры­лымның тозығы жеткендігі ешкімге жасырын емес. Жылу электр стансалары, коммуналдық шаруашылық, тұрғын үйлердегі жылу мен судың ескірген құбырларын ауыстыру өте қажет. Бұл аймақтардағы жергілікті әкімдер үшін ең бір бас қатыратын шаруа еді. Денсаулық сақтау, білім беру саласында Елбасы алға қойған міндеттердің де маңызы зор. Халықтың денсаулығын түзетуде, олардың өмір жасын ұзарту бойынша берген тапсырмалары көпшіліктің көкейіндегі ойлар. Ол үшін жер-жерде фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер ашу жайын да Мемлекет басшысы алдымызға міндет етіп қойды. Тағы да елдік маңызы бар, биік мақсаттарға жетуіміздің кепілі–ол еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы. Біз егер осы саланы дамытуға жұмылмасақ, жастарымыздың білімін арттырып, жаңа технологияларды меңгеретін мамандар даярла­масақ, көштің артында қалып қоюымыз мүмкін. Елбасының осы мәселені баса айтуы аса маңызды. Жолдауда қай салаға да болсын қатысты айтылған ойлардың маңызы өте зор. Сергей ПЛОТНИКОВ,  сенатор: – Халық Жолдаудан өздерінің тұрмыс дәрежесін арттыруға мүм­­кіндік беретін жақсылық­тар­ды кү­теді. Соның ішінде зейнет­ақы, стипендия, түрлі төлемақы, өтемақы және еңбекақының өсі­ріл­генін қа­лайды. Ал биылғы Жол­­­дау осы­лар­­ды өсіру жөнін­дегі алға қойыл­ған әлеуметтік бағ­дарламалардың мерзімінен бұ­­рын орындалып жат­қа­нын көр­сетті. Мәселен, біз кейбір бағ­дар­ла­малардың 2015 жылға дейінгі мерзімде орындалуын алға қой­ған едік, ал бүгін олар­дың то­лық орындалып та қалғанын көріп отырмыз. Осының өзі бүкіләлем­дік қаржы дағдарысы жағдайында іске асуда. Мұндай же­тістіктерге қалай қуанбассың. Бірақ Елбасы бұған тоқмейілсіп отырған жоқ, ол Үкіметтің алдына жаңа міндеттер жүктеді. Соның ішінде халықты әлеуметтік тұрғыдан барынша қолдайтын міндеттер бар. Мәселен, бюджеттік қызметкерлер мен студенттер стипендиясының 1 шілдеден бастап 30 пайызға артатындығы айтылды. Ал зейнетақы көлемі 1 қаңтардан бастап-ақ 30 пайызға өсірілген. Президенттің Үкімет алдына қойған міндеттерінің сайып келгендегі мақсаты біреу-ақ. Ол – халықтың хал-ахуалын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының өзі де оны атап өтті.  Ал біздің, депутат корпусының міндеті – Елбасы алға қойып отырған тапсырмаларды орындауға заңдылық тұрғыдан жағдай жасайтын заңнамалық құжаттар қабылдау. Осы уақытқа дейін бұл міндетті дұрыс орындап келдік, алдағы уақытта да Елбасының сенімінен шығамыз ғой деп ойлаймын.   Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: – Маған бүгінгі Жолдауда ай­тыл­ған мәселелер қатты ұнады. Соның ішінде, ауылдағы халық­ты жұмыс орындарымен қамта­ма­сыз ету мәселесінің айтылғаны өте орынды болды деп ойлай­мын. Елбасы үстіміздегі жылы ауылды жерлерде жаңадан 20 мың жұмыс орнын ашу міндетін қойды. Енді Үкімет осы бағытта арнайы бағдарлама қабылдап, тиісті дәрежеде қаражат бөлетін шығар. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты хабар деп білемін. Біз осы бағытта қызу жұмыс істеуге әзірміз. Президент Үкіметтің алдына ет өнімдерін сыртқа шы­ғаруды арттыру міндетін қойып отыр. Мәселен, 2016 жылға дейін ет өнімдерін экспорттау көлемін 60 мың тоннаға жеткізуіміз керек екен. Меніңше, бұл да өте дұрыс қолға алынып отырған мәселе. Әсіресе, Шығыс Қазақстан үшін оның маңызы зор. Өйткені, біз Ресей Федерациясымен шектесеміз. Ет өнімдерін сол елге шығаруға облысымыз өте қолайлы орналасқан. Оның үстіне біз Кеден одағына мүшеміз, ал ол өз өнімдеріміздің бәсекелестігін арттыруға  мүмкіндік береді. Біз енді осы мүмкіндіктерді мо­лы­нан пайдаланып, ет өнімдерін сыртқа шығаруда алдыңғы қатар­да­ғы аймаққа айналатын шығармыз деген үмітіміз бар. Ал ет өнімдерін беретін мал шаруашылығы жаңа жұмыс орындарын ашу деген сөз. Сонымен бірге, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуді толығымен аяқтау міндеті де ауыл тұрғындары үшін қуанышты хабар болары сөзсіз. Салидат ҚАЙЫРБЕКОВА, Денсаулық сақтау министрі: – Президент өз сөзінде тың­дау­шыларды көлік апаты орын алған кезде тікұшақтармен аза­маттардың өмірін сақтап қалу мақсатында жедел жәрдем беруге қатты назар аудартты. Өйт­кені, зардап шеккендердің басым көпшілігі медициналық көмек көрсеткенше жан тапсыратыны жасырын емес. Жолдауда көрі­ніс тапқан басымдықтар арасы­нан 2015 жылға дейін қазақ­стан­дықтардың өмір сүру дең­гей­ін 70 жасқа жеткізуді атап өтуге болады. Ал 2020 жылға қарай оны 72-ге көтеру жоспарланып отыр. 2015 жылға қарай бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін толық аяқтау көзделген. Яғни, ауруханалар азаматтарды емдеуде нақты нәтижеге жұмыс істейтіні басты міндет етіп қойылған. Сонымен бірге, азаматтардың «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді» барынша ұстануына жағдай жасау біздің алдымызға қойылған үлкен міндет. Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы – медициналық қызметтің ауылдықтарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындау мақсатында 16 жылжымалы жедел қызмет көр­сету кешендерін сатып алудамыз. Бұдан басқа жыл соңына қарай тағы 34-ін алу ойымызда бар. Медициналық көмекті уақытында көрсету үшін 16 тікұшақтың сатып алынатынын да айта кеткеніміз жөн. Ол өз кезегінде жоғарыда аталған жол апаты оқиғаларынан зардап шеккен азаматтардың өмірін сақтап қалуға дер кезінде сеп болары анық. Мақсұт Нәрікбаев, «Әділет» социал-демократиялық партиясының төрағасы: – Елбасы бүгінгі Жолдауында еліміз үшін бәйгеде жетемін дейтін көмбені көрсетіп қана қойған жоқ, оған жетудің жолдарын да жіктеп тұрып айтып берді. Маған әсіресе білім беру саласына қа­тысты айтқандары өте ұнады. Егер ой­ланып қарайтын болсақ, осы өт­кен 8 жылдан бері біз жоо-лар­дағы білім беруді еуропалық стан­дарттарға жеткізу жайын үне­мі сөз еттік, соған жетуді мақсат тұт­тық және көштік дедік. Ал нақты өмірде кеңестік заманнан бергі тәртіп, құқықтық тетіктер жалғасып жатты. Осының салдарынан жоо-ларда академиялық тәуелсіздіктің болмағаны шындық. Бүгінгі күні жағдай өзге­ше, Елбасы «Назарбаев Университеті» деген білім ордасын өмірге әкеліп, соны заңдастыру арқылы оның академиялық тәуелсіздігін жақсартып, осы жұмыстың қалай жүргізілу керек екеніне үлгі көрсетті. Өйткені, осыған дейін былай айттық, олай айттық, бірақ діттеген жерге жетпей жаттық. Мінеки, Жолдауда 2015 жылға дейін 12 жылдық білім беруге көшуіміз керектігі айтылды. Ал ол болмаса жаңағы айтылған білім саласындағы мақсаттарды орындау қиын. Біздің бүгінгі орта мектепті бітірушілеріміз жаңа білім жобасына дайын емес, Елбасының осы мәселені көтеруі көңіліме барынша қонды. Елімізге білімді азаматтар қажет. Және жастарға кәсіптік білім беруде бизнес құрылым­дарды жауапкершілікке бағыттап отырғаны да маңызды дер едім. Бизнестің өздеріне қажетті мамандарды оқытуға, оларды даярлауға қаражат бөлуі, түптеп келгенде, бизнестің елдің болашағына салған инвестициясы болмақ. Айгүл СОЛОВЬЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауы еліміз үшін ай­рықша маңызды саналатын мәсе­лелерді нақты көрсетіп, айқындай түсуімен маңызды болды. Яғни, қазақстандықтардың әлеуметтік әлеуетін көтеру, халық тұрмысын жақсарту басты назарда болмақ. Бұл жерде ерекше атап өтетін мәселе – Президент өкілеттігін ұзар­туға қатысты референдум. Еу­ропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымы стандар­тын­да кез келген адамның сайлауға қатысуға және өз ойын ашық білдіруге құқылы екендігі ашық айтылған. Демек, референдум бізге дәл осындай мүмкіндікті бере алады. Сондықтан, Президент өкілеттігін ұзарту мәселесін толықтай қосыламын. Ерлан НЫҒМАТУЛИН, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Президенттің биылғы жылғы Жолдауының басты ерекшелігі мен өзегі – Жолдаудың бүгінгі күннің проблемаларына, қоғам­ның өзекті мәселелерінің түбей­гейлі шешілу жолдарына арнал­ғандығы. Әсіре­се, әлеуметтік мә­селелерге ай­рықша назар ауда­рыл­ды. Мәселен, биылғы жыл­дың 1 шілдесінен бастап стипендия, бюджет саласында жүрген қызметкерлердің еңбек­ақы­сы 30 пайызға өсетінін айтты. Бұл – Қазақстанның, еліміз эконо­ми­ка­сының әлемдік қаржы дағда­ры­сынан мойымай, еңсе тіктеп шыққанын айғақтайды. Яғни, біз Қазақстан экономикасының негізгі құрамдас бөлігі – әлеуметтік сала тетігін күшей­тудеміз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жаңа серпін алды. Ендігі кезекте ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығы секторында жаңа өзгерістер орын алмақ. Жаңа жұмыс орындары ашылмақ. 130 млрд. теңге көлеміндегі несие ресурсы мал шаруашылығы саласын дамытуға, жандандыруға бағытталатын болады. Ендігі бір айтатын мәселе – халықтың еңбекпен қам­ты­луы. Бұл қазіргі кездегі ең бір өзекті мәселе десек те болады. Ал оның жүйелі шешілуі көптеген қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болатыны сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысы атап өткен маңызды міндеттердің шешілуі үшін арнайы заңнамалық нормалардың бекітілуі маңызды дер едім. Ал бұл мәселелер өзінің оңтайлы шешімін табады деп санаймын. Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Ақтөбе облысының әкімі: – Президенттің Қазақ­стан хал­қы­на арнаған кезекті Жолдау­ында әлеуметтік мәселелерге ер­екше назар аударылған. Маңызы зор бұл құжатты былтырғының заңды жал­ғасы деп қарастырған жөн. Атап айтатын жәйт – білім беру мен ден­саулық сақтау сала­сының сапалық деңгейін барын­ша арттыру міндеті өткір қой­ылды. Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде жұмыспен қамтамасыз ету жайын да ұмыт қалдырған жоқ. Негізінен Мемлекет бас­шы­сы ха­лықтың әл-ауқатын көтеру, со­ны­мен қатар, оларға қызмет жа­сау­дың сапасын арттыру дегенді үнемі назарда ұстап келеді. Бұл жолы да Президент сол міндеттердің орындалуы қажеттігіне ер­екше екпін бере айтты. Олай болса Жолдауды атқарушы орган­дардың жұмысын үйлестіруге қажетті тетік десе де болғандай. Бағдарламалық құжаттағы басты міндеттер біздің көкейі­мізден шығып отыр. Ендігі мәселе соны халыққа барынша түсіндіріп, жергілікті жерлерде ұйымдастыру жұмыстарын жүр­гізу қажет. Мемлекет басшысының бастамаларын халық қол­дайды, сондықтан жұмылдырудың арқасында алда тұрған көп­теген мәселелердің шешімін табатынына сенімім мол. Мәселен, 2020 жылға дейін балабақшамен қамтамасыз ету толығымен шешімін табу керек деген мәселе қойылса, Ақ­төбе облысында ол былтыр 20 пайызға өсті. Қазір балаларды балабақшаға ор­наластыру 85 пайызға жеткендігін айта кеткен жөн. Келер жылы оның межесін 95 пайызға жеткізуді ойластырып отырмыз. Осы­лайша барлық алға қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндіктер бар және сол үдеден шыға­тынымызға сендіргім келеді. Азат ПЕРУАШЕВ, «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы: – Бүгінгі Жолдауда бірнеше ма­ңызды мәселелер айтылды. Мәсе­лен, солардың ішінде ауыл ша­руа­шылығын, шағын және орта кә­сіпкерлікті дамыту, шағын несие беру мәселелерін айрықша атап өт­кім келеді. Себебі, бүгінде ірі бизнес, ірі кәсіпкерлік өз орнын әл­деқашан тапқан. Орта бизнес дағдарыстан кейінгі кезеңде жаңа бір сапалық сатыға көтеріліп отыр. Ал шағын бизнес әлі күнге дейін өзінің жүйелі даму жолын айқын­дай алмай келеді. Осы орайда, жеке кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырған шаруа иелеріне назар аудару айрықша мәнге ие болмақ. Себебі, бүгінде ауылды жерлердегі жеке шаруа қожалықтары үлкен қолдауды қажет етеді. Бұл ретте Елбасы ауылдағы шағын кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарына айрықша көңіл бөліну қажеттігін атап өтті. Жақын келешекте біз осы бағытқа тү­бе­гей­лі бет бұрып, оның дамуын назарда ұстаймыз деп ойлаймын. Ал жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдарының алғашқы күнінен бастап елдегі кәсіпкерлікті өркендетуге айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Оған бизнес секторларын себепсіз тексеруге қарсы мораторийдің жариялануын, оны бақылауға алуға қатысты мысалдарды дәлел ретінде келтірсек те болады. Бұл – үлкен қолдау. Бұл орайда, «Атамекен» одағы да ауылға жаңаша бет бұратынын айтқым келеді. Болат ӘБІЛОВ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы: – Биылғы жылғы Жолдауда Пре­зидент айтқан, көтерген әлеу­мет­тік саланы дамыту, бизнеске қол­дау көрсету, тұрғын үй сек­то­рын жандандыру секілді мәселе­лер біраз жылдардан бері айтылып келе жатыр. Сондықтан, ендігі жер­де олардың нақтылы жүзеге ас­қа­нын көрсететін нәтижелер күтеміз. Ал егер Президенттің өкілет­тігін ұзарту жөнінде референдум өткізу мәселесіне келер болсақ, демократия үшін, халық үшін, ел үшін сайлау қажет деп санаймын. Егер 5 миллиондай адам референдумның өтуіне қолдау білдіріп отырса, олар сайлауда да Президентке дауыс береді деп ойлаймын. Ол – айқын нәрсе.

«Келісімді өмір кепілі»

Елімізде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жақсылық жаршысы ретінде қарсы алу дәстүрі қалыптасқан. Менің екі ұл, бір қызым әртүрлі кәсіптің құлағын ұстап, әртүрлі қалада тұрғанымен таңертең үйге телефон шалып, сағат 11-де Елбасының кезекті Жолдауы жария­ла­на­тындығын еске салып жатты. Осыған да жүрегім жарыла қуандым. Жаңа дәуір ұрпақтары осылай болуға тиісті деп талай ата-ана тәубе тілегін айтқан шығар... Уақыт туындатқан «Бірлігіміз жарасқан!» ұранының ұлылығы мен ұлағаты да осында.   Ғалы МАНТЫҚОВ, Қорғалжын ауданындағы  «Ақ жол – 2030» ЖШС директоры. Өз үйіміздің төріндегі теледидарда көрінген Нұрекең жаңа Жолдауын: «Өз­ара келісімде өмір сүріп жатқан мемлекетті ғана жарқын болашақ күтіп тұр», деген жігер тасқындатар сөзімен бастады. Бодан жұрт бостан күнге жетті. Елбасымыз 1997 жылғы алғашқы Жолдауында: «2030 жылы біздің ұрпа­ғымыз әлем таныған елде өмір сүретін болады», деген болатын. Ұлық тілек уақыттан озып тұр. Небәрі 12 жылдың өзінде Жер шарының ең дамыған 126 мемлекетінің көшбастаушылар қатары­нан көріндік. Басқасын айтпағанның өзінде, ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызды абыроймен атқарып, Астана саммитін шақырғанымыз осының айқын дәлелі. Жолдауда қазақи ауылдарға қатыс­ты көптеген тілек, міндеттер қойылды. «Қазіргі кезде біздің егістік алқап­тарымыз мол өнім беруде. Енді біз мал шаруашылығы саласына баса көңіл бөлуіміз қажет. 2016 жылы біздің ет экспортымыз 60 мың тоннаға жететін болады. Бұл 4 миллион тонна астықтың экспортына тең». Тоқсан жылға жуық тарихы бар біздің Жантеке ауылының тұрғындары Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сөздерін айрықша қуанышпен әрі үлкен жауапкершілікпен қарсы алды. Шаруа­шы­лығымыз 3500 гектарға егін сеуіп, төрт түлік малды аман-есен өсіруде. Ұжы­мымыз қазір ірі қара тұқымын асыл­дандыру ісін мықтап қолға алуда. Қа­зірдің өзінде облысымыздағы Атбасар ауданының «Бастау» шаруашылығынан еттік бағыттағы торпақтар сатып алуға келісім шарт жасадық. Үкіметтен же­ңілдетілген несие алу мәселесі де шешімін табады деген сенімдеміз. «2011 жыл – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» болып жарияланған биылғы екпінді жылда игі ниетіміздің нәтижелі жемістерін көреміз деп ойлаймын. Ауылды индустрияландырудың мақсаты да осы. Жалпы, үстіміздегі жыл бүкіл та­рихымыздағы ерекше кезең болатыны айқын. Елбасымыздың өкілеттігі ұзар­тылатынына сенемін. Бұл – елді ілгерілету қадамы. Елдің келісімділігі де, келістілігі де осыдан көрініс береді. Жазып алған  Бақберген АМАЛБЕК,Ақмола облысы.  

Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде

Біздің ұжым мұнайшылары Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың жыл сайынғы Жолдауын асыға тосады. Елбасының биылғы бағдарла­малық сө­зін тікелей эфирден ұжым бо­лып ерекше ықыласпен тыңдадық. Өйт­кені, бұл  Жолдаудың мәні де, маңызы да бұ­рын­ғылардан айрықша. Келешекте Қазақ­стан экономикасы қалай дамуы қажет? Қай салаларға баса мән берген жөн? Осының бәрі де мұнда айқын көрініс тауып,  бағыт-бағдар алар көп мә­селені көңілге түйдік. Әсіресе, еліміздегі ин­дустрияландыру  жобасына бай­ланысты жастарға кәсіптік білім беру мен бә­секеге қабілетті болу үшін үш тұ­ғырлы тілді меңгерудің маңызы ай­рық­ша деп ойлаймын. Жолдауды тыңда­ғаннан кейін зауыттың байырғы мұнай­шылары: «Президент жастардың кәсіп­тік білімін жетілдіру қажеттігіне орын­ды назар аударды. Себебі, жастар – біздің келешегіміз. Олар әр салаға қажет мамандықты жетік меңгергенде ғана еліміз бәсекеге қабілетті бола алады», дегенді қайта-қайта айтты. Бәсекеге қабілеттілік дегеннен шығады, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы басталғалы бері жас мұнайшыларды жаңа қон­дырғыда жұмыс істеу үшін шетелде білімін жетілдірдік. Зауыттың жас мұнай өңдеушілері арасында ағылшын тілін меңгергендер көптеп саналады. Президент өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемін ұлғайтудың маңызын атап көр­сетті. Себебі, Қазақстандағы мол таби­ғи  шикізаттарды өндіріп қана қоймай, оны сапалы өңдеуге бет бұрды. Өз заманының ұлы ойшылы Сервантес: «Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде», деген ғой. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та осы қағиданы ұстанады. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстан өткен жыл­дар ішінде  200-ден аса өнімді экс­портқа шығаратын болды. Отандық өн­імді өңдеу 19 пайызға артты. Демек, мем­лекетіміз әлеуетті елге айналды. Мұ­най-газ өнеркәсібіне қоса өзге салалар да қарқынды дамуда. Мұнай-химия өнеркәсібі де еңсе тіктемек. Алдағы жылдары осы саланың өрге қажетті шикізаттар Атырау мұнай өңдеу зауытында  шығарылмақ. Қазір 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаратын кешен құрылысы басталды. Осының бәрі Елбасының идея­сымен ел игілігі үшін жасалып жатыр. Талғат БАЙТАЗИЕВ, Атырау мұнай өңдеу зауытының  бас директоры. Атырау облысы. Суретті түсірген  Темірлан СҰЛТАНҒАЗИЕВ. «Жақсы сөзге жүрегің жылиды» – дейді  Елбасы Жолдауын теледидардан көрген Павлодар өңірінің тұрғындары   Ауылда Павлодар өңіріндегі тілшілер қосы­нына хабарласқандардың бірі орман өрті кезінде ауыл тұрғындарына дер ке­зінде кө­мекке келгені үшін Елбасы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Лебяжі ауданы, Жа­ба­ғылы ауылындағы дәрігерлік бөлім­ше­нің дәрігері Шаттық Батырханова: – Бірнеше жылдан бері дәстүрге ай­налған Елбасының биылғы Жолдауын ерекше назар қойып мұқият тыңдадым. Өзім дәрігер болған соң, біздің денсаулық сақтау саласына қатысты барлық мәсе­ле­лер өте орынды, дер кезінде айтылды деп ойлаймын. Біздің ауыл шалғайдағы қа­лың орман шетінде орналасқан. Былтыр­ғы то­сыннан келген апат өрт кезінде қи­ын­дықтар көрдік. Ал енді Жолдаудан кейін алыстағы ауылдарға осындай жағ­дайларда санитарлық авиация көмекке келіп жатса, әрине, қиындықты жеңеміз. Сонымен қа­тар, 300-ден аса фельдшерлік пункттердің салынуы, жолдарда меди­ци­налық көмек көрсету орталықтарының ашылуы, меди­ци­налық қызмет көрсету туралы жетістіктерімізбен бірге әлі шешімін күткен мәселелер де атап өтілді. Біздің ауылдық округ бойынша фельд­шерлік пункт жұмыс істейді. Оны ме­ди­циналық жабдықтау бойынша аудандық ауруханамен тығыз байланыстамыз, бү­гін­гі күні барлық жағдай жасалған. Адам­дар дә­рілермен, медициналық қыз­мет­пен то­лық қамтылды. Биыл ауылда дәріхана ашылды. Мен Елбасы Жолдауын жақсылық жо­лы, жақсы сөз – жарым ырыс деп баға­лаймын. Өз ойымша, бұл құжат әр қазақстандықтың жүрегінен орын алып, болашағымыздың жарқын болатынына сенім білдіреді. Кентте Келесі кезекте біз Екібастұз ГРЭС-2 стансасындағы әріптесіміз, баспасөз хат­­­шысы Үміт Сапарқызына хабар­ла­сып: «Жолдауға байланысты энерге­тик­тер не дейді?» деп сұрадық. «Міне, міне, олар менің қасымда: Жаңа ғана теледидардан Елбасын тыңдап шық­қан бетіміз еді», деп қасында отырған жігітке телефон тұтқасын берді. «Аты-жөнім – Нұрлан Уахитов» – деді ол. – 1995 жылдан бастап «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ-та дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. Өзім осы энерге­тик­тер кенті деп аталатын Солнечный кентінде тұрамын. Біз бүгін Президенттің Қазақстан хал­қына Жолдауын тыңдадық. Ең бас­тысы, Елбасы айтқандай, біздің күшіміз – елдің бірлігінде. Мысалы, осы стансада 28 ұлттың өкілдері тату-тәтті еңбек етіп келеміз. Бәрімізді бір ғана мүдде біріктіреді. Ол – еліміздің өр­кендеуі, жақсы өмір сүру, тыныштықтың болуы. Елбасы Жол­дауында халықтың жағ­дай­ына, қазақстан­дықтардың денсау­лы­ғына өте көп көңіл бөлді. Мысалы, станса бас­шылары тек өн­діріс көлемін ұлғайту мәселелерінде ғана емес, оған инновациялық технологиялар енгізу, жұ­мыскерлер үшін өзінің әлеумет­тік жағ­дайларын құру үшін де жұмыс істеуде. Бүгінгі күні, өзіміздің дәрігерлік бө­лімше, зертхана, физиокабинет, өкпе ау­ру­ларын емдеу орталығы және профилак­тикалық спелеокамерамыз бар. Бұдан басқа, бассейн, спорт кешені, қазіргі за­ман­ға сай асхана жұмыс істейді. Бір сөз­бен айтқанда, барлық жағдайлар жасалған. Жуырда Елбасы күшінің арқа­сында, оның тікелей қатысуымен станса­дағы №3 жаңа энергоблок құрылысы басталды. Мен, өзім­нің әріптестерім энер­ге­тиктер сияқты, энер­го­блок құрылысына қа­тысып, оған өзімнің үлесімді қосаты­ны­ма мақтанамын. Жазып алған Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.