Астана халықаралық қаржы орталығының мақсаты осындай
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысы өтті. Кеңестің биылғы отырысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы» тақырыбына арналды. Оған Қазақстан және шетелдер тарапынан Кеңес мүшелері, ірі корпорациялардың, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанның іскерлік орта өкілдері қатысты. Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Кеңес ең маңызды тақырыптар жөніндегі диалог үшін ашық алаңға айналғанын атап өтті. «Кеңес өзінің құрылған сәтінен бастап кеңейе түсті, құрамы өзгерді, бірақ негізгі ұстыны сақталды. Мұны Қазақстанға халықаралық бизнес қоғамдастығының қызығушылығы арта түскенін, біздің елге ұдайы келіп жатқан шетелдік инвестиция ағынының молая түскенін көрсететін заңды үдеріс деп санаймын», деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы Астанада халықаралық қаржы ұйымының құрылуы еліміз үшін аса маңызды екендігін баса айтты. «Бүгін сіздер қаржы орталығы орналасатын – ЭКСПО-2017 көрмесіне барып, құрылыстың қарқынын көріп келген шығарсыздар. Биыл күзде барлық құрылыс жұмыстары аяқталады. Осыдан кейін ЭКСПО-ның тақырыптық жағын толтыру қажет. Соған қарамастан, биылдан бастап, біз «Астана» атты халықаралық қаржы орталығын іске қосатын боламыз. Аталған орталық ЭКСПО аймағында орналасады. Оған қажетті барлық заңнамалық негіздер бар. Қазір біз аталған жобаны іс жүзінде қолға алуды бастап отырмыз. Бұл – ыңғайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру жолындағы біздің кезекті қадамымыз. Аталған орталық шетелдік инвестициялар мен озық білімнің ошағы бола алады деп сенеміз», деді Н.Назарбаев. Елбасы биылғы жиын әлем экономикасы үшін күрделі кезеңде өтіп отырғанын атап өтті. «Өздеріңіз білесіздер, жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында былтырдан бері Қазақстан экономикасының өсімі де айтарлықтай баяулады. Бұған елдің негізгі экспорттық тауарлары бағасының төмендеуі, негізгі сауда серіктестеріміздің ұлттық валюталарының әлсіреуі және нарықтардағы ахуалдың нашарлауы әсер етті. Біз дереу экономиканы жаңа жағдайға бейімдеу бағытындағы ауқымды жұмысты бастап кеттік. Соның алдында экономиканы әртараптандыруды көздеген бағытқа, құрылымдық реформалар жүргізуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса ден қойылды», деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы сарапшылар мен біздің елде жұмыс жүргізіп жатқан инвесторлардың берген бағасына сәйкес, бүгінде республикада инвестиция үшін өңір бойынша ең қолайлы жағдай жасалғанын айтты. «Мәселен, Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ сияқты қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық бағдарламалары аясында таяудағы 5 жылда кәсіпкерлікті, қаржы секторын, инфрақұрылымды, электр энергетикасын дамыту, сондай-ақ, институттық реформалар жүргізу үшін елге 9 млрд. долларға жуық инвестиция келеді. Сонымен бірге, индустрияландыру бағдарламасына қолдау көрсету үшін 10 млрд. долларға жуық көлемде шетелдік инвестиция тартылады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ЭЫДҰ стандарттарын енгізуге бағытталған инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстың жалғасып жатқанына назар аударды. «Биыл барлық өңірлерде инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету секторлары ашылды, «инвестициялық омбудсмен» институты, инвесторлар тарту мәселелері жөніндегі үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылды. Егер 2015 жылы визасыз режімдегі елдер саны 35 болса, 2017 жылдан соң ол 54-ке жеткізіледі. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолданылатын шикізат пен материалдарды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босату түріндегі салықтық жеңілдіктер енгізілуде. Жоғарғы Сот жанынан дауларды қарастыру үшін ірі инвесторлардың қатысуымен мамандандырылған алқа құрылып жатыр. Оның аясында туындаған құқықтық дауларды сапалы әрі әділетті түрде шешу барысында шетелдік инвесторлардың құқығы осы алқа аясында жүзеге асырылатын болады. Үкімет трансұлттық корпорациялармен және негізгі инвесторлармен бірге өңдеу өнеркәсібінде, сондай-ақ, инфрақұрылым, энергетика және өзге де салаларда бірлескен кәсіпорындар құру жұмысын жүргізуде», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев құрылымдық реформалар аясында Қазақстанда жекешелендірудің және экономиканы мемлекет иелігінен алудың жаңа кезеңі басталып кеткенін айтты. «Біз мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту және жеке сектордың аясын кеңейту жөнінде ауқымды науқан ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Тізбеге тау-кен және металлургия, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс салаларындағы кәсіпорындардың мемлекеттік жиынтық акциялары, инфрақұрылымдық нысандар, басқа да көп нәрсе енгізілді. Қазақстандық және шетелдік инвесторларға әділетті нарықтық баға бойынша активтерді беруге қойылатын шектеулерді алып тастайтын заңнамалық өзгерістер қабылданды. Қор нарығына акцияларды шығару және ашық бәссауда ұйымдастыру жекешелендірудің негізгі тетіктері болады. Бұл – инвесторлар үшін өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің керемет мүмкіндігі», деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы бүгінгі пленарлық отырысқа «Астана» халықаралық қаржы орталығы» деген тақырыптың кездейсоқ таңдалмағанына тоқталып өтті. «Баяндамашылар айтып өткендей, бұл жоба өте күрделі және сонымен бірге, өте маңызды. Болашаққа көз жібере отырып, біз АХҚО-ны инвестияциялық капитал тарту және қаржылық тәсілдер саласындағы инновациялар орталығы ретінде көргіміз келеді. Ол Еуразияның «қаржы қақпасына» айналуы керек. Біздің елордамыз Астана іскерлік, мәдени және ғылыми орталық ретінде дамып, жаңа әуежайды қоса алғанда, заманауи халықаралық көлік-логистика жүйесіне ие болмақшы. АХҚО алдымен мұндай орталықтары жоқ біздің өңірді игеріп, сосын біртіндеп мүмкіндіктерімізді өзге өңірлерге көрсетуге тиіс», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті халықаралық өкілдерді АХҚО-ға тарту үшін посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ теңдессіз жағдайлар жасалып жатқанын айтты. «Орталықтың қатысушылары мен қызметкерлері салық төлеуден босатылады. Олар үшін жеңілдетілген виза және еңбек режімі қолданылады. Жетекші қаржы орталықтарымен арадағы тікелей әуе қатынасымен қатар, Астана да әлемдік қаржы орталықтары тізбегіндегі авиациялық хабқа айналады деп үміттенеміз», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО-да ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген айрықша құқықтық режім орнатылатынына назар аударды. «Орталықтың тәуелсіз соты жариялылыққа, әділеттілікке және инвесторлардың, бизнестің құқықтарының қорғалуына кепілдік беретін болады. Мұнда бедел мен сенімге ие болған халықаралық судьялар жұмыс істеуге келеді. Бизнес ахуалды жақсарту үшін тәуелсіз қаржылық реттеуші – АХҚО комитеті құрылады», деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы орталықтың жұмысына жоғары білікті кәсіпқой мамандар тартылатынын айтты. «Біз білім мен технология трансфертін қамтамасыз ететін тәжірибелі шетелдік қызметкерлермен қатар, әлемнің жетекші университеттерінде, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жоғары білімді қазақстандық мамандарды да көптеп тартамыз. Қазір Қазақстанға оралып, жұмыс істеп жатқан жастарды біз бұл бағдарлама бойынша шетелдерде оқытып алдық. Бүгінде 40 мыңға жуық студентіміз шетелдердегі жоғары оқу орындарында дайындықтан өтуде. Сондай-ақ, Астанадағы жаңа халықаралық университет жыл сайын 500-дей таңдаулы маманды түлетіп отырады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті жоғары технологиялық инфрақұрылым ЭКСПО-2017 көрмесінің оның негізгі тақырыбы «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған жобалар арқылы жалғастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Жасыл» облигациялар шығару, «жасыл» сақтандыру институтын енгізу, «жасыл» банк ашу – АХҚО аясында пайдаланылуы ықтимал мүмкіндіктердің бірнешеуі ғана. Менің ойымша, бұл бағытты орталықтың аясында дамытудың болашағы зор», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО қызметінің экономикалық нәтижелері тікелей шетелдік инвестициялар ағыны есебінен ішкі жалпы өнім өсімінің жеделдеуі арқылы көрінуге тиіс екендігіне назар аударды. «Ел экономикасы үшін орталық құрудан және оның өңірлік экспанциясынан түсетін қорытынды жиынтық пайда таяудағы 10 жылда 40 млрд. долларға жуықтауы мүмкін. Бұдан бөлек, АХҚО аясында 2 мыңнан астам мамандандырылған жұмыс орындарын ашу жоспарлануда», деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы орталықтың базасында жер қойнауын пайдаланушылар үшін Торонто биржасы үлгісіндегі алаң қалыптастыру көзделіп отырғанын, онда әрбір компанияның өз жобасын дамыту үшін капитал тартуына болатынын атап өтті. «Менің ойымша, осы залда отырған кәсіпорындар басшылары бұл идеяны қолдайды. АХҚО-да жаңа қаржылық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалады, ол – икемді үйлестіруші орта және жаңа технологияларды тестілеу үшін мәліметтер мен инкубаторларды сараптаудан өткізетін орталық түріндегі заманауи инфрақұрылым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ең бірінші міндет экономикаға инвестиция тарту, отандық қаржы секторын әлемдік ауқымдағы бәсекеге қабілетті салаға айналдыру екенін атап өтті. «Былтыр мен Нью-Йоркте, Лондонда, Парижде, Бейжіңде, Катарда ірі кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіздім. Олардың бәрі АХҚО-ны құруды қолдады, Қазақстанға инвестиция салу және осында бизнес жасау жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді. Бұл да осы жобаның перспективалы екендігіне деген сенімді арттыра түседі. Шетелдік серіктестердің біздің өңірге деген қызығушылығын ескере отырып, Шетел инвесторлары кеңесі мүшелерін орталықты құруға және оның жұмысына белсене қатысуға, шетелдерде оны ілгерілетуге және шетелдік қаржы институттарымен өзара тиімді қарым-қатынасты жолға қоюға септесуге шақырамын», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңеске ірі компаниялар мен әлемдегі ірі қаржы ұйымдарының ықпалды басшылары шақырылғанына тоқталды. «Күні кеше Кеңестің бірінші отырысы өтті, оның барысында біз АХҚО-ның қалыптасу перспективаларын талқылап, стратегиясын қабылдадық және оны дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қазақстан АХҚО аясында серіктес болу жөніндегі сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қарастыруға әзір. Біздің ынтымақтастығымыз Қазақстанның және бүкіл өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенемін», деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы республикамыз үшін таяу он жылдағы негізгі міндет экономикалық дамудың әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатына жетуге мүмкіндік беретін мүлде жаңа моделін қалыптастыру екенін тілге тиек етті. «Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарын барынша пайдалану, адами капиталды дамыту және жеке сектордың басымдығының рөлін арттыру қажет. Біз ЭКСПО-2017 өтетін орында орналасатын АХҚО жөніндегі мәселені талқылағандықтан, келесі кездесу тақырыбын «Жаңа энергетика» деп атауды және оны көрме ұйымдастырылатын кезде Астанада өткізуді ұсынамын», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасынан кейін алқалы отырыстың сөз кезегін Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті Сума Чакрабарти жалғады. Ол «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жобасы өте маңызды және өзекті болып отырғанын жеткізді. «Өткен жылғы жиында біз ауыл шаруашылығы саласы жөнінде біраз пікір алмасқан болатынбыз. Сол кезде мен ЕҚДБ жекеменшік сектордың компанияларына қолдау көрсетуге және қазақстандық агробизнеске жаңа инвесторларды тартуға дайын екендігін айтқан едім. Сол жиында Мемлекет басшысы, Сіздің «100 нақты қадам» бағдарламаңыз туралы да сөз қозғалған болатын. ЕҚДБ шын мәнісінде де, өзінің нақты қадамдарын жүзеге асыра бастады. Өткен жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін шығаруға 120 млн. еуродан астам инвестиция құйылды. Бұл – ЕҚДБ үшін де, Қазақстан үшін де үлкен жетістік. Сондықтан, біз мұны мақтанышпен айта аламыз. Елдегі ауыл шаруашылығына қатысты жобаларды ілгерілету ЕҚДБ-ның қолдау көрсетіп отырған жобаларының бір парасы ғана. Жалпы, бұл банк Қазақстан экономикасына 700 млн. еуродан астам қаржы құйды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі уақытта Қазақстан – біз жұмыс істейтін 36 нарықтың ішіндегі 4-ші ірі нарық. Әрине, бұл инвестициялардың барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің бастамаңызбен қолға алынған, бүгінде жүзеге асырылып жатқан реформаларды тиімді түрде ілгері жылжытуда. Мәселен, біз жаңғырмалы энергия көздері жөніндегі заңнама арқылы Қазақстандағы алғашқы қуатты жел электрстансаларын инвестициялауға мүмкіндік алдық. Бұған қоса, ЕҚДБ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы тиімді серіктестік байланыстың арқасында көптеген қызмет түріне инвестиция құйылды», деді ЕҚДБ президенті. Мәселен, ол аталған банктің нәзік жандылар басқаратын кәсіпорындарда бизнес-консультациялар жүргізуге және оларға қаржылық жағынан қолдау көрсетуге арналған арнайы бағдарламаның тетігін іске қосқанын жеткізді. «Бұл – ЕҚДБ-ның экономика мен нарыққа бағытталған күш-жігерінің маңызды бір бөлігі», деді ол. Ал Қазақстанға қарата айтқан сөзінде С.Чакрабарти инвестициялаудың қазақстандық моделі «ЕҚДБ-ның жалпы Орталық Азияға жақындай бастауының негізі болып табылатынын» жеткізді. «ЕҚДБ-ның жұмыс істеу ауқымы өте кең. Мәселен, біз Ыстанбұлдағы, Мәскеудегі қор биржаларын белсенді түрде инвестицияладық, сондықтан, бұл Астанадағы халықаралық қаржы орталығына да қолдау көрсетуге мүдделіміз. Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығы түрлі реформалардың жүргізілуінде, отандық қаржы секторының дамуында негізгі қозғаушы күш болуы тиіс деп ойлаймыз. Кейбір халықаралық қаржы орталықтары, мәселен, «Дубай» секілді ірі орталық ішкі отандық қаржы секторынан өз қызметін оқшаулау туралы шешім қабылдады. Дегенмен, біз АХҚО мен отандық нарық бірге өсіп, өркендеуі тиіс деп санаймыз. Сондықтан, сіздермен бұл бағытта бірігіп жұмыс атқаратын боламыз. Біз жақында ғана өзара түсіністік жөніндегі Қазақстанның Ұлттық банкімен бірлесе қол қойған меморандумда «Астана» халықаралық қаржы орталығының стратегиясына, басқа да оған қажетті элементтерге қатысты қолдау көрсетуге дайын екенімізді білдірдік. Бұл ретте, ЕҚДБ капитал, ақша нарығы, баға нарығы, корпоративтік басқару мәселелері бойынша жұмыстар жүргізуге қолдау көрсететін болады. Біздің сарапшыларымыз қазірдің өзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы командасындағы бас директормен бірге қор биржасын дамыту секілді мәселелер бойынша семинар өткізді», деді банк президенті. Сума Чакрабарти сондай-ақ, өз сөзінде банк Қазақстанда қаржыландырылу жұмыстарының жартысын ұлттық валютада жүргізетіндігіне, бұған қоса болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқа да қаржы орталықтарымен серіктес болуы қажеттігіне баса назар аударды. «Себебі, «Дубай», «Лондон» секілді ірі халықаралық қаржы орталықтарымен бәсекелес болудан гөрі, олармен серіктес болғаны анағұрлым тиімді болар еді. Бұл өз кезегінде үлкен білім мен тәжірибе жинауға, ол қаржы орталықтарының институттарымен өзара байланыс орнатуға ықпал етпек. Біз өз тарапымыздан АХҚО-ға бұл бағытта да қолдау көрсетуге әзірміз. Сондай-ақ, АХҚО «жасыл экономика» жүйесін жандандыруда да үлкен рөл атқаруы мүмкін. Бұл орайда, тұрақты энергия көздеріне, климаттың өзгеруіне қатысты жобаларға қолдау көрсетуде Қазақстан үшін пайдалы әрі тиімді болар еді», деді С.Чакрабарти. Сөзінің соңында, ол ЕҚДБ командасы мүмкіндік туындаған сәтте ЭКСПО қалашығына көшетіндігін айта келе, ағылшын тілінің «Астана» қаржы орталығының негізгі жұмыс тілі болып бекітілуі болашақта қаржы саласына маманданған жаңа буын – жастарға үлкен пайда тигізетініне сенім білдірді. ЕҚДБ «Астана» халықаралық қаржы орталығына қолдау көрсетуге мүдделілік танытып отырғанын баса айтып, бұл орталықтың, ең алдымен, отандық қаржы секторларын реформалау мен дамыту бағытында қызмет етуі тиістігін атап өтті. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Шетел инвесторлары кеңесінің өткен жылғы отырысында қаралған мәселелер бойынша елімізде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, елде шетелдік инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізілуде. Ағымдағы жылы 30 шетелдік инвестор Қазақстанда жаңа өндіріс орнын іске қоспақ. Министрдің айтуынша, бүгінде бізде әлеуетті инвестицияның жалпы көлемі 40 млрд. доллардан асатын өңдеу өнеркәсібіндегі шетелдік инвесторлардың 200-ден астам бастамасы белсенді қарастырылу үстінде. Бұл ретте министр, трансұлттық компаниялармен жұмыс істеуге баса назар аударылып отырғандығын, сондай-ақ, бүгінгі таңда мұндай 40 бастама бар екендігін тілге тиек етті. Министрдің хабарлауынша, әрбір трансұлттық компания бойынша шаралар жоспары бар, оларға бақылау жүргізіліп отырады. Мәселен, Маңғыстау облысында италиялық «Tenaris» компаниясы жаңа мұнай құбырын іске қоспақ. «Еурохим» осы жылы мұнай құбырын іске қосуды жоспарлап отыр. «Бүгінде белсенді 200 жобаның 60-тан астамы – агроөнеркәсіптік кешен аясында жұмыс істеуде», деді Ә.Исекешев. Қазір кореялық «Лотте» компаниясы кондитерлік өнімдер шығару бойынша жобаны, француздық «Лакталис» пен немістің «Меггле» компаниялары сүт өнімдерін шығару және қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруды бастайды. Бұдан бөлек агроөнеркәсіп кешені саласында Қазақстанның 9 өңірінде ірі жобалар жүзеге асырылады. Ә.Исекешевтің атап өтуінше, өткен аптада италиялық «ТНК Cremonini» компаниясы қайта өңделген ет өнімдерінің түр-түрін шығаратын заманауи комбинат құрылысының басталғандығы туралы жария еткен. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Министр сондай-ақ, 2016 жылы Қазақстанда FinTech қаржылық технологиялар бойынша орталық ашылатындығын айтты. Бұдан өзге, бір жыл ішінде америкалық «Materia» компаниясымен жаңа материалдар және аддитивті технологиялар орталығы, сонымен бірге, IBM компаниясымен FinTech қаржылық технологиялар бойынша орталық құрылады. «Дәстүрлі салаларға жаңа технологиялар ықпалының күшейе түсетінін ескере отырып, Индустрия 4.0 технологиясын енгізу және жаңа материалдардан, аддитивті технологиялардан және басқаларынан жаңа бағыттардың толық тізбесін инкубациялау үшін жетекші жаһандық ойыншылармен ынтымақтастық басталды», деді министр. Сонымен қатар, Ә.Исекешев осы жылы «бұлтты технологияларды», автоматтандыруды пайдалану арқылы америкалық McKinsey мен Google компанияларымен бірге тау-кен металлургиясы саласында бірлескен технологиялық құзырет орталығы құрылғандығын атап өтті. Оған қоса, Қазақстан ІІС халықаралық индустриялық интернет консорциумымен белсенді ынтымақтастық орнатқанын еске салды. Отырыс барысында сондай-ақ, «Қазақстан шетел инвесторлары кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ульф Вокурки бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. «Бірлескен жұмыстардың қорытындысы бойынша кеңес қарауына келесі ұсыныстарды енгіземіз. Біріншіден, салықтық бұзушылықтарға декриминалдандыру жүргізу қажет. Нақты айтқанда, салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауапкершілікті алып тастау керек», деді У.Вокурки. Оның атап өтуінше, инвестор компаниялардың лауазымды тұлғаларын болмашы салықтық заң бұзушылыққа байланысты қылмыстық жауапкершілікке тарту проблемалы мәселе болып отыр. Мәселен, басқарма төрағасының айтуынша, 20 мың айлық есептік көрсеткіштегі көлемде салықты төлемеу қылмыстық іс қозғауға себеп болады. «Көптеген шетелдік инвесторлар ірі салық төлеуші болып табылады және есептеулердегі кішкене ғана қателік шекті мәннен асып кететін салықтың түспей қалуына, соның салдарынан автоматты түрде қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеледі. Бюджетке келген шығын салықтар, өсімпұлдар мен айыппұлдар есебімен толық қайтарылады. Дәл осы құқық бұзушылыққа бола қосымша қылмыстық жауапкершілікке тарту біздің ойымызша негізсіз», деді У.Вокурки. Осы ретте Н.Назарбаев мұндай ұсыныстар шетелдік инвесторлар үшін жағдай жасайтындығын атап өтті. «Қазақстан Үкіметіне, сәйкесінше ведомстволар мен министрліктерге бұл ұсынысты тыңғылықты қарауды тапсырамын», деді Президент. Жиында сондай-ақ, «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың ерекшеліктері жайында есеп берді. «Елбасының АХҚО құру бастамасы – Қазақстандағы өте маңызды реформалардың бірі. Бұл экономиканы әртараптандырып, тұрақты экономиканы құру үшін қажет», деді Қ.Келімбетов. Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында инвесторлар үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. «АХҚО-да инвесторлар үшін посткеңестік елдерде теңдесі жоқ барлық жағдай жасалады. Яғни, олар бірқатар салық түрлерінен 50 жылға дейін босатылады. Әрі инвесторларға виза жағынан жеңілдіктер қарастырылады. Сондай-ақ, АХҚО-да заманауи технологиялық инфрақұрылым қамтамасыз етіледі», деді орталық басшысы. «Жергілікті капитал нарығын дамыту үшін әлемнің көшбасшы биржаларының стратегиялық серіктесімен бірлесіп, АХҚО-ның жоғары технологиялық биржа инфрақұрылымы құрылады. Ол әлемнің үздік стандарттарына сай болмақ. Жаңа инфрақұрылым құнды қағаздар мен тауарлар сауда-саттығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған жұмыс аясында орталық әлемнің жетекші биржаларымен келіссөздер жүргізді. Олардың қатарында Лондонның қор биржасы және металл биржасы, NASDAQ, Чикаго тауар биржасы, NASDAQ Dubai, Нью-Йорк қор биржасы бар», деді Қ.Келімбетов. Оның айтуынша, АХҚО қызметі бағытталатын серіктес елдердің қаржы нарығының реттеушілерімен және қатысушыларымен кездесулер өткізіліп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Мәселен, Шанхай, Гонконг, Лондон, Мәскеу, Торонтоға сапар барысында орталық банктер, инвестициялық банктер, қор биржалары мен бизнес құрылымдарының басшыларымен, ЕҚДБ, the CityUK және БҰҰ ДБ-мен келіссөздер жүргізілді. Қ.Келімбетов сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының 2017 жылы мемлекеттік исламдық құнды қағаздарды орналастыру алаңына айналу мүмкіндігін жеткізді. Айтқандай, қаржы орталығы бүгінде Қазақстан мен ТМД елдеріндегі исламдық қаржы қызметтері индустриясын кеңейту үшін Ислам даму банкі тобымен меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, АХҚО-да исламдық қаржыландыруды дамытудың жол картасын әзірлеу де қолға алынуда. «Қазіргі уақытта АХҚО-ның биржалық және есептік-клирингтік инфрақұрылымын құру аясында стратегиялық серіктестер үшін ұсыныстар әзірлеу бойынша орталық пен халықаралық ірі компаниялар консультациялық қызметтер көрсету келісімшарты жасалды. Біз АХҚО базасында Торонто биржасы үлгісіндегі жер қойнауын пайдаланушыларға арналған алаң құруды жоспарлаудамыз. Онда әрбір компания өз жобасын дамытуға капитал тарта алады», деді Қ.Келімбетов. Капиталдың ошақты нарығының өтімділігін арттыру мақсатында АХҚО биржасында «ұлттық чемпиондарға» ІРО өткізу және акцияларын жария орналастыру арқылы тартымды квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіру жоспарлануда. Бұдан әрі отырысты шетелдік тарап жалғастырды. Мәселен, «JP Morgan Chase International» директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель «Халықаралық қаржы орталықтары: әлемдік тәжірибе және табыс факторлары» тақырыбында баяндама жасады. «Қазақстан Үкіметі елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру бағытында өз алдына асқақ, алайда, стратегияға негізделетін мақсат-міндет қойды. Бір атап өтерлігі, басқа қаржылық орталықтармен салыстырғанда, бұл орталықтың жұмыс тетігі нөлден басталғалы отыр. Яғни, оның алдында тұрған міндеттер өте күрделі. Соған қарамастан, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басы-қасында жүрген мамандарға осы сипаттағы өзге де орталықтардың тәжірибесін игеруге және озық халықаралық тәжірибе үлгілерін енгізуге мүмкіндік береді. Егер, тарихқа үңілер болсақ, ірі халықаралық қаржы орталықтары бар елдердің экономикалық көрсеткіштері де жоғары болып келеді. Бұл бір жағынан, қазіргі заманғы экономиканың ілгерілеуінде қаржылық сектордың үлкен рөл атқаратынын көрсетеді», деді Д.Френкель өз сөзінде. Осылай дей келе ол, халықаралық қаржы орталығы елдің мемлекеттік басқару тетігінің тиімділігіне де оң әсер ететінін жеткізді. «Мәселен, дамудың жоғары сатысына көтерілген халықаралық қаржы орталықтары көбінесе Дүниежүзілік банктің белгілі бір рейтингі бойынша үлкен көрсеткішке қол жеткізген елдерде орналасқан. Осы орайда, мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының табыс әкелуіне ықпал ететін бірнеше факторларды атап өткім келеді. Олар – іскерлік орта, нарықтық және технологиялық инфрақұрылым, нарықтың қолжетімділігі, кәсіби білікті мамандар және бәсекеге қабілеттілік. Бұл орайда, Лондон мен Нью-Йорктің аталған факторлар бойынша ұстанып отырған позициялары өте жоғары», деді ол. Сонымен қатар, Д.Френкель кез келген халықаралық қаржы орталығы үшін өңірлік деңгейдегі дамыған орталыққа айналу, инфрақұрылымды құру және тиімді заңнамалық режімді қалыптастыру белгілі бір уақытты қажет ететінін, болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан экономикасының негізгі секторларын белсенді түрде ілгерілетуі керектігін атап өтті. Ал «Citigroup» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі бас атқарушы директоры Джеймс Коулз «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанға инвестициялық климатты жақсартуға, халықаралық ұстанымдарды бекітуге, капиталды тарту әлеуетін кеңейтуге және 2050 жылға қарай, «30 әлемдік экономикалар» құрамына кіруге жол ашады», деген ойымен бөлісті. Ол «Қазақстан – «Citigroup» үшін маңызды нарық. Біз – Қазақстанның қаржылық секторындағы ірі жаһандық ойыншысымыз және осы елдегі жетекші инвесторлардың біріміз. Біздің мамандарымыз Астананы қосқанда, 6 қалада белсене жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, біздің компания Лондондағы, Дубайдағы және Сингапурдегі қаржы орталықтарымен әріптестік байланыста. Бүгінге дейінгі тәжірибеміз мұндай халықаралық қаржы орталықтарының табысы адам, инфрақұрылым және капитал секілді 3 маңызды факторға тікелей тәуелді екенін көрсетті», – дей келе, Елбасына шетелдік инвесторлармен ашық және сындарлы диалог орнатуды жалғастыру бағытындағы күш-жігеріне қолдау танытатынын жеткізді. Сондай-ақ, Д.Коулз «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстанның және жалпы өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, отырыс барысында «Бейкер энд Макензи Интернэшнл» фирмасы атқару комитетінің мүшесі/бас директорының орынбасары Э.Шир, ERG S.a.r.l. менеджерлер кеңесінің төрағасы А.Машкевич, «Эрнст энд янг» компаниясының қаржы секторы үшін консультациялық қызмет көрсету жөніндегі басқарушы серіктесі Д.Баркер, «Делойт СНГ» бас атқарушы директоры И.Коулберн күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, А.ДеңгелбаеваҚазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше