Оңтүстік Қазақстан облыстық ат спорты федерациясының президенті Нұрмахан Жолдасовты жақын білмейтіндер менмен, айтқанынан қайтпайтын тоңмойын деп те ойлайды. Расында, қашан көрсең де мығым жүретін, бір жағына қарағысы келсе Сәкен Сейфуллин атасындай мойнымен тұтас бұрылып шекелеп қарайтын Нұрмаханның сырбаз қалпы осылай дегізуі мүмкін. Ал, шын таныған адамға ол жолдасына керек болса жүрегін суырып беретін жан. Сырт түр алдамшы деген осы.
Нұрмахан Миятұлы қай салада жұмыс жасап жүрсе де елдің жағдайына алаңдап, жетім-жесірдің көз жасын сүртіп, қолынан келген көмегін аямай жүретін азамат екенін де оны жақсы білетіндер айтып жүреді.
Өйткені, осының бәрі өзі басынан өтті ғой. Әкесі ерте кетті. Анасы өз қолы өз ауызына жетіп үлгермеген он перзентімен жесір қалды. Нұрмахан өзегі талып, аш қалмаса да бірін тартсаң біріне жетпейтін жоқшылықтың зардабын сезінді. «Азамат болсам, қиналғандарға көмектесем» деген ой сол кездің өзінде бозбаланың қиялынан саңлау тауып жүретін.
Еңбек жолын Шымкент сүт зауытында механик болып бастады. Тоңазытқыш техникалары бойынша білім алған талапты жігіт одан бөлек бес жылдай ұрылған-соғылған автокөліктердің «сүйегін жөндеуші» болды. Шымкент педагогика институтының денешынықтыру факультетін тәмамдап, орта мектепте мұғалім болып жүріп, түнгі кезекшілікке шықты. Екі жерде қарауыл қызметін атқарды. Сол маңдағы қарттар үйінің айлығы есептелмейтін, бірақ, алғысы мол жұмысы да Нұрмаханның мойнында болатын.
Қазақ атамыз «қарғыс алма, алғыс ал» дейді ғой, алғыс арқалаған Нұрмаханның жұмысы кейіннен оңынан жүріп кетті.
Өткен ғасырдың 1990-жылдары нарыққа бет қойып, бизнеске кетті. Мәскеудегі қосалқы бөлшектер орталығының тарқауында комиссия мүшесі болды. Осы істе Мәскеудің осы бизнестегі серкелерінің ортасында беделді, ықпалды Ескендір Шағырбайұлындай ағасының тәлім-тәрбиесін алды. Қолында қаржысы бар азамат өзі туып-өскен Қарабастау ауылын орталықпен байланыстыратын көпір салсам деген ниетіне жетті. Бадам жаз кезінде сарқынды көрінгенімен көктем, күз толып ағатын арынды өзен. Буырқанып, үйіріліп соққанда жолындағыны жаңқадай жұлып өтеді.
Сол Бадамның үстінде қалтылдаған қайықтай, жағасында қол тірері де жоқ жалғыз аяқ жол бар. Шығыстың кермаралы Оралхан Бөкеев жазған «Шайтан көпірі» сияқты. Нұрмахан ол кезде жас. Астында Бадам өзенінен де арынды мотоциклі бар. Арғы беттен ағындап келіп шайтан көпірге түкенде жағасын ұстайтын ауыл ақсақалдары «осы Нұрмаханның денесі не көпірдің оң жағында, не сол жағында қалады», дейді екен.
Сөйткен, Нұрмахан бас болып осы «Шайтан көпірді» бес рет салуға мұрындық болды. Кейіннен мемлекет тарапынан мықты көпір салынғанда ауыл ағалары Нұрмаханға «айналайын-ай, осыған дейін сен салған көпір жанымызды сақтап келді ғой», деп бетінен сүйген.
Жалпы, мықты азаматтар «оң қолым бергенді, сол қолым көрмесін» дейді. Яғни, бір балаға бір жыртық күрте кигізсе ауызы көпіріп, айта беретін «есепті қайырымды кісі» Нұрмахан емес.
Ол 1982-1990 жылдар аралығында Сайрам ауданындағы №36 Орджоникидзе атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болғанын жоғарыда айттық. Бір күні мектеп мұғалімдері осы мектепте оқып жүрген Нұрмаханның ұлына «әкеңе айтсаң қайтеді. Мектеп суық. Бір жылутартқыш әпере ме?» деп өтінеді. Осыны естігеннен кейін Нұрмахан бірер жылутартқышпен істің оңалмайтынын, одан да мектепке жылу жүйесін қосып беруді ойлайды. Айтуға ғана оңай. «Көгілдір от» деген жоба дайындап, мектепті бір орталықтан жылытатындай жылу жүйесін іске қосып берген.
«Сонда, дейді Нұрмаханның өзі, Гүлзейнет апайымыз бастаған мұғалімдеріміз салтанатты кеш ұйымдастырып, маған жыр арнағанда көзіме жас тұнды. Әбден үтіктелгендіктен жалтыраған көк шалбар, қайыстай қатқан көк шоқай келген күндерім есіме түсті. Ұстаздарға, мектеп оқушыларына қуаныш, жылу сыйлай алғаныма қуандым. Жоқшылық көрген жас кезімдегі «ауылдастарыма жақсылық жасасам» деген арманымның орындалғанына қуандым».
Нұрмахан біздің сыралғы дос. Кейінірек «Қарабастау» өндірістік кооперативін басқарып, табысты жұмыс жасап жүргенінде мемлекеттік қызметке шақырылды.
Шымкент қаласы әкімінің көлік және байланыс бөлімшесі басшысынан бастап Оңтүстіктегі Бәйдібек, Сарыағаш аудандарының әкімі болды. Көп жылдар Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ОҚО департамент басшысы қызметін атқарды. Қазір отбасымен «Нұр-Амир Инвест» серіктестігін құрып, жұмыс жасап жатыр. Өмір жолында Сарыбай Қалмырзаев, Өмірбек Бәйгелді, Болат Жылқышиев сынды ел ағаларына жақсы іні болып, өнегелерімен жүрді.
Қай қызметте, қай жерде жүрсе де тарыққандардан көмегін аямайтын, ОҚО Ат спорты федерациясының президенті, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрмахан досымның жылқы десе ішкен асын жерге қоятындай себебі бар. Колхоз шаруасында демалыс жоқ.
Нұрмаханды анасы жылқы қорада босанады. Сонда шарананы қолына алған Ұлтуған шешей «мына ұл ат құлағында ойнайтын ақберен азамат болсын», деп көк айғырдың жалынан суырып алған қылмен кіндігін байлаған екен.
Қазақтың Асқар Сүлейменовтей арғымақ мінез классик жазушысы «Басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақ жылқыдан жаралған», деген сөз қалдырған.
Қазақтың ұлттық құндылықтары, ұлттық мүддесі десе жанын аяп қалмайтын Нұрмахан Жолдасов осындай ердің сойынан.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы