Құрлықтардың өзіне ғана тән рухани құндылықтары біртұтастанып, жаһандық материалдық жаңалықтар легі аңқасы кепкен Африкаға да, айбыны асқан Америкаға да, ақ құртын қайнатқан қазақы ауылға да таңсық болмай қалған бүгінгі заманда өнебойыңыздағы өркениеттік өлшемдерді немен таразылар едіңіз? Қолыңыздағы ұялы телефоныңыздың соңғы моделімен бе, жоқ, әлде үстіңіздегі брендтік костюміңіздің жылтыр түймесімен түгендер ме едіңіз? Материалдық игіліктерге малданып, «мен өркениетті адаммын» деп өркеудені алақаныңызбен қанша жерден соқсаңыз да өркениеттің өрі, тағылымның төрі, мәдениеттің мөрі нақ мұндай дүниеәуи жетістіктермен ешқашан безбенделмек емес.
Сондықтан тақырыпты түбірімен түсініп, санаға сіңіріп алу үшін судың тереңіне жол тілген сүңгуірдей бұл мәселенің мәніне де тереңдеуге тура келеді. Әлеуметтік эволюция тақырыбын тамырлата зерттеген белгілі америкалық ғалым Льюис Генри Морган өзінің теориялық жіктелімінде тарихтың даму сатыларын «тағылық», «жабайылық», «өркениеттік» кезеңдерімен кестелейтіні белгілі. Соның ішінде «өркениет» аталатын үшінші кезеңнің сипаттамаларына жазба мәдениеттің қалыптасуын, қалалық құрылыстың қалыптасуын және мемлекеттік құрылымдардың ірге қалауын негізге алады. Айтса-айтқандай, өркениет (цивилизация) сөзінің түпкі төркініне назар аударсақ, ол латын тілінен аударғанда (civilis) «мемлекеттік» немесе «азаматтық» деген мағынаны береді. Морган теориясын түбірлете түссек, бүтін дүниеде өркениеттің бүршік атуы ұзақ әрі күрделі процеске айналып, барлық халықтар өзінің қалыптасу мен даму сатыларынан өткен. Сондықтан оның хронологиялық сатыларын тек шартты түрде ғана санамалап беруге болады. Мәселен, Жер бетіндегі байырғы өркениеттердің бесігі ретінде осыдан шамамен 5 мың жыл бұрынғы Тигр мен Ефрат өзендерінің жазығындағы Месопатамиді, біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ-ІІІ ғасырлар тоғысындағы Үнді мен Қытай өркениеттерін атайды. Бұл жерде бес мың жыл деген сан бекерге айтылмаған тәрізді. Қазақтың біртуар қаламгері Әбіш Кекілбаев өзінің «Талайғы Тараз» туындысында геологияның айтқанына ден қойсақ, тіршіліктің пайда болуы миллиардтаған жылдарды қажет етіпті. Ал адам соңғы 2,5 миллион жылды қамтитын кезеңге ғана тән құбылыс көрінеді. Ол археологиядағы тас дәуірі деп аталатын кезеңмен сәйкес келеді. Жер шарында ең ежелгі тас дәуірі (палеолит) төменгі қабаты бұдан 100 мың, орта қабаты 45-40 мың, жоғарғы қабаты 12-10 мың, аралық тас дәуірі 8 мың, кейінгі тас дәуірі, 5 мың жылдай бұрын қалыптасып біткенге ұқсайды, деген пікірін түйіндейді.
Қазіргі ұғыммен салыстырғанда қайшылық тудыратын, тіпті езуге күлкі шақыратын «өркениетті адамның» алғаш дүниенің қай бұрышында кіндігі кесіліп, темір етігі тебендей болғанша жаһанның қай тарабына таралды деген мәселе бойынша пікірталас аз емес. Айталық, 1856 жылы Германиядағы Дюссельдорфқа таяу Неандерталь елді мекенінің жанынан табылған адам қаңқасын өркениетке бет түзеген адамдардың арғы бабаларының бас сүйегіне балайды. Содан бері көне қаңқалар әлемнің әрбір нүктесінен табылып отырса да, ғылымда қалыптасқан дәстүр бойынша оларды «неандерталь адамы» деп атап келеді. Түгел сөздің түбі бір тәрізді, адамзаттың да атасы ортақ екенін кеңестік белгілі антрополог Я.Рогинский растай түседі. Ол өркениетті адамдар көп жерден емес, Жерорта теңізін мекендеген Неандерталь адамынан шығып, сол арадан құрлықтарға тараған деп топшылайды. Әлбетте, бұл көзқарас қасиетті кітаптар – Таурат, Інжіл, Құранда бүкіл адамзат баласы Адамата мен Хауаанадан тараған деген белгілі қағиданың шегесін қаға түседі. Өткен ғасыр соңындағы америкалық генетиктердің жүргізген лабораториялық зерттеулерінің нәтижесі де адам баласы әуелгі замандарда ұлы сөзде ұяттық жоқ дегендей, бір еркек, бір ұрғашы – екі жыныс өкілінің жұптасуынан, яки бір ана, бір атадан тарағанын ғылыми тұрғыда дәлелдейді.
Енді өркениет өркен жайған өлкелерге тағы оралар болсақ, табиғатының жайлылығына байланысты ежелгі Египетте немесе Оңтүстік Америкада өркениеттердің сылдырап жатқан жылғасы тез арада өрекпіген өзенге айналып үлгірсе, өзге өңірлерде түрлі табиғи апаттар мен соғыстардың салдарынан өркениет көші кешеуілдеп жеткенін бағамдаймыз. Өзен демекші, барша бастапқы өркениеттердің өзегі Тигр, Ефрат, Ніл, Инд, Ганг, Янцзы сияқты ірі өзендердің бойында бастау алған болатын. Ауқымды ирригациялық жүйенің қалыптасуы ірі құрылыстарға сүрлеу салғандықтан да адамзаттың мұндай даму жолдарын «өзендік өркениеттер» деп те атау дәстүрге айналған. Сөйтіп, әлемдегі ірі өркениеттер тізбесін түзіп берген британдық культуролог Арнольд Тойнби де, тұңғыш рет пассионарлық терминін өмірге әкелген әйгілі Лев Гумилев те өркениетті материалдық игіліктердің көлемімен өлшемейді. Гумилевше айтқанда өрлеуге серпіліс туғызатын күш-қуаттың артып кетуі өркениеттердің өркен жаюына, этностардың дамуына даңғыл жол салып келген. Ендеше, сол өркениет жанартауы Ұлы Дала төсінде қай заманда жарығын шашып, жалауын көтерді? Бұған дейін де бұл сауалға талай тұщымды жауаптар жазылғаны ақиқат. Десек те, бүгінде көп айтылып жүрген ғылымдағы еуроцентристік ағым көшпендіге өзінің өшпенді тұжырымын таңып келе жатқаны қашан. Мысалы, неміс философиясының көрнекті өкілдерінің бірі И.Кант көшпенділердің мемлекеттілігінің бастауы көшпенділер мен (nomades) жер иеленуші отырықшы жұрттар арасындағы қайшылықтар деп есептейді. Неміс философиясының келесі бір өкілі Гегель көшпенділерді адамзат өркениетінің тарихқа дейінгі екінші кезеңіне жатқызады да, олар әлі мемлекеттік деңгейге көтеріле қоймаған жұрт деп қарастырады. Тойнби империялық сипаттағы универсиалдық мемлекетті «еуропалық демократиялық» және «азиялық қатыгез» (despotes) мемлекеттер деп екі жікке бөледі де, «азиялық көшпенді империялар тек күш көрсету негізінде құрылған өткінші құбылыс, өйткені, олар, Ибн Халдун айтқандай, үш ұрпақтан әріге өмір сүре алмаған» деген тұжырым жасайды.
Біраздан бері бірқатар жергілікті тарихшылар ғылыми айналымға «Қазақ өркениеті» деген терминді енгізуге талпыныс білдіріп келеді. Мәселен, зерттеуші Еренғайып Омаров қазақ өркениеті бар, оның жасы 3000 жылдан артық, бұл аксиома сияқты дәлелді қажет етпейді. Көшпенділік өркениеті өзінің кемі 3000 жылдық ғұмырында Жерорта теңізі мен Қиыр Шығыс елдеріне қарағанда, үлкен шығармашылық эволюцияны бастан өткерді, деген пікір білдіреді.
Толымды жауапты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабынан іздейсің. Бұл дала қаншама мәдени ықпалды қорытып, өзі де қаншама құндылықтарды дүниеге келтірді екен – бұл жаңалық пен жаңғыртуға ден қойдыртатын сұрақ. Дегенмен, басы ашық бір шындық – қазақ даласының мәдениеті мейлінше терең дәстүрі бар аса күрделі және көпқыртысты құбылыс. Тек осы тәсілмен ғана мәдениет саласында «қазақтық» дегенді тап басып тануға болады. Мұның өзі ұлттық қам-қарекеттің аса мәнді өрістерінің бірі болуға тиіс, дейді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, ұлттың болашағына, оның өзіндік «МЕН» дегізерлік қасиеттерін сақтау мүмкіндіктеріне сеніммен қарау – жай әншейін кезекті қиялдың жемісі емес. Мұндай сенімнің бізде орнықты негізі бар. Бейнелеп айтқанда, біз өзіміздің тарихи түпкі біртектестігімізді былайғы жұрттар сияқты шашып-төккеніміз жоқ. Қазақтар басқа ұлттармен кең көлемде араласқа түскен жоқ. Қазақстан жерінде ассимиляциялық үлгі қазақтар үшін ешқашан етек алған үрдіс болған емес. Қазақтардың этногенетикалық жастығына және жастардың демографиялық құрылымына байланысты «этностық энергияның» айтарлықтай қоры шоғырланды. Ең соңында бүгінгі дүниеде толыққанды ұлт санатында болу үшін және сәтімен тіршілік құру үшін қазақтардың «сын көтеретін саны» жеткілікті мөлшерде, деп шегелеп береді Елбасы.
Бұдан шығатын қорытынды, өркениет ұғымы адамның сыртқы келбеті мен жүріс-тұрысынан немесе жеке өмір сүру салтынан гөрі, оның ішкі танымының кеңдігімен, тарихи жадының беріктігімен, мемлекеттік санасының биіктігімен өлшенбек. Бұл мәселе өткен ғасырдың басында да өзекті күйінде тұрғаны анық. Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхановтың біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз, деген сөздері өзіміздің елдік келбетімізден, ұлттық өркениетімізден айырылып қалмайық деген алаңдаушылығын аңғартады деп ойлаймыз.
Бұл орайда, философтар ұлттық келбетті сақтаудағы ең басты рухани құндылықтардың бірі тарихи жады екенін ескертеді. Тарихи жадыны ұлт қауымдастығының және ұлттық жауапкершіліктің қайнар көзі деп белгілейді. Өйткені, өткен өмір сабақтарын жадыда жаттау, ата-бабалар рухына құрмет көрсету, кешегінің келеңсіз оқиғаларынан бойды аулақ ұстап, одан сабақ алу және ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті сезіну арқылы ұлтты ұйыстыруға болады. Ресей этнологы М.Губогло қазіргі заманғы жастар мәселесін зерделей келе, «бүгінде өзін сенімді сезінуі және болашағын құруы үшін өткен дәуірде құрылған мәдени негізге сүйенуі қажет. Өзіндік ұқсастықтың, бірегейліктің болуында және терең дәстүрді қалыптастыруда ұрпақтар сабақтастығының жоғары мәдениеті қажет» деп атап айтты.
Әлбетте, тәуелсіздіктің ширек ғасырында өткенімізді түгендеп, өркениетімізді бүтіндеудің талай игілікті істері жүзеге асқаны мәлім. Егемендіктің елең-алаңында, 1995 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» әзірленсе, содан кейін он жылдай кезең-кезеңімен «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылды, ендігі кезекте «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын өскелең жастың санасына сіңіру міндеті тұр.
Задында, ұлттық идея ұғымымен ұлттық мұрат ұғымы тығыз байланысты екені мәлім. Адамның өзінің өмірлік стратегиясын құрудағы негізгі міндет ретінде ұлттық мұрат ұғымын белгілеуді кезінде И.Кант жазған еді. Ол «идея ережелерді береді де, мұрат оған жаппай еліктеулердің бастапқы бейнесі ретінде қызмет етеді», деп нақтылаған-тын. Сол себепті, ұлттық мұрат мемлекеттіліктің жан-жақты нығайып, ұлттың сәтті дамуына ықпал етеді және қазіргі заманғы дамудың шын мәніндегі негізгі тенденцияларын не нәрсе құрайтынын айқындауға мүмкіндік береді.
Сөз ретіне қарай, мынадай дерекке тоқталсақ. Соңғы жылдары Жапонияда «нихо-цинром» деп аталатын өзгешелеу ғылым өріс алып келеді. Тікелей тәржімалағанда «жапон болу ғылымы» деген мағына береді. Бүгінге дейін бұл тақырыпта жүздеген мақалалар мен очерктер жазылып, ондаған семинарлар мен конференциялар өткізілуде. Мыңнан астам кітап жарыққа шығып, жапондықтарға өздерінің кім екенін ұғындыратын бестселлерлер күншығыстықтардың күнделікті оқитын шығармаларына айналуда. «Жапон болу» ұғымы өзінің сан қырлылығымен көрініс тауып, «жапонша ойлаудан», «жапонша күлуге» дейінгі адами процестерді қамтуда. Тіпті «жапон мұрынына» арналған тұтас кітап та көпшіліктің рухани сұранысының үдесінен шыққан.
Әлбетте, біз езуінің жымиысын ғылыми екшеп, мұрнының жаратылысын мұқият зерттейтін жапондықтар емес екеніміз анық. Бірақ біздің бұдан үйренетін тұстарымыз бар. Қазақ халқының әлеуметтік және мәдени эволюциясы күрделі, көп сатылы, өте бай екені, оның тарихы Шығыс пен Батыс, Азия мен Еуропа өркениетінің тоғысында, дала мен қала кеңістігінде, түркі дәстүрлері мен исламның рухани құндылықтары аясында біртіндеп қалыптасқанын кейінгі ұрпақ терең білуі тиіс. Елбасы атап көрсеткендей, «Егер ұлт өзінің мәдени кодын жоғалтса, онда ол ұлттың өзі де жойылады». Бұл ретте, отандық ғалымдар біраздан айтып келе жатқан қазақтану ғылымын жүйелеп, түбірлі зерттеу нысанына айналдыруды уақыт талап етіп отыр. Яғни, қазақтану – қазақтың төл тарихымен, ана тілімен, діңгекті ділімен табысу идеясы, халықтың даналығы және өмірлік философиясы арқылы өзін тану жолы. Қазақтану өзгермелі әлемде өз еліміздің ұлттық-мәдени тұтастығы мен бейбіт тірлікті орнықтыру қағидасы ретінде қарастырылғаны дұрыс. Мұндай дүниетанымдық және әлеуметтік-гуманитарлық ізденістер ұрпақтардың өзара жақындастығын жаңғыртуға, олардың өзара байланысын жүйелеп толықтыруға, қазақ халқының дүниетанымдық құндылықтарын біріктіруге жол ашады. Былайша айтқанда, қазақтану, өзіңнің ішкі әлеміңнің өркениетін өсірудің, жартас-уақытты сабалаған жаһанданудың жалды толқындарына қарсы тұра білудің, ұлттық «Мен» иммунитетін нығайтудың рухани әдістемесі болмақ.
Жаһандануды сөз еткенде, баяғы бабаларымыздың «барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау» деген сөзі еске түседі. Әлем тұтастанып, Балқан тау емес, Америкадағы Аконкагуа да алыс болмай қалған қазіргі жаңа заманда өз ділің мен тіліңді, дініңді, мәдениетің мен өркениетіңді өшірмей ұстап отыру, мүлдем жоғалтып алмаудың амалын табу арифметиканың шешімі күрделі есебі тәрізді. Ендігі елу жылда елдік келбет, өзіндік өркениет қандай деңгейде болар екен деген сұрақтың жауабы да беймағлұм. Жақында мынадай бір қызық әңгіме естідік. Астанадағы бір қазақ кәсіпкер жігіттің АҚШ-та оқитын қызы америкалық жігітке тұрмысқа шығыпты. Қанша салты басқа болса да, қай жерде де екі жастың үйленуі отбасылық мереке екені аян. Америкалық күйеу бала үйлену тойларын атап өтеміз деп Қазақстандағы қайын жұртына шақырту жібертіпті. Құда түсіп, киіт кигізісіп жататын қазақы құдалық болмаған соң және бизнестің бітіп болмайтын қыруар тірлігінен шыға алмаған әке-шешесі қыздың өз әжесі мен нағашы әжесін Америкаға аттандырыпты-мыс. Әжелер мұхит асып, америкалық өлшемдегі тойға қатысыпты. Бірақ бір ауыз ағылшынша сөз білмейтін екеуіне құдалармен әжік-күжік әңгіме айту қиындау соғыпты. Кеңесе келе екі кемпір «құда, құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген» деп қосылып ән шырқай жөнеліпті. Қос кейуананың далалық әнмен жеткізген ізгі ниеттеріне америкалық ағайындар риза болыпты деседі. Әй, дүние-ай дейсің, ендігі елу жылда Америкада отырып қазақша «құдалық» өткізетін әжелер табыла қояр ма екен? Әйгілі Мөңке бидің «ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады, Ақыл айтсаң ауырып қалатын Бедірей деген қызың болады. Алдыңнан кес-кестеп өтетін, Кекірей деген келінің болады» деген болжамдарын оқып болашаққа алаңдайсың. Немесе әлемге танымал қаржыгер Жак Атталидің 2050 жылы Жер бетіндегі адамдардың саны 9,5 миллиардқа жетіп, кедейленген инфракөшпенділер тобы қалыптасып, кез келген шекаралардан тасқындай жарып өтіп, жаппай талғажау іздеп кетеді деген сәуегейлігін естігенде қыр арқаңда құмырсқа жорғалағандай жағымсыз әсерде боласың.
Бұған жауапты тағы да Елбасының «Тарих толқынында» кітабынан іздейсің. Мемлекет басшысы: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр... Бірақ бұл мүмкіндік қана; ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет. Ал осы міндет біздің алдымызға тек қана, бір ғана ұлы мүмкіндік түрінде емес, қатал да қажеттілік түрінде де қойылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзімізге шақталған мезгіліне сәйкес боламыз, тарихи болымсыздықтың бос қуысында босқа қарманып жүрмейміз», деп атап көрсетеді. Лайым, солай болғай.
Қуат БОРАШ,
журналист