Облыстық білім беру басқармасы өңірдегі мемлекеттік педагогикалық институт, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университет, Инновациялық Еуразия университеті, Б.Ахметов атындағы педагогикалық, музыкалық колледж бітірушілерін аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып кеңес өткізді.
Кеңесте жоғары оқу орындарын бітіретін түлектердің «Дипломмен – ауылға!» бару мәселесі қарастырылды. Білім басқармасының хабарынша, биыл педагогикалық мамандықтар бойынша жергілікті жоғары оқу орындарынан 805 түлек, колледждерден 334 түлек бітіреді. Ауылдық квота гранттары – 87, аудан және қала әкімдерінің гранты бойынша – 77, еліміздің білім беру гранттары бойынша 413 бітіруші білім алған. Көптілде оқыту бағдарламасы бойынша 87 түлек әртүрлі пән мамандықтары бойынша білім алды. Түлектерді ауылдарда жұмыс орындарына бөлу кезінде бітіруші дипломының орташа балы ескеріледі. Бітірушілерді жұмыс орындарына бөлу қорытындысы бойынша 520 түлек ауылдарға аттанады.
Оның ішінде 351-і жоғары оқу орындарын, ал 169-ы колледж бітіреді. Өңірдегі жас мамандарға қажеттілікті қамтамасыз ету үшін білім басқармасы, аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің өкілдері Семей, Қарағанды, Астана, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарының бос орындар жәрмеңкесіне қатысады. Нәтижесінде алдағы оқу жылында Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 19 түлегі біздің облысымызға келеді деп жоспарлануда. Соңғы үш жыл ішінде облыс мектептеріне бір жарым мыңнан аса жас маман қызмет етуде. Ауылдық жерге жұмыс жасауға келген мамандарға мемлекет кепілдендірілген әлеуметтік топтама ұсынады – тұрғын үймен қамтамасыз ету (жалға беру, қызметтік, т.б.), баспана сатып алуға бюджеттік несие 1500 АЕК (3181,5 мың теңгеге дейін), 70 АЕК көлемінде көшерақы (148470 теңге). Бұл шаралар, әсіресе, жас мамандар – отбасылар үшін маңызды.
Үлгі етерлік жастар да аз емес, мысалы, Рүстем Сүлейменов пен Назерке Омарова екеуі де педагогикалық институт бітірген соң ауылға келіп еңбек етуде. Курчатов қаласының дәл жанында орналасқан алыстағы Ақжар ауылындағы қазақ орта мектебінде жас мұғалімдер Найма Думан, Армангүл Мұтан, Бұлбұл Аюпова, Гауһар Сыздықова – Шәкәрім атындағы университетті бітіріпті. Айна Мыңжарасова Талдықорғаннан оқу бітіріп «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында келіпті. Яғни, «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарламасына үн қосқан патриот жастардың бар екені.
Ақшиман ауылында жас мұғалімдер Гүлдана Амангелді, Ардана Қаймолдина, Ырысбек Ахметов те Ақжар ауылында ұстаздық етуде. Мектеп директоры Мәдина Қабдырәсілова осыдан төрт жыл бұрын облыс орталығындағы педагогикалық оқу орнын бітіріпті. Көңіл қуантады. Негізінен, жоғары оқу орындарын бітірген соң туған ауылдарына қайта оралып, еңбек жолын бастайтын жастардың қатарын көбейту жобасы қолға алынса, бұл бастама жолын табар еді.
Бірақ, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы барысына бөлінген қаржының орнымен жұмсалу-жұмсалмау мәселесі де алаңдатады. Ауылда пәтер сатып алу, табу оңай емес. Әкімдер жас мамандарға үй салып жатқан жоқ. Соңғы жылдары өкінішке қарай, өңірдегі Май ауданында – 47, Ақтоғайда – 58, Қашыр ауданынан 25 жас маман кері қайтқан көрінеді.
Бағдарлама бойынша 2009-2015 жылдары облыс мектептеріне барлығы 2 770 жас маман ауылға барғанын айтады облыстық білім басқармасының өкілдері.
Олай болса, жас мамандардың дипломдарын құшақтап, қайтып кетпеулеріне, ауылда тұрақтап қалуларына – жергілікті әкімдіктер қаладағыдай лайықты жағдай жасаулары қажет.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы