27 Мамыр, 2016

Ауылшаруашылық кооперациясы

687 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сарханов К.А. 23.02.16-1Оның қазіргі даму бағыты қандай? Елімізде 1990 жылдары басталған ауылшаруашылық реформасы ауылшаруашылық жеріне, өндіріс құралдарына, ресурстарына жекеменшік институтын, өндіріске жаңа басқару үлгілерін, түрлі меншік формаларындағы ірі, орта, шағын ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді қалыптастырды. Бүгінде еліміз экономикасының аграрлық секторында көптеген шаруа (фермерлік) қожалықтары, кіші кәсіпкерлік, түрлі коопера­тивтік, жеке қосалқы, отбасы ша­руашылық құрылымдары еңбек етіп, ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп келеді. Дегенмен, шағын, шашыраңқы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мате­риалдық-техникалық ресурстармен жабдықтаушы, өнім өңдеуші, сауда құрылымдары, делдалдар мен тұтынушылар тараптарынан қолайсыздықтарды сезініп, айтарлықтай қиындықтарға кезігіп отырғандығы да шындық. Бірақ тұтынушылар тарапынан жыл­дан-жылға азық-түлік сапасы мен әртараптылығына қойылатын талаптардың арта беретіндігі на­рықтық экономиканың заңды құбылысы екенін де мойындау керек. Жасыратыны жоқ, ірі ауылшаруашылық өнімдерін өн­дірушілер саудада, өңдеу на­рық­­тарында монополиялық жағ­дайды иеленіп шағын шаруа­шылық құрылымдарын өздеріне тең дәрежеде сезінбей, мүделерін ескермей, тиімді, тәуекелі төмен ауылшаруашылық өндірісі түрлері есебінен айтар­лықтай пайда тауып келеді. Сондай-ақ, ірі шаруашылық құрылымдары өндірістерін негі­зінен инновациялық, жаңғырту іс-шаралары негізінде дамыта отырып, ауылды елді мекендер проблемаларын, әсіресе еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша, толық шеше бермейді. Бұл жағдайда, шағын, жеке ауылшаруашылық құрылымдарының ауылды елді мекендердің әлеуметтік жағ­дай­ларын жақсартуда, ауылда орта таптың өз деңгейінде қа­лыптасуына айтарлықтай әсері бар екенін айтпасқа болмайды. Сонымен қатар, таңдаулы ғы­лыми-практикалық зерттеулер нәтижелері көрсе­тіп отыр­ғандай, елімізде сапа­лылығы, нәрлілігі бо­йынша адам тамақ­тануының ғылыми негіз­дел­ген көрсеткіштеріне сәйкес келе бермейтін азық-түліктер ауқы­мының артып келе жатқандығы да толғанарлық жайтқа айналуда. Мысалы, бүгінде ауыл­дағы жеке қосалқы, отбасы шаруа­шылықтарында өндірілген ауыл­шаруашылық өнімдеріне тұтыну­шылар тарапынан сұраныс артып келеді, себебі, бір жағынан оларды өндірушілердің өзде­рі де тұтынатындықтан таби­ғи құндылығы сақталған, эко­логиялық таза өнімдер болып отыр деуге болады. Демек, атал­ған шағын ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін құрылымдар елімізде өнімдердің басым бөлігін өндіріп қана қоймай, са­па­лық қасиеттерін де жоғары деңгейде сақтайтын болса, ауыл­шаруашылық өндірі­сін жандандыру бағытындағы мем­лекеттік ұстаным неге шағын ауыл­­­ша­руашылық құрылым­да­рын қолдауға да бағытталмайды? Бү­гінде шағын ауылшаруашылық құрылымдары сұраныс-ұсыныс заңдылықтарын ескере, нарық тетіктерін пайдаланып және на­рықта сұранысқа ие, құны жо­ғары өнімдер өндірумен айналысып, жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Сондай-ақ, салыстырмалы зерттеулер де ауылшаруашылық жерлерін мейлінше тиімді пайдаланатын да шағын, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, бүгінде ауыл­шаруашылық секторының салалары бойынша жұмысқа жарамды ауыл тұрғындарының 45-50%-ы ғана жұмыс орындарымен қамтылып отыр, Ауылды елді мекендердегі 100 жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарына шақ­қанда, орта есеппен олардың 10-15-і ғана тауарлы өнімдер өндірумен айналысады екен. Елбасының Бес институттық реформасында елімізде урбанизация деңгейінің төмен­дігі, халықтың 43 пайыздан астамы ауылда тұратындығы, ауыл­­­шаруашылық өнімін өнді­руші­лердің салық төлеудегі енжар­лығы, соған қарамай осынау ел экономикасындағы маңызды саланы субсидиялауға бюджеттен қыруар қаржы бөлінетіндігі туралы айтылған. Сонымен қатар, таяу­да Елбасы бүгінде қалыптасқан әлемдік экономикалық дағдарыс­тан шығудың бірден-бір жолы ауылшаруашылық өндірісін жедел дамыту екенін қадап айтты. Осыған орай бүгінде мемлекет тарапынан бұл салаға жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Солардың қатарында өткен жылдың қа­зан айында «Ауылшаруашылық коо­пе­­ративтері туралы» заң қа­былданғанын айтуға болады. Бұл заң еліміз егемендік алғаннан бері қабылданған ауылшаруашылық кооперациясы туралы заңнама­лық актілердің барлық жақ­тарын пайымдай отырып жасал­ған құжат. Атап айтқанда, жа­ңа заң ауылшаруашылық коопера­тивтеріне коммерциялық тұрғыда қызметтерін атқаруға, табыстарын кооператив мүшелері арасында дербес бөлуге құқық бе­реді. Сондай-ақ, кооператив мү­­­ше­лері жарғылық төлемдері көлеміне қарамай жалпы жиналыста бір ғана дауысты иеленеді, кооперативтердің ревизиялық комиисия қызметтері шығынының 50%-ы мемлекет тарапынан субси­дияланады. Дегенмен де, бүгінде «Ауыл­­ша­руашылық коопер­ативтері туралы» жаңа заңның атқарылу жағдайын, жыл басынан өңірлерден қуанар­лық­тай ақпараттар түсіп жатқанымен, біржақты бағалауға болмайтын сияқты, яғни көбіне сападан гөрі құрылған кооперативтер санына еліктеушілік байқалады. Өңірлерді аралап, түсінік жұ­мыс­тарын жүргізгенімізде бай­қағанымыз, ауылшаруашылық кооперативтерін құруға ынталы азаматтардың басым бөлігінің мақсаты ауыл шаруашылығына тиісті субсидия қаржысын иеленумен ғана шектелетін сияқты. Сондықтан да, бұл маңызды іс-шараларды ұйымдастыру кезе­ңінен бастап, ақырына дейін ауылшаруашылық кооперациясы бойынша айтарлықтай ғылыми-өндірістік тәжірибе жинақтаған мамандардың белсене араласуы аса қажет. Әрине, бұл дамыған елдердегі ауылшаруашылық өн­дірісінің озық тәжірибесін, бү­гінде бізде қалыптасқан жүйеде, психологиялық көзқараста тиім­ді пайдалану оңайға соқпайды. Мы­салы, өңірлерді аралап, өнім өндіруші құрылымдар өкілдерімен кездескенде, көбі «кооператив бізге не береді, бұрын біздерді жеке шаруа болыңдар деп тараттыңдар, енді бірігіңдер дейсіңдер», деген сұрақтар ішінара айтылып қалады. Біріншіден, дамыған елдерде орта есеппен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер өздері өндірген өнімдерінің ақырғы құнының 65-75%-ын иеленсе, бізде бұл көрсеткіш, ауыл­шаруашылық өнімдерінің басым бөлігін өндіретін шағын, отбасы шаруашылықтары бо­йынша орта есеппен 23-30%-дан аспайды екен. Мысалы, ауылдық округте белсен­ді бір азамат сүт қабылдайтын, түрлі сүт өнімдерін шығаратын зауыт салды делік. Ол ауылды ел­ді мекендер тұрғындарынан сүттің литрін 80 теңгеден сатып алып, тұтынушыларға түрлі сүт өнімдеріне айналдырып сатқанда әр литр табиғи сүтке шаққанда 70 теңгеден таза пайда табады, сөйтіп бұл таза пайданы зауыт қожайыны толығымен иеленеді. Егер зауыт кооператив құрамында болса, аталған пайда кооператив мүшелеріне олардың еңбек үлестеріне сай бөлінер еді. Екіншіден, мемлекеттік ауыл­ша­руашылық құрылымдары же­кешелендіріліп, жекеменшік ауыл­шаруашылық өнімдерін өндірушілер пайда болды, ал бү­­гінгі бірігу бұрынғы мем­ле­кеттік шаруашылықтарды қай­та жасақтау емес, дамыған ел­дер­де тиімділігін дәлелдеген же­кеменшік құрылымдар негізінде ұжымдық шаруашылықтарды қалыптастыру болып табылады. Үшіншіден, кооперация монополистер, делдалдар жағынан және сырттан келетін өнімдер есебінен орын алатын келеңсіздіктермен күресуге мүмкіндік береді және ғылыми-техникалық прогрес­тің негізінде ірі өндірістік көлем қамтамасыз етіледі. Демек, ауылды елді мекендер, аудандар, өңірлер деңгейлерінде түрлі формалардағы бірлестіктер құру және тиісті жағдайлар жасау ауылдық аймақтардың тұрақты дамуының және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі бола алады. Сонымен қатар, ауылшаруашылық кооперативтерін ұйымдастыру өнім өн­діру­шілердің дәстүрлі, ішкі жағдайында тиімділігі төмен қызмет түрлерін кооператив негізінде мамандандырылған орын­даушыларға беру арқылы қызметтер сапасына кепілдік береді, шаруашылық шығындарын азайтуға, дұрыс емес шешім­дер орын алғанда жауапкершілікті бөлісуге, жариялылық жағдайда инвести­ция­лық ынтаны арттыруға жағдай жасайды. Әлемдік тәжірибеде ауылшаруа­шы­лық кооперациясының тік және көлбеу үлгі­лері кеңінен қолданылады. Атап айт­қанда, тік кооперация үлгісінде кооперативке енген ауылшаруашылық өнім­дерін өндірушілердің жеріне, өндіріс құ­рал­дарына, мал-мүліктеріне меншіктік құқығы толығымен сақталады, яғни кооперативке белгілі бір шаруашылық бағы­тын­дағы шараларды бірлесіп атқару үшін қосылады, мысалы, өнімдерін өткізу, материалдық-техникалық жабдықтау, мал азығын өндіру, егістік өнімділіктерін арттыру. Көлбеу кооперация үлгісінде кооператив мүшелер иеліктеріндегі барлық мал-мүлік, жерлері кооператив иелілі­гіне өтіп жоғарыда аталған қызметтермен қоса өнім өндіруде де бірлесіп қызметтер атқарады. Бұл екі үлгінің қайсының тиімді екені жергілікті жерлердегі жағдайларға байланысты анық­талады. Сөз соңында айтарым, жоғарыда атал­ған жауапты да маңызды іс-шаралардың тиім­ділігін арттыру мақсатында бұл бағыт­та біршама жұмыстар атқарып жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «ҚазАгро» холдингі және жергілікті атқарушы органдарға осы мәселе бойынша бірлесіп қызметтер атқаруға тура келеді. Кәкімжан САРХАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығы кешені экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты Астана филиалының директоры, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы Астана