шаруаның жағдайын жасай ала ма?
Кешегі кеңес заманында дүрілдеп, талай жанға жұмыс тауып, табысын молайтқан ауылшаруашылық өнімдерін дайындайтын, сақтайтын, жеткізетін және өткізетін жүйені Жамбыл облысының басшылары қайтадан жаңғыртпақ. Жайылымдық жері мол бұл өңірде қорасы қойға, шарасы майға толып, мал сойып, ет сатумен айналысып жүрген шаруашылықтар көп. Міне, әрқайсысы өз алдына ұсақ-түйек сауда жасап, бірде көл, бірде шөл боп жүрген осынау ағайынға жаңадан бір мүмкіндік туғандай. Осыған байланысты облыста ет өнімдері өндірісін көбейтуге, келешекте етті экспортқа шығаруға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылуда.
Жесең тісіңе кіретін, жемесең түсіңе кіретін етті экспортқа шығару бағытында Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал ет өнімдері» ЖШС-нің жұмысын ауыз толтырып айтуға болады. Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылындағы бұл ет комбинаты атына заты сай тәулігіне 40 тоннаға дейін Халал өнімдер шығармақ. «Оңтүстік халал ет өнімдері» ЖШС ет комбинаты құрылысы 2,5 млрд. теңгені құрайды. Жаңа ет комбинаты заманауи жоғары технологиялы ет өнімдерін шығаратын жабдықтармен жарақтанған. Мұнда облыстың 153 тұрғыны тұрақты жұмысқа ие болмақ.
Әйтсе де ел арасында «Бір күнде 40 тоннаға дейін ет өндіретін «Оңтүстік халал ет өнімдері» ЖШС-нің жұмысы қалыпты жүріп тұруы үшін соятын мал басын тауып бере ала ма?» деген күдіктің де бары рас. Расында күн сайын 40 тонна ет өндіру үшін комбинаттың қорасында отар-отар қой, табын-табын сиыр үйіріліп тұруы керек емес пе? Ал, осыншама мыңғырған малды қайдан аламыз?
– «Оңтүстік халал ет өнімдері» ЖШС мен осы бағытта тірлігін өрістеткелі отырған тағы бір комбинат – «Меркі ет» ЖШС-нің кешендерін іске қосу бағытында үлкен тірліктер атқарылып жатыр, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. – Аталған ет өңдеу кешендерін қажетті етпен қамтамасыз етуді аудандарда құрылатын дайындаушы ұйымдар жүзеге асыратын болады. Осылай толық циклді ет кластері қалыптастырылып, алдағы уақытта қайта өңделген ет өнімдері экспортқа шығарылады. Дайындаушы ұйымдарға есептелген қосылған құн салығы шегінде бюджетке төленген қосылған құн салығы сомасын субсидиялауға үстіміздегі жылы 30,7 млн. теңге қарастырылған.
Сөз жоқ, бұл мал соңында жүрген шаруаны қолдайтын өте жақсы бастама. Жамбыл облысын былай қойып, Астана мен Алматы қалалары, Қызылорда және Қарағанды облыстарына ет сатып жүрген шаруашылық иелері енді қол созым жердегі ет комбинатына малдарын неге өткізбеске? Бірақ, «Үйдегі нарықты базардағы баға бұзады» демекші, ет комбинатының мал өткізушілерге қоятын бағасы шаруаның көңілінен шыға ма? Егер шынында баға мәселесі оңды шешіліп жатса, бұл ауылдағы ағайынның мал бордақылап, ет саудасымен айналысуға деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Ал, комбинат бағаны төмендетіп қойса арқа еті арша, борбай еті борша болып алысқа ет тасып, әжептеуір табыс тауып жүрген ағайынды «Етіңді міндетті түрде комбинатқа өткіз», деп күштей алмайтының анық. Ет сатушы да кәсіпкер, ол да пайдалы жағын ойлайды. Сондықтан жергілікті басшылық баға мәселесіне қатты назар аударуы тиіс.
Малайзия – шетелге ет экспорттайтын ең әлеуетті мемлекеттің бірі. Бұл елде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық шаралар қарастырылған. Бұл компанияның Жамбыл жерінде қолға алғалы отырған жобасы іске асқан жағдайда жергілікті жерде өңделген ет пен сүт өнімдері шетелге экспортталып, тіпті, облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыратын болады. Міне, «Меркі асыл тұқымды қой зауыты» акционерлік қоғамы қолға алған 5 500 асыл тұқымды қой бордақылау жобасы осынау шетел инвесторларының көмегімен жүзеге асуда. Меркі ауданы, Ақермен ауылдық округінде салынатын кешен алдағы уақытта өңір шаруашылықтарының ет экспортын арттыруына кең жол ашатыны анық. Жалпы, бұл облыста шетел инвесторларын тарту арқылы жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі екенін айта кету қажет.
Осынау ірі жобаға облыстық әкімдік те зор қолдау көрсетіп отыр. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 7,8 миллиард теңге бөлінген, соның арқасында ауыл шаруашылығы бағытында жалпы құны 16,3 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Мемлекет қолдауының арқасында өңірімізде асыл тұқымды мал санын көбейту және бордақылау алаңдарын салу жұмыстары да қарқынды іске асты. Мәселен, «Сыбаға», «Ырыс», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша жоспарланған жұмыстар облыста 100 пайыз орындалған. Енді міне, малайзиялық компаниямен өзара келісім нәтижесінде қолға алынған бұл жоба сала ісіне сөзсіз серпін беретіні анық.
– Бізде мал бордақылауға қажетті мүмкіндіктердің бәрі бар, – дейді «Меркі асыл тұқымды қой зауытының» директоры Абзал Оспанов. – Қоймен бірге 250 жылқыны да күтімге алып, семіртетін боламыз. Зауытта еңбек ететін маман және жұмысшылардың барлығы осы Ақермен ауылының тұрғындары. Бұл зауыт жергілікті тұрғындардың негізгі жұмыс көзі болмақ. Жалақылары да көңілден шығады деп ойлаймын.
Абзал Мырзатайұлының айтуынша, жаңа кешеннің меншігінде 19 мың қой бар екен. Қой санын көбейту және асылдандыру үшін Оңтүстік Қазақстан облысы және алыс-жақын шетелдерден асыл тұқымды меринос қойларын әкелуді жоспарлап отырған көрінеді.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары өңірде ет өндіру саласы дамып, осының арқасында ірі және ұсақ мал басы арта түсуде. Және соған сай мал бордақылайтын алаңдар мен кешендер саны да өсіп келеді, бүгінде Жамбыл облысында 22 бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары облыста асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны 13 есе артып, бүгінде олардың саны 100-ден асты. Міне, өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасында 2020 жылға қарай өнеркәсіптік ет өндірісін 40 пайызға дейін арттырып, өнім шығару көлемін 82 мың тоннаға дейін өсіру көзделген.
Сондай-ақ, «Мойынқұм Агро» ЖШС 3000 басқа арналған бордақылау алаңы мен ет бағытындағы ірі қара өсірумен айналысатын 5000 басқа арналған репродуктор-шаруашылық құрылысын қолға алды. Бүгінгі күні серіктестік Ресей Федерациясынан 900 бас «Қалмақ» асыл тұқымды ірі қара малы мен 1200 бас жылқы әкелді. Жыл аяғына дейін 1000 бас асыл тұқымды емес және 3000 бас асыл тұқымды ірі қара әкелу жоспарлануда. Жалпы, жоба құны 5,0 млрд. теңгеге жуық. Ал «Агрофирма Түркпен» ЖШС келешекте сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын әкеліп, сүт өнімдерін өндеуге және алдағы уақытта ұсақ шаруашылықтарды маңайына біріктіруге әрекеттенуде.
Жалпы алғанда, бұл жобаларды жүзеге асыру өңірдегі мал басының артуына септігін тигізетіні анық. Және осы тірліктің арқасында қаншама жанның жұмыспен қамтылатыны айтпаса да түсінікті. «Қайратты ерде мал тұрар, өнерлі ерде бақ тұрар» деген, Жамбылдың шаруаға бейім, қайратты жігіттерінің ширақ қимылдап, үлкен бір тірлікті бастауына осы жобалар зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы