26 Мамыр, 2016

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

1015 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
BAL_6844Кеше Астана қаласының №75 мектеп-гимназиясын­да мектеп бітіруші түлектер­дің қоштасу мерекесіне арналған «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты салтанатты жиын өт­ті. Айта кетейік, аталған оқу ордасын Мемлекет басшы­­сы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жыл­­ғы 1 қыркүйекте ашқан бо­ла­тын. Гимназияда оқуға ын­­тасы жоғары балалармен жұ­мыс істеуге бағытталған оқу­­шы­­лардың «Эрудит» ғы­лы­­ми қоғамы жұмыс істейді. Жиынға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, мектеп мұғалімдері мен бітіруші түлектер және бірінші сынып оқушылары қатысты. Министр өз сөзінде: «Сіздер жаңа әлем – білім әлеміне қадам бастыңыздар. Бұл мүлдем басқа әлем. Меніңше, оны сіздер университеттің бірінші курсында сезіне бастайсыздар. Сіздер тереңдетілген білім алдыңыздар, енді ҰБТ-ны сәтті тапсыруларыңызға тілектеспін» дей келе, оларға еліміздегі және шетелдегі үздік ЖОО-ларға түсіп, болашақта ұлы ғалым, ұлы жазушы, білгір де білімді маман болуларына сәт сапар тіледі. «Біз және сүйікті мектептеріңіз сендерді мақ­тан ететін болайық», – деп түйіндеді сөзін Е.Сағадиев. Содан соң мектеп-гимназия директоры Сал­танат Тоғатаева түлектерді осынау қуанышты күнмен құттықтап, олардың мемлекетімізді гүлдендіруге өз үлестерін қосатын саналы азамат болуларына және гимназияның мәртебесін асқақтатып, биік белестерді бағындыруларына мектеп басшылығы атынан зор сенім білдірді. Әсіресе, кішкентай бүлдіршіндердің аға-әпкелеріне айтқан тәтті тақпақтары жиылған қауымның ыстық ықыласына ие болды. Мәселен, «Кемелденген маман боп, Келіңіздер аман боп. Мерейлі боп күніңіз, Мектепке кеп тұрыңыз. Содан соң соңғы қоңырау сыңғыры естілді. Дүйім жұрттың күткені де осы бір аяулы да қымбат сәт еді. Әуезді әнмен қосыла шыққан күміс қоңырау сыңғырын естіген кейбір заман­дастардың, көз алдына алтын ұя мектебі елестеп, естеріне балалық балдәурен шақтары түсті ме, көңілдері босады. Көкке қалықтаған қы­зылды-жасылды, алуан түсті шарлар әрбір оқушының ақ бантиктей алғаусыз ақ тілегін жеткізуге асық­қандай еді. Шара барысында тыныштық пен бей­бітшілік символына айналған, бақыт құсы – ақ көгер­шіндер ұшырылып, жұртты мәре-сәре етті. Ал­­дарынан қиын да қызықты өмір жолы күтіп тұрған мектеп бітіруші түлектердің бойынан өздеріне деген сенімді, кезіккен қиындықты қасқиып тұрып еңсере алатын қайсарлық пен өжеттікті аңғарғандай болдық. Өйткені, олар Тәуелсіз еліміздің ізгі қасиеттерін, рухани құн­ды­­лық­тарын бойларына сіңірген, өз Жері мен Елін қорғай алатын өр ұрпақтың өкілі емес пе?! Қоштасарда алтын ұя мектебің, Маңдайыңнан сипап өтер көкте күн. «Сәт сапар!», деп қол бұлғаймыз бәріміз, Тілейміз біз армандарға жеткенін! – деп біз де, арман қуған жастарға жақсы ниетімізді білдіріп, тарқастық. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»