Қазақстандықтар Елбасы Жолдауын осылай деп бағалауда
Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, Парламент Сенатының депутаты:
– Президент Үкіметке 1 мамырға дейін 3 бағдарламаны әзірлеуге тапсырма берді. Біріншісі, халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Екіншісі, тұрғын үй-коммуналдық сектордың реформасы. Үшіншісі, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы 3 бағдарлама да біз үшін өте күрделі әрі қажетті деп ойлаймын. Президент өзінің Жолдауында бірінші рет өзін-өзін жұмыспен қамтамасыз ететін адамдарға қолдау көрсетіп, мән беру керектігін айтты. Сосын үйде бос отырған, мамандығы жоқ адамдарға да өз тарапымыздан назар аударуымыз керек деген ой айтылды. Ол үшін, әсіресе, Президент ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отыр. Оған биылдың өзінде қосымша 3 млрд. теңге қаржы бөлінсін деді. Ал 2015-2020 жылдарға дейін жыл сайын 10-15 млрд. теңге жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін реттеуге бөлінуге тиіс. Олар несие беру үшін және адамды бизнеспен айналысуға үйрету үшін бағытталуы керек. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторын дамыту – өте күрделі мәселе. Өйткені, қазіргі бар үйлердегі коммуналдық жағдайлардың 60 пайызы жөндеуді қажет етеді. Сондықтан, осы мәселе бойынша кешенді бағдарлама әзірленбек. Егер, бұрын бюджеттен бұл мәселеге арнайы қаржы бөлінбесе, енді ол іс шешімін табатын болады.
Елбасы сондай-ақ, халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесін аяғына дейін жеткіземіз деді. Яғни, 2020 жылға дейін қалалар 100 пайыз, ауылдық жерлер 80 пайыз сапалы сумен қамтамасыз етілмек. Бұл да үлкен бағдарлама деп ойлаймын.
* * *
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
– Елбасы Жолдауы ойымызда жүрген өзекті мәселелерді алға тартты. Мен мынаны айтқым келеді. Біз неге бәріміз мемлекеттен жағалай жүріп қолдау сұрай беруіміз керек? Біздің азамат ретіндегі парызымыз, жұрттың алдындағы қарызымыз, елдің алдындағы жауапкершілігіміз қайда? Менің биылғы Жолдаудан түсініп отырғаным осы. Яғни, мемлекеттегі кез келген азамат өзінің жауапкершілігін түсінуі, сезінуі керек. Ауылдағы толып жатқан жоспарларды, жұмыстарды жүзеге асыратын болсақ, оның еліміз үшін айтарлықтай тиімді жақтары көп. Мәселен, 20 мың жұмыс орны ашылатын болып отыр. Оны көбейту арқылы ауыл адамдарына тағы да 100 мың жұмыс орны табылмақ. Міне, біз осындай мүмкіндіктерді жақсы пайдалануымыз керек.
Қазіргі ауыл ойын-тойдан көз ашпайды. Мен барған бір ауданда бірде-бір мейрамхана бос емес. Екі-үш ай бойы бос болмайды. Оның несі жақсы? Терлеп-тепшіп тапқан ақшаңды далаға шашқаныңның кімге керегі бар. Кез келген бір болмашы себепке той жасайтын болып алдық. Мұны кезінде Елбасы да айтқан. Мәселен, несие алып той жасайды. Ал егер қаражатын осылайша оңды-солды шашып жатса, ол ауыл қалай көркейеді?
Жолдауда шағын несие мәселесі көтерілді. Біз оның тәжірибесінен өттік қой. Соның арқасында талай адам малын көбейтті. Мәселен, 10 саулық сатып алып, 100-200-ге жеткізді. Бір жылқы сатып алып, бір үйір малға жеткізді. Яғни, бұл тәжірибе бір кездегі тоқырап қалған ауыл шаруашылығын көтеруге үлкен септігін тигізді. Сондықтан микрокредит мәселесі соны әрі қарай жүзеге асыруға негіз болмақ. Бұл жұмыссыз қалған жандарға ауыл шаруашылығына керекті кәсіпті бере отырып, олардың шаруашылығын дөңгелетуге де ықпал ететін болады. Шағын несиесіз ауылдың көтеріле қоюы қиын еді бір кезде. Енді осыны дамыту керек. Бұл тәжірибе әлемнің барлық елінде бар. Себебі, шағын несие – несиенің ең қолайлысы. Тез қайтарасың, пайызы аз. Тек қана соны алған адамдар тиімді мақсатқа жұмсай білуі керек.
Өз Жолдауында Президент мемлекеттік тілге айрықша маңыз берді. 2017 жылы халықтың 70-80 пайызы қазақ тілін білуі керек деді. Бұл жерде Елбасы тек қазақтарды айтып отырған жоқ, жалпы Қазақстанда тұратын барлық азаматтарды айтып отыр. Ал қазақ тілін дамытуда қазақ зиялыларының, қазақ халқының өзінің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс.
* * *
Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Мәжіліс депутаты:
– Осы Жолдауда маған ұнаған мәселенің ең бастыларының бірі – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы проблемаларын шешуді қолға алу болды. Елбасы өзінің сөзінде бұл саланы жаңаландыру қажет деген сөзді ауызға алды. Бұл – халықтың көптен бері ауыздарынан тастамай, атап жүретін мәселелерінің бірі болатын. Біз депутат ретінде халықпен кездескенде осы мәселе үнемі көтерілетін еді. Пәтер иелерінің кооперативтері ескірген, әбден тозығы жеткен тұрғын-үй инфрақұрылымдарын жаңалауға өз күштері жете бермейді. Сондықтан олар қыстың қысқа күндерінде қырық бұзылатын су құбырларын қайта-қайта жөндеумен әлек. Енді Елбасы осы мәселені Үкіметтік тұрғыда шешу керектігін алға қойып отыр. Бұл өте дұрыс мәселе деп ойлаймын. Мені тәнті еткен екінші мәселе – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді қолға алу болып отыр. Бұл да халықтың көптен күткен мәселесі еді. Сонымен бірге маған халықтың өзін-өзі қамтамасыз ететін топтарын қолдау қажеттігін атап өткендігі қатты ұнады. Мұндай адамдар Үкімет тарапынан сәл қолдау болса, ешкімге жалтақтамай өздерін өзі қамтамасыз ете берер еді. Міне, осындай топқа жеңілдетілген ставкамен микронесиелер беру мәселесін Елбасы Үкіметтің алдына нақты қойды. Бұл да барынша дұрыс мәселе деп ойлаймын.
Жолдауда көтерілген мәселелер арасында орталықтан алыста қоныстанған халыққа автокөлік арқылы және авиациямен баратын медициналық көмек жасау жағының айтылғаны өте дұрыс мәселе болды.
* * *
Құсайын УӘЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты:
– Елімізде өндіріс орындары күн санап көбейіп жатыр. Жағдайымыз жақсарып келеді. Бірақ оған энергиялық қуат керек. Бұл мәселе айтылып та жүр. Елбасымыздың кітабында да айтылған. Бірақ, енді мұны әлемдік қоғамдастықпен бірге шешуіміз керек. Елбасы ол үшін энергетикалық хартия болуы керек деді. Мен бұл мәселені өзімнің негізгі алған мамандығым инженер-металлург болғасын қолдаймын, түсінемін.
Жолдауда білім, ғылым саласына қатысты ауқымды мәселелер көтерілді. Біз кеңінен танылған мемлекет атандық. Көп елмен тереземіз тең болдық. Осы орайда, қаржыландырылу, басқа жұртпен әріптестік орнату секілді мәселелер өте маңызды дер едім. Бұл ретте Елбасы айтқан білімді модернизациялау мәселесінің маңызы айрықша болмақ. Біз жақында ғана ғылым туралы заң қабылдадық. Ендігі кезекте білім туралы заңның қабылдануы тұр. Бұл екі заң болашақта бір бағытта үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Осы мәселені сөз еткенде еліміздегі «Назарбаев Университетін» білім-ғылымды дамытудың көшбасшы локомотиві десек те болады. Ал ғылым – білімнің тиімді қаржыландырылуы – біраз бастамаға жол ашпақ.
* **
Сауырбай Есжанов, Мәжіліс депутаты:
– 2020 жылға дейінгі елімізді индустрияландырудың бағытын бүгінгі Жолдаудан естіп қуанып отырған жай бар. Биылғы 20 жылдық мерейтойымыздың алдында, яғни өткен жылдарда еліміздің дамуына қажетті 120 млрд. доллардан астам инвестиция құйылыпты. Және еліміздің бюджетінің үштен бірін орта және шағын бизнестен түскен қаражат құрайды екен. Бұл біздің алдыңғы қатардағы елдердің санатынан көрінуіміздің басты себебінің бірі. ІЖӨ-нің өсуіне байланысты біз бүгінгі күні 50 елдің сапына кірдік. Осыны – шын мәнінде елдік қуаныш деп бағалаймын.
Көпшілікті толғандыратын сан саланың қамтылуы Жолдаудың салмағын арттыра түсті. Халықтың білім беру, денсаулық сақтау, тіл мәселелеріне қатысты айтқан Елбасының пікірлеріне қызығушылығы мол болатындығын сеземін, алайда, тозығы жеткен тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту жайын айтқаны жұртшылықты көптен мазалаған шаруаның бірегейі еді.
Мұнымен қатар, Елбасы маусымдық науқандар кезінде ғана жұмыспен қамтылатын азаматтар жайына тоқталды. Шынында бұл үлкен мәселе. Әсіресе, бойларында күш-қуаты бар ауылдық жерлерде тұратын ер адамдардың атқаратын жұмыстары осы маусымдық жұмыстар. Ал оларды грант беру арқылы оқытып, қажетті мамандарға қайта даярлау Жолдау жөн сілтеген жаңа бағыт болды.
* * *
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Биылғы Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев маңызды үш мемлекеттік бағдарламаны бекіткенін жария етті. Олар, әлеуметтік бағдарламалар: білім беруді, денсаулық сақтау саласын және тілдерді дамыту. Индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жасалып жатқан орасан зор жұмыстар бұдан әрі жалғастырылады. Сондай-ақ, Президент Үкімет пен облыс әкімдеріне 1 мамырға дейін халықты жұмыспен қамтудың, елді таза ауыз сумен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламаларын даярлауға нақты тапсырмалар берді.
Дүниежүзілік дағдарыстан көптеген елдер тығырыққа тіреліп жатқан кезде Қазақстан 2009 жылды 1,2 пайыздық өсіммен аяқтаса, 2010 жылды 7 пайыздық өсіммен қорытты. Елімізде дағдарысқа қарсы жұмсалған орасан зор қаражат шығындарына қарамастан Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің көлемі 17 миллиард долларға артты. Үстіміздегі жылдың 23 қаңтардағы мәліметі бойынша еліміздің халықаралық резерві 60 млрд. долларды құрап отыр.
Индустриялық-инновациялық даму туралы айтқан кезде ғылым және білім сапасын көтеру басты назарда болуы қажеттілігіне баса көңіл бөлінді. Сонымен қатар Президент жоғары білім беру мәселесіне тоқталды. Әлемдік тәжірибелерде, дамыған елдерде бір миллион адамға алты жоғары оқу орнынан келеді екен. Ал Қазақстанда 150-ге жуық университет бар. Жыл сайын жүздеген ғылым докторларын даярлайтын 200 ғылыми кеңес жұмыс істейді. Бұл ғылымға бөлінген қаржы шығыны кететін артық буын. Ол ғалымдардың тек 60-ының біреуі ғана ғылымда қалып, ал ғылым кандидаттарының біреуі ғана өз бағыты бойынша барады екен. Мұның бәрі артық қаржы шығыны. Сондықтан да биылдан бастап мұндай ғылыми кеңестердің жұмысын тоқтатуымыз керек, деді Елбасы.
Жолдаудағы ел алдына қойылған биік мақсаттар мен міндеттерді Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге табысты жүзеге асыратындықтарымызға сеніміміз мол.
* * *
Әлихан БАЙМЕНОВ, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы.
Жолдаудың маңыздылығы – онда әлеуметтік жаңғыру бағдарламасының қолға алынуы. Осы ғасырдың әлеуметтік капитал жарысының ғасыры екені айқын. Ендеше, біз білім беру, денсаулық саласында және жұмыс орнының жаңа сапасын қамтамасыз етуге қол жеткізсек, халқымыздың әлеуеті көтеріліп, біз бәсекелестікке қабілетті боламыз. Ал ендігі бір мәселе – ауыз су. Бұл біздің өміріміздің сапасына тікелей әсер етеді. Бұған қоса тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстардың сапасын көтерудің барлығы жиналып әлеуметтік жаңғыруға жаңа мүмкіндік туғызады.
Менің ойымша, осы әлеуметтік жаңғыру жолында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен саяси реформалар біріккен кезде ұзақ мерзімді дамудың негізі қаланады.
Ал енді саяси реформаларды жүргізу жайына келсек, Президент өзінің референдумға қатысты шешімін айтқанда оны жария етеді деп ойлаймын. Жалпы, мен бүгінгі Жолдаудан күткенімді естідім. Жолдау бұл Конституция бойынша Президенттің жылдағы атқаратын парызы. Онда негізінен әлеуметтік-экономикалық дамудың бағдарламалары айтылуы тиіс, ол өз мәнінде ашылды.