Оңтүстікте облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қазақ ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтының бастамасымен республикамызда тұңғыш рет маммографиялық және цитологиялық скринингтік орталықтар ашылды.
– Былтырғы жылдың желтоқсан айында бастапқы медициналық-санитарлық көмек беретін қалалық емхананың онкологтары, маммологтар, рентгенологтар, цитологтарын оқып-үйреттік, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов. – Енді облыс көлеміндегі қалалық аудандарда оқыту жүргізіліп жатыр.
Орталықтардың негізгі міндеті – іс-шараларды үйлестіру, әдістемелік көмек көрсетумен қоса оқытып-үйрету.
Басты мақсат – сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісіктерін ерте анықтап, оларға ем жүргізіп, осы ауруға шалдыққан әйелдер өлімін азайту. Бұған қоса тік ішек, қуық асты, асқазан-ішек жолдары және қалқанша бездері қатерлі ісіктерін де анықтау қарастырылған.
Жұмағали Қазыбайұлының сөзіне қосарымыз, жалпы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы соңғы жылдары табысты жұмыс жасап келеді. Ана мен бала өлімі айтарлықтай азайды. Жүрек қан тамырлары ауруларында да жағымды жаңалықтар бар. Халықаралық талаптарға сай медициналық қондырғылар әкелініп жатыр. Бүгінгі ашылып отырған скринингтік орталықтар Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Сыздықовтың айтуынша, ТМД елдерінде баламасы жоқ. Бұның бәрі басшының өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауында жатқан сияқты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен және қолдауымен 2010 жылы онкологиялық қызмет Оңтүстік Қазақстан облысындағы денсаулық саласын дамытуда маңызды негізгі саланың бірі болды. Атап айтқанда, жалпы қаржыландыру 35 пайызға (1 млрд. 80 млн. теңгеге), дәрі-дәрмекпен қамтылуы 175 пайызға өссе, медициналық құрал-жабдықтармен 132 млн. теңгеге (қазіргі таңға сай тыныстық-жансыздандыру құралдары, төсек маңындағы мониторлар мен автоматты түрдегі анализаторлар және Қазақстанда жалғыз вакумдық биопсиялық ультродыбыстық құралы сүт безі ауруларына) қамтылған. Радиологиялық ғимарат 176 млн. теңгеге салынуда. Құрылысы бітуге жақын. Оған қажетті маммобус құралы алынған. Атап айтатын тағы бір жайт, барлық аудан және қала емханалары қазіргі таңға сай маммографиялық құралдармен қамтылған. Гамма-терапиялық «Терабальт» құралы іске қосылды.
Облыста скринингті әйелдерді сүт безі және жатыр мойны рагіне тексеру жақсарды.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов денсаулық сақтау саласының алқа мәжілісінде басқарма жұмысына жақсы баға берді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.