«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған бір ән кешінен түйген ой
Өткен жылдың соңына қарай, ертең Тәуелсіздік мерекесі деген күннің кешінде Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде бір әдемі жиын өтті. «Алаштың Ақан серісі» деп үкіленген осынау әдеби-сазды кеш қазақ әнінің кішігірім мерекесіне айналды десек те болады. Бұл ән кеші өзі де тұсауын жаңа кесіп жатқан «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің тырнақалды қадамы екен. Игілікті істің ұйытқысы болып жүргендер өңшең бір ұлттық өнерді сүйетін өрімдей һәм өндірдей жастар екенін көріп және қуандық. Сол жастар ән өнеріндегі ірі тұлғаларды, олардың шығармашылық мұрасын насихаттаудағы, осы орайда қоздауы бәсеңдеген ұлттық рухты оятудағы алғашқы қадамды Алаштың ардагері, қазақтың классикалық музыкасының негізін салушылардың бірі, алтын ғасырдағы ән діңгегі, ұлы композитор, аруақты ақын һәм асқақ әнші Ақан сері Қорамсаұлынан бастағанды жөн көріпті. Абай ғақлиясына жүгініп, істің игілігі мен ізгілігі әуелі қалай басталғанынан білінетініне тағы да ден қойдық. Иә, ұлық мерекеміз тәуелсіздікке Ақан рухы үндесіп тұр екен-ау. Серінің серт үстіндегі семсердей ғазалдары ақ патшаның отаршыл саясатын өз тұстастарынан ерек шыққан күрескер парасатпен, алғашқылардың қатарында аяусыз әшкерелеп еді ғой. Иә, Николай патшаның алдында алаш қауымының зар-мұңын өлеңдетіп ақтарған да сол замандағы зиялымыздың ішіндегі зияты Ақан сері емес пе еді. Азаттықтың аңсар жаршысы, отаршылдардың қиянатын жан-дүниесінің тұңғиық түйсік тұмасымен сезінген, көкірегінің зердесімен көріп назаланған да наразы болған ұлт рухының бір мұңлық мінәжатшысы осы ән ардагері емес пе еді. Мына азаттықтың ақ таңы атқан бостан заманымызбен Ақан рухы, Ақанның сөзі мен сазы бірге жаралғандай дейтініміз де содан.
Ақанның әнін сағыныппыз, сардаланың сағымындай әуелеген, кәусар нұрға малынған сазын сағыныппыз. Алаштың ұлы ақыны Мағжан айтқандай, Ақанның ертегідей сұлу өмірін сағыныппыз. Шынында да, өнерінен өмірі, өмірінен өнері сұлу, өмірі мен өнері бір жанмен ғұмыр кешіп, бір жүрекпен лүпілдеп, бір деммен тыныстап, ажырағысыз бүтінге айналған мұндай саңлақтар қай топырақта да сирек. Болмаса ағылшынның өнерлі дегдары Оскар Уайльд біздің Ақанның қолына су құюға жарамайды немесе Шаляпинді қапталына алмас еді деген сөздерді Мағжан, Сәкендер тегін айтты деймісіз. Ақан рухы өзінен кейінгі жалпы қазақ мәдениетінің қасиеті мен киесіне, ұлттық өнердің діліне дегдарлық пен бекзаттықтың өшпес сәулесін түсіріп таңбаланды, салдық пен серілікті ізгілік-парасаттың жоғары сатысына көтерді. Қазақ мұңының мүсініндей Мағжанның, қазақ жырының Құлагері Ілиястың, сері туралы қос романды халқына мұра етіп асығыс аттанған Сәкен сері Жүнісовтің, күні кешегі музыка өнеріндегі біртуарларымыз Нұрғиса мен Шәмшінің жан тамырлары әсіресе Ақан серінің тұнық тұмасынан, сұлу сабатынан қасиет тартқаны күмәнсіз. Осы орайда әдемі кештің ақ батасын айтқан профессор Тұрсынбек Кәкішұлының: «Ақан серіге келмеген, Ақан сері, Біржан салдарды құрметтемеген адамдарды қазақ деп түсінудің өзі де қиын болуы мүмкін» деген сөздерінен көп сыр аңдағандаймыз.
Қазақ әнінің атасы Біржан дейміз. Одан бұрын Сегіз сері өткен. Осындай ән кемеңгерлерінің сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл солардай шабыт самғауына көтеріледі. Сөйтіп, Арқаның әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқырайды. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуендерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады. Музыка білгірі Ілия Жақанов ағамызбен сапарлас болып бір сұхбаттасқанымызда былай дегені бар еді: «Ақан серінің әндерінде цикл-цикл болып келетін белгілі бір жүйелілік, заңдылық байқалады. О баста, жастық, бозбалалық дәуренінде шығарған махаббат әндері, алғашқы ынтық ғашық жырлары – қос Бәтимаға жолдаған әндері, мәңгілік махаббат арманы мен сағыныш әлдиіндей Ақтоқты циклы, Сырымбеттегі үш сұлу перизат: Ұрқия, Жамал, Үрімдерге арналған «Сырымбет», «Үш тоты құс», «Жамал», өмірбақи арман-үнінің қанаты болған тұлпарлары туралы «Салқоңыр», «Көкалатай», «Маңмаңгер», «Телқаратай» әндері. Одан кейін шабытын шырқау биікке шарықтататын қыран құстарын ардақтаған «Көкжендет» пен «Қараторғай». Жастық шалқуы мен жан тазалығы, сұлулық тәңірі һәм өмірге іңкәрлік өрнектелген «Шәмсиқамар», «Райхан гүл», «Нәзік бел», «Балқадиша», «Көк көбелегі», азаматтық өмір тану парқын зерделейтін «Майда қоңыр» секілді әндері ақындық, әншілік құдіретін ашатын дүниелер. Ақан сері осы қалпымен, осы сипатымен Сегіз серіден де, Біржан салдан да бөлекше үн қататын өзгеше сырлы әлем, шырқау самғаған ән сұңқары. Ол бүкіл қазақтың ән өнерін даңққа бөлеп әлеуеттендірді, әуездендірді, биіктетті һәм тереңдетті».
Ақан әндеріндегі шалқар тыныс, салқар кеңдік таңғалдырады. Осының құпиясын ән кешіндегі ажарлы сөзінде Тұрсынбек ағамыз дәл ашып бергендей. Кең далада әнді осылай кеуде кере шырқап салмаса бола ма? Қазақ әнінің кеңінен көсілуі, еркін есілуі, мол мінезділігі, дарқан диапазоны даладан дарыған. Қазақтың әндік диапазоны италиялықтардан артық болмаса, кем емес деп Ермек Серкебаев та айтып жүр. Ендеше, көшпенділер мәдениетінің тұғыры дала болса, сол мәдениеттің бір биік шыңы Ақан сері әндерінің кеңістігі – кең даладан, көріктілігі – Көкшетаудан деп білгеніміз жөн сияқты.
Зар төгіп, запыран құсқан «Құлагер» әнін осы тұста еске алмағымыз ләзім. Ал енді махаббат мейрамының да, ғашықтық трагедиясының да биік шыңы арман қыз Ақтоқты десек, осынау мұңды хикаяда бүгінге дейін тайталасып келе жатқан тарих шындығы мен көркемдік шындықты ақын-жазушыларымыздың шарықтаған қиялы ию-қию араластырып жібергендей. Ақан өмірінің де, ынтызар жүрек шерінің де шынайы шындығы оның тар жерде тілімен бал берген ғашық жардың өзінен шынымен көңіл суытып кеткеніне шамырқанып айтқан: «Сарымида басыңды кесіп алып, Даулассамшы өмірде құныңменен» деген налалы сөздерде жатқанын бір ауық ескергеніміз де дұрыс-ау. Бақыт пен сордың дәмін алма-кезек, толассыз үдемелей татқан Ақан әндерінің арғы пәлсапасында дала даналығы жатқандығы даусыз. Қасіреті қаншалықты қалыңдай түссе де: «Дәуренді мендей сүрген кім бар екен, сонда да қызығыңа бір қанбадым» деп фәниді бақиға айырбастағысы келмейтін құштар сезімді ақынның «Шырмауық», «Әудем жер» әндерінде өміртүйіндік ой жинақтауы далалық дана ойшыл мінезді, парасат пен имандылық иірімдерін білдірсе керек. Осы тұрғыдан да қазақтың классикалық ән үрдісінде Ақан сері оқшау тұрған дара құбылыс екендігін сонау Мағжаннан бастап Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов сынды жампоздардың бәрі айтып өткен болатын. Олай болса, өзінен бұрынғы ардагер өнер иелері ұстанған халықтық табиғи дәстүрді ілгері дамытып, әннің құбылысын, ажарын, түрін, мазмұнын, жалпы бітім-болмысын байытып, сымбатын сұлуландырған, тек өзіне тән үн-бояуларымен қайталанбас тылсым көркемдік дүниесін жасаған аса құдіретті дарын, кемеңгер өнерпазбен осы заманда да әр жолы шынайы ынтызармен сағынып көріспеске де әддіміз жоқ-ақ.
Иә, сағынамыз. Аяулы Ақан серіні, оның аңыз өмірін, қазақ даласының қанатты пырағы, қиын тағдырлы таланттардың символына айналған Құлагерді, оның армандай әндерін, махаббаты мен серілігінің ғажайып әлемін сағынамыз. Тағдыры қилы тәлкекке түскен трагедиялық тұлға біздің жанымызға аса жақын әрі ыстық. Ақанның қайғысынан да өнеге табамыз, тағылым аламыз. Ақанның нала-мұңы да асқақ әрі сұлу, иманды әрі ізгілікті. «Адырна» бірлестігі ұйымдастырған ән кеші Ақан серіге деген мүлгіген сағынышымызды қағып-сілкіп қайтадан оятқандай күйге бөлендік. Ақанды айтамыз-ау, күні кеше еркелеп, екпіні үй жыққандай болып көз алдымызда жүрген, ардагер Ақанның аруағын аунатқан, біздің замандағы көзіндей болған Сәкен серіні де сағыныппыз. Оның туған інісі, режиссер Орал Жүнісовтің «Ақан сері» атты деректі фильмінен, бәлкім, тірісінде қадірін біле бермеген осынау аяулы жан, аптал жазушының бейнесін көріп, Ақан туралы айшықты әңгімесін тыңдап, сағыныш мауқын сәл де болса басқандай болдық. Ақанды айтамыз, көзі тірісінде күркіреп, жүрген жерін думан қылып жүретін Сәкен серінің өзін де елеп-ескеріп жатқан кім бар қазір?
Жә. Әңгімеміз Ақан сері ғой. Тағы да Ілиясқа жүгінсек, Ақанның ең аяулы әңгімесі Құлагер емес пе? Шапқан жері ор болып қалатын, бәйгеге қосқан елін дәйім шаттандырған, баспа-бас қызға бермес жануар – тұлпар Құлагер. Сол тұлпардың қасиеттілігі сондай, қара жүректен қапыл қазасы жетсе де өлмей, бар қазақтың жады мен жүрегінде мәңгілікке жатталып та сақталып қалған ән – «Құлагер». Дүниенің бар байлығымен бірдей көрген Құлагерін баспа-бас қызға да бермегені рас Ақанның. Батыраш та баспалап кісі салғанда Алтай-Қарпықтан таңдаған сұлуын алып берем деп бопсалаған. Атақты Зілқараның Әлібегі де Құлагердің бодауына қызы Ақшабақты беру райында болғандай. Бірақ Әлібек батырдың жөні бөлек. Ол әннің ақсұңқары Ақан серіні жақсы көріп бауырына тартты, қолдау жасады, батыр-бағландық айбынымен кіші жүздің бір үлкен асында бәйгеге қостырып бағын сынатып, қазақ даласында бұрын-соңды болып көрмеген ерен жүйрік Құлагердің атағын алты алашқа алғаш дүркіретіп жайды. Сөйтіп, кезінде Ақан серідей ақиықтың, Құлагердей қолтығына қанат байлаған пырақтың маңдайы ашылып, қалың қазақ еліне бар қадыр-қасиетімен жарқырай танылуына жол салды.
Әрине, Құлагерге Әлібек те қызықты. Құлагерге қызықпауға бола ма?! Осы жайында кешті жүргізуші, өзі әнші Ерлан Төлеутай бір әңгіме айтты. Жаңағы астан қайтқан жолда Әлібек Құлагерді қолқалайды екен. Атын қимаған Ақан ұзақты күн үндемейді. Ақыры, екеуі екі жерге түнейді. Таңертең Әлібек келсе, бір алаңқайда Ақан жерге бауырын төсеген атының мойнына басын салып, Құлагерін құшақтап ұйықтап жатыр дейді. Мына ғажапты көрген Әлібек: «Бірі адам, бірі жануар болса да, екеуінің достығы адамнан бетер екен ғой. Ақанның атын алмақшы болған менікі иттік екен», деп ол пиғылынан бас тартыпты. Атынан түсіп, Ақанды оятып, Құлагер екеуін тұрғызып: «Ақанжан, Құлагеріңді өзің мін, бұл әңгіме осымен бітсін», деп кешірім сұраған көрінеді.
Құлагерді кім өлтіргені жөнінде әрқилы әңгімелер айтылып қалады. Мағжаннан кейін, 1931 жылы Ақан серінің жайын Көкшетауға арнайы барып, Сырымбеттен Ерейментауға дейін із қуалап бүге-шігесіне дейін зерттеген Ілияс Жансүгіров. Ақан серінің дүниеден өткеніне сонда 17-ақ жыл. Көзі тірі қаншама куәлермен сөйлескен. Демек, шындыққа ең жанасымдысы да Ілекеңнің «Құлагер» поэмасында таңбаланған деректер болса керек. Олай болса, әсіресе, Батыраш «адвокатының» кейпіне енушілерге әртүрлі қисынсыз болжамдар жасап, бүйректен сирақ шығара берудің жөні жоқ сияқты.
Ілекең сол сапарында Қусақ көлінде Құлагердің жығылған жеріне тас үйіп кеткен екен. Сол араға белгі қоюды аманаттапты. Кейін сол қойылған белгіні өндіршектен алған өтпелі кезеңде қырым мен қытайға темір өткізуші қу құлқынның құлдары тік көтеріп әкетіпті. 150 жылдығы кезінде Айыртауда салынған Ақан ауылы қазірде тағы қаңырап қалған. Әйтеуір, Астананың қасында Сәдібек Түгел бір жоғымызды түгендеп Құлагерге тұрғызған ескерткіш әзірге дәтке қуат.
Дәтке қуаттың бірі Ақан әндеріне іздеу салған мына кеш. «Құлагерді» жас әнші Саят Нұрғазин орындады. Уақыттың әсері болар, ән қайғылы сарыннан арылғандай, қайта сол қайғының өзін бейнелейтін, құлагер-тағдырдың гимніне айналғандай. «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық» деген осы да. Ал, қайғысы Ақанның өзінде қалғандай, серінің өмірімен бірге үзілгендей. Осы ән асқақтатып тұрған трагедияны Сәбит Мұқанов айтатын бір естелік ұқтыра түскендей, дейді кешті жүргізуші. Сәбең бала кезінде бір қыс тебіндегі қоста болып, жылқы бағысыпты. Бақыршы бала боп жүрген ғой. Қазанда ет күнде былқылдап қайнап жатады. Жұнттай боп семіріп алдым, дейді Сәбең. Бір күні қосқа жылқышылар Ақан серіні шақырып алып келіпті. Баяғы Ақан емес. Дәуренінде әнге салып елдің қайғысын кеміткен өнерпаз өзі қайғылы. Жүзі жүдеу, үкісі тозған, бөркі қырқылған, шапанының өңі кеткен, бетін әжім торлаған. Жылқышы жігіттер жан-жағынан: «Аға, «Құлагерді» айтыңызшы», деп кеу-кеулей қиылады. Шерлі серінің әнге зауқы жоқ. Әу деп зарлана бастап, екі жолын айтып, еңіреп жылап жіберіп, сол арада жер бауырлап жата кетіпті.
Ақанның өзінің: «Алып ем жиырма бесте дөненіңде» дегеніне ден қойсақ және Сағынай асында қара ниеттінің жалғыз қазығына жығылғаны 1876 жыл деп даусыз таңбалануын ескерсек, біздің есептеуімізше, кемінде сегіз жыл тақымына басқан Құлагер ардагер иесіне жер-көкте жоқ қуаныш та сыйлап еді-ау. Аққошқар Сайдалының асынан бас бәйгені алып көңілі өсіп, шалқып келе жатқан Ақан шырқатып, құбылтып, гүл-гүл жайнаған «Маңмаңгерге» салмаушы ма еді.
Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сипап қалқатай да.
Жүрісің желмаядай жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда.
Ахау, жігіт ері,
Дерсің мені,
Деп салған
Маңмаңгерге Ақан сері.
Ақан шаттығының бал бұлағындай еркеленген «Маңмаңгерді» Ерлан Төлеутай толқындата, жібектей есілген мейір-шуағын бипаздата төгіп, нәшіне келтіре айтты. Ақанның Құлагеріне деген кеуде кернеген шаттық-сүйіспеншілігі толқын-толқын болып төгілгендей. Ізгілікті ақ жаңбырдай себелей лекітіп, мұншалықты әсем айшықталған махаббат музасына мейірдің қануы да қиын-ау. Дәл мұндай ерке назды, толықсыған сұлу әнмен аяланған, ардақталған ат жер-жаһанда бар деп те білмеймін-ау.
Танымал әншілер Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаевалар Ақан серіге арналған кештің көркін келтірді. Олардың орындауындағы «Іңкәр-ай» мен «Шәмсиқамар», «Райхан гүл» мен «Шырмауық», «Мақпал» мен «Ақтоқтының аужарындағы» Ақанның ғашықтық, өмірге соншалықты іңкәр ғазалдарының сиқыр сазы, кемпірқосақ шұғыласына малынғандай, таңдай таза, ынтық әуезі қандай шіркін! Осындай дарқан әндерді тыңдау жанның рахаты. Қазіргі жастарымыздың осы тамырдан ажырап, құнарсыз қаңғыр-күңгірге бой ұрып бара жатқаны қынжылдырады.
Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздың айтуы рас. Қазақ әніне зар боп қалдық. Мына тәуелсіз заманымызда қазақ әні шетке қағылып, үлкен сахна, мерекелі думан, теледидар жиындарының есігінен сығалаған өгей баладай жаутаңдауы қалай? Ақан да, Біржан да, Мұхит та, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Мәди, Естай, Иманжүсіп, Кенендер халқымен қауыша алмай, мұңлық күй кешуде десек, шындықтан алыстамаймыз. Кінәнің бір ұшы өзіміздің самарқау селқостығымызда да жатыр-ау. Ұлттық өнерге жанашырлық қайда? Ұлттық рухымызды өзіміз қамшылап неге оятпаймыз? Сөйтудің орнына күллі қазақтық мәдениетті жұтуға ыңғайланған қорқау қара жырадай қайдағы бір тепеңкөктерді мініп алып кешке шейін селкілдеп билеуге құмартып тұрамыз деп назаланған абыз аға сөзінің ақиқатына бір сәт ден қойсақшы. Сол ойламастықтың зарпынан енді келіп, міне, қазақтың шырқап салатын, кәдімгідей дауысын кернеп салатын шынайы ұлттық, қазақ музыка өнерінің алтын ғасырын жасаған ардагерлеріміздің әндеріне зар болып қалғанымызды несін жасырамыз.
Десек те, дәстүрлі халық әндерін орындаушылардың жас толқын үлкен бір шоғыры өсіп келе жатыр. Ақанның «Майда қоңырын», «Жігітшілік» пен «Көк жендетін», «Көк көбелегі» мен «Балқадишасын» «Сырымбеті» мен «Көкалатайын» шырқай айтып көңілді гүлдендірген жас әншілер Гүлсім Арысбаева, Жасұлан Базарбеков, Ерлан Құжиманов, Талғат Әбуғазы, Жасұлан Сақаевтарға мың рахмет дер едік. Тек солардың өзіне мына «Адырна» сияқты ұйытқы қамқоршы болмаса, күнде-күнде сахна төрі, ән сүйер қауыммен жүзбе-жүз қауышу құрметі, өнерін көпшілікке сынату бақыты бұйыра бермейтіні де анық. Жас әншілердің ғана емес, жасамыстарының да басын қосып, тіпті сонау Көкшетаудан Ақан сері ауылының тумасы, жыршы-жырау, құйма құлақ, зерен көкірек әңгімеші Жұмабай Есекеев ақсақалды алдыртып, мынадай тағылымды ән мерекесін Алматының төрінде ұйымдастырған «Адырна» бірлестігінің сауапты ісіне сүйсінсек те, осының өзі оңайға түспегенін де біліп отырмыз. Игі істі иненің көзінен өткізіп, сәтімен сабақтауға жалғыз талаптың, күлшесіз құрғақ құлшыныстың жеткіліксіздігін Жоламан Құжиманов, Арман Әубәкір, Жұлдыз Сүлейменова, Гүлсім Арысбаева, Бақтияр Ақымжанов, Ардақ Беркімбай сияқты дәстүрлі ән өнеріміздің әсіресе жас толқын жанашырларынан құралған ұйымдастырушы топ арқаға батқан аяздай сезінді. Олай болса, кейінгі жастар көп біле бермейтін халқымыздың ән өнеріндегі ірі тұлғаларымызды насихаттап дәріптеуді, сөйтіп қана қоймай, өнер сүйгіш қауымға олардың беймәлім қырларын ашып көрсетуді ізгі мақсат етіп қойған «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігіне мемлекет пен министрліктің, мекемелер мен меценаттардың назарын аудару үмітіміз де жоқ емес. Олардың тарапынан қамқорлық-қолдауға ие болып жатса, жас өркеннің жалауы желбіреп, бәріміздің көз қуанышымызға айналар ма еді, қайтер еді.
«Алаштың Ақан серісі» әдеби-сазды кешінде Уатқан Зақан қарындасымыздың «Құлагердің құлыны» атты әдемі әнінің тұсауы кесілді. Онда «Әсем әннің таусылмайды жалғасы Құлагердің құлынындай кекілді» деп шырқалды. Біз осыған сендік. Себебі, Ақан сері, Біржан салдардың, Алаштың басқа да өнер ардагерлерінің әндері ұмытылса, қазақтың қазақтықтан қалған күні сол болар...
Қорғанбек АМАНЖОЛ.