27 Мамыр, 2016

Жуалының жарығы

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_8667Ақ бас Алатаудың етегін жайлап жатқан Жуалы ауданында күн электр стансасы салынып жатыр деген ақпаратты алғаш естігенде елдің бәрі аң-таң болғаны рас. Жарқыраған күнді сүйіп, күннен қуат алатын бұл электр стансасы күні ыстық, жазы ұзақ болатын Талас, Сарысу аудандарынан емес, табиғаты қатал, күзі ерте түсіп, көктемі кеш шығатын Жуалыдан орын тепкенін еш ақылға сыйдыра алмады. Әйтсе де оның өз себебі бар екен. – Жуалы ауданының қоңыр­салқын, бірқалыпты ауа райы күн электр стансасына өте қолайлы, – дейді «Burnoe Solar-1» ЖШС-нің директоры Нұрлан Қапенов. – Білесіз бе, күн панельдері ша­қырайған ыстықта қатты қызып кетеді. Бұл электр энергиясын өн­дірудің төмендеуіне әкеп соғады. Ал, осынау таулы аймақта үнемі салқын самал есіп тұратындықтан бұл қолайсыздықтың алдын алуға мүм­кіндік бар. Ел картасында жалпағынан жатқан Жамбыл облысының ба­тысындағы қақпасы – Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» ЖШС міне, осылайша үлкен бір істі қолға алды. Баламалы энергия көздерін пайдаланатын бұл нысанның қуаты 50 мегаватты құрайды. Нұрлан Қапеновтің айтуына қарағанда, жобаның құны 23,5 миллиард теңге, стан­саның қазіргі қарқынымен есептесек, кеткен шығын 15 жылда өз-өзін ақтайды. Мұнда 192 мың энергия өндіретін күн па­нельдері қолданылады. Бұл панельдер 25 жылға дейін жұмыс істеуге жарамды, бірақ, үнемі күтіп ұстап, жөндеп отырса бұл мерзімді 40 жылға дейін созуға болады. Өндірілген қуат қазір аудандағы ортақ энергия жүйесіне «құйылуда». Стансада бүгінде отыздан астам адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта нысанның қуа­тын 100 мегаваттқа дейін ұлғайту жоспары бар. Бұл 30 мың ауланы жарықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, осы өңірдегі электр энергиясына деген тап­шылықтың болмауына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. – Еліміздің экономикасы қа­рыш­тап дамуы үшін электр энергиясының қажеттілігі өте орасан, – дейді бізбен әңгі­ме­сінде Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов. – Қазір Екібастұзда­ғы үлкен қазандықта жағылған көмірдің күлі Астанаға дейін ұшып жетуде. Алдағы уақытта Бал­қаштан үлкен ЖЭО салынғалы жатыр. Сонда бұл алып қазан­дыққа күн сайын 4 жүк пойызымен көмір жеткізіледі екен. Бұл әрине, бір жағы үлкен шығын әрі экологияға зияны өте көп. Міне, сондықтан баламалы энергия көздерін көптеп өндіру кезек күттірмейтін міндет. Меніңше бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін осы істі қолға алғандарға субсидия беру мәсе­лесін шешу қажет. Қашанғы бар ауырлықты халықтың қал­тасына сала береміз? Бұл үшін «Жасыл экономикаға» көшу мәселесі бойынша «Баламалы энергия көздерін қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу керек. Осының арқасында 2020 жылға дейін елі­мізде баламалы энергия көз­дерінің үлесін 3 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Елбасы Н.Назарбаев былтыр­ғы жылы Индустрияландыру күні аясында өткен жалпыұлттық теле­көпір барысында «Қазіргі уақытта Жамбыл облысы жел энергиясын орнатуда алдыңғы орын­дардың бірінде деуге болады. Бұл тәжірибені барлық жерде дамыту қажет. Еңбектеріңізге рахмет» деген болатын. Шынында, Жам­был облысы баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда республика бойынша алдыңғы орында келеді. Соның ішінде «Burnoe Solar-1» ЖШС-нің күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып есептеледі. Өткен жылы станса 38 420 151 кВт өндірді. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 73,18 млн. кВт-ға жеткізбек. Және басты ұраны «жасыл эко­номика» болып отырған ЭКСПО-2017 көрмесінде бұл станса жұмысы облыста баламалы энергия көздерін таратудағы ең тиімді жобалардың бірі ретінде таныстырылмақ. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы