Елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін ендірудің кезеңдік қадамдары жалғастырылуда. Саладағы кез-келген реформа сияқты, оның басты мақсаты тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруды көздейді. Осыған байланысты, денсаулық сақтау мекемелері құрылымдық өзгерістерді бастан өткеруде. Атап айтқанда, облыстағы алты ауылдық аурухана амбулаторияға айналдырылды. Мұның барлығы Үкіметтің денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік нормативтеріне қатысты 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2131 қаулысындағы талаптарды орындау мақсатында атқарылған. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Баян ЫСҚАҚОВАНЫ әңгімеге тартып, тақырып төңірегінде ой өрбітуді өтінгенбіз.
– Баян Сейілханқызы, былтырғыны қосқанда қайта құрылған ауруханалардың саны тоғызға жетіп отыр. Бұл уақыт талабы дегенімізбен, көптеген арыз-шағымдарды да тудыруда. Осыған орай, газет оқырмандарына қандай түсінік берер едіңіз.
– Сұрағыңызға жауап бермес бұрын жаңа жүйе туралы айта кетейін. Өткен жарты жылдың ішінде ғана 491 адам амбулаториялық емдеу ұйымдарын өз еркімен таңдау құқығын пайдаланды. Тіркелген өтініштердің барлығы да қанағаттандырылды. Осы мерзім аралығында ауруханаға жатқызу туралы 11869 өтініш түссе, оның 41,8 пайызы ауыл тұрғындары болып отыр. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының көршілес аудандарынан 337 адам Көкшетау қаласының ауруханаларында ем қабылдады. Осының өзі ұлттық жүйенің артықшылығын айқындайды.
Ал оңтайландыру немесе қайта құрылу ауылдық ауруханаларды ғана емес, тұтас жүйені қамтиды. Стационарлардың төсек орындық қарымы 2009 жылмен салыстырғанда, 483-ке азайып, 6107 төсек-орынды құрады. Сөйтіп, әр 10 мың тұрғынға шаққандағы орын 82,8 болып отыр. Республикалық көрсеткіш – 65,4. Соған қарамастан, жекелеген аудандар мен облыстық мекемелерде осы қуаттың өзі тиімді пайдаланылмайтыны анықталды. Нақты дерекке сүйенсек, өткен жылы сырқаттардың 30 пайызы ауруханаға негізсіз жатқызылған. Есесіне күндізгі стационарлардағы төсек орын саны 589-дан 1088-ге көбейтілді. Осыған сәйкес емделгендер саны 8512-ден 15617-ге жетті.
– Сөзіңізден аңғарғанымыз, ауылдық ауруханаларды дәрігерлік амбулатория етіп оңтайландыру арқылы күндізгі стационарлардың тиімділігі артпақ. Сонда емдеу орындарын мемлекеттік нормативке сәйкестендірудің негізгі ұстанымдары қандай?
– Ол медицина мекемелеріне тіркелген тұрғындар санына байланысты болмақ. Мәселен, шалғай елді мекеннің климаттық-географиялық, тағы басқа ерекшеліктеріне қарай, кемінде 5000 тұрғыны бар болса, аурухана құрылады. Ал, 2000-нан астам тұрғыны бар аумақта дәрігерлік амбулатория жұмыс істейтін болады. Одан төмен қарай фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық пункт болып кете береді. Қазір облыста 117 ауылдық дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетуде. Орналасу жағдайына қарай, барлық мекемеде күндізгі стационар сақталып отыр.
Енді аурухана мәселесіне қайта оралайық. Былтырғы жылдың басында оның саны жетеу еді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес Астрахан ауданындағы Первомайка, Зеренді ауданындағы Күсеп ауылдық ауруханалары дәрігерлік амбулаторияға ауыстырылды. Бұған дейін онда тәулік бойғы стационар, амбулатория және зертхана бар деп есептелді. Бірақ, мамандар болмаған. Ауылдық ауруханада дәрігердің ставкасы 20 төсек-орынға теңестірілген. Ал, біздің өңірдегі халық тығыздығы кей жерлерде, тіпті дәрігерлік амбулатория ашуға да аздық ететіні байқалады. Сондықтан, бірнеше ауылдың тұрғындарын бір ауруханаға немесе амбулаторияға тіркеуге тура келеді. Ауруханалардың «100 аурухана» бағдарламасымен негізінен аудан орталықтарында салынып жатқан себебі де сол.
– Сонда ауруханалары жабылған ауыл тұрғындары неден ұтылып отыр?
– Тәулік бойғы стационарды айтпағанда, ештеңеден. Бірақ, ауыр халдегі, тіпті орта деңгейдегі сырқаттар кемінде аудандық ауруханаларда немесе арнайы медициналық мекемелерде емделуге тиісті екендігін түсінуіміз керек. Қалғандары күндізгі стационар мен амбулатория қызметін пайдаланады. Ендеше, жоғарыда аталған құрылымдық өзгерістерге үрке қараудың қажеті жоқ. Оңтайландыру – қысқарту немесе үнемдеу емес. Адамдар өз орындарында жұмыс істеуде, өйткені облыста әлі күнге 400-ге жуық дәрігер жетіспейді. Жедел жәрдем көліктері, зертханалар да орнында.
– Ал ұтымды тұсы жайлы не айтасыз?
– Қаржыны шашыратпай, тиімді пайдалану арқылы саланың әлеуеті күшейтіледі. Оңтайландыру нәтижесінде дәрігерлік амбулаториялардың саны былтырғы 158-ден 109-ға қысқарды, оның 49-ы медпункт пен ФАП-қа айналды. Керісінше, 18 медпункт фельдшерлік акушерлік пункт дәрежесін алды. Сондай-ақ, 2009 жылы бірде-бір ФАП болмаса, қазір оның саны 62-ге жетіп отыр. Барлық ауылдық медицина ұйымдары аудандық аурухананың құрылымдық бөлімшелері болып саналады. Осы арқылы медициналық көмек аудан аумағын тұтас қамтып, алдын алу шаралары жоспарға сәйкес жүргізіледі. Стационарлардың төсек қоры норматив талаптарына сәйкестендірілді. Жұмыс барысы құзырлы органдар тарапынан үнемі бақылауда (былтырғы тоғыз айда 161 тексеріс болған) ұсталады. Орын алған азын-аулақ кемшіліктің оңтайландыру мәселесіне қатысы жоқ.
– Газеттің облыстағы қосынына Шаңтөбе жұмысшы кенті мен Есіл ауданынан шағым түсіп еді...
– Ауылдық ауруханаларға қатысты жоғарыда айтылған мәселе Шаңтөбе мен Двуречный селосына да қатысты. Есіл қаласынан 64 шақырымдағы Двуречныйдың екі қабатты учаскелік ауруханасында стационарлық 20 төсек-орын болатын. Үкімет қаулысына сәйкес ол дәрігерлік амбулатория болып қайта құрылды. Қазір мұнда 10 орындық күндізгі және 5 орындық тәуліктік стационар жұмыс істеп, үш ауылдың тұрғындарына қызмет көрсетуде. Қазірдің өзінде осындағы тәуліктік стационарда 98, күндізгіде 202 адам емделді.
Шаңтөбенің ауруханасы кеңес кезіндегі одақтық орта машина жасау министрлігінің ведомстволық қарауында болған және 400 шақырымдағы Степногорск қаласының құрылымдық бөлімі саналатын. Қазір уақыт та, нақты жағдай да өзгерді. Аурухана дәрігерлік амбулатория атанғанымен, әрқайсысы 20 төсек орындық тәуліктік және күндізгі стационар жабдықталды. Зертхана, рентген кабинеті, жедел жәрдем бөлімі жұмыс істейді, бұрын болмаған УЗИ аппаратын сатып алу жоспарланған. Әйелдердің босану мәселесі де қарастырылған. Оның үстіне, тұрғындар түрлі медициналық құжаттарды алысқа шапқыламай, осында рәсімдей алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.