Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Мұнай және газ министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оған Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері және экономикамыздың отын-энергетика саласының ірі кәсіпорындарының басшылары қатысты.
Министрліктің 2010 жылғы жұмыстарының қорытындылары сараланып, 2011 жылғы міндеттері айқындалған алқа мәжілісінде Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев баяндама жасады. Елімізде өткен жылы 79,7 миллион тонна мұнай және газ конденсаты өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артық. Мұнай бойынша еліміздің экспорттық әлеуеті 71,2 миллион тоннаны құрап, 2009 жылғы жалпы көрсеткіштен 4,5 пайызға асып түсті. Баяндамашы атап көрсеткендей, еліміз бойынша мұнай және газ өндіру көлемін жылдан-жылға көбейту үрдісі және әлемдік рынокта бұл қуат шикізаттарына деген бағаның артуы экономикалық табысымыз көбейіп, ел бюджетінің толығуына ерекше ықпал етуде.
Мұнай экспорттау бағыттары негізінен үш ірі құбыр жолдарымен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өткен жылы сыртқы рынокқа шығарылған мұнайдың 40,2 пайызы КТК, 21,5 пайызы Атырау-Самара, 14,2 пайызы Атасу-Алашанькоу құбыр жолдарымен жөнелтілді. Қазіргі таңда министрліктің алдында тұрған басты міндеттердің бірі отандық үш мұнай өңдеу зауыттарын шикі мұнаймен қанағаттандыру және мұнай өнімдеріне деген ішкі рынок сұранысын барынша толық қамтамасыз ету болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты 13,7 миллион тонна шикі мұнай өңдеп, 2009 жылмен салыстырғанда, 12,8 пайызға арттырды. Мұнай өнімдері түрлері өндірісінің көлемі де 2009 жылғы 7,3 пайыздан 2010 жылы 31,1 пайызға өсті.
Мұнай және газ министрлігі өткен жылы ішкі рыноктың жанар-жағармай өнімдеріне деген сұранысын толық қамтамасыз етіп, бұл өнімдер бағасының алыпсатарлар тарапынан негізсіз қымбаттатуына жол бермеді. 2010-2011 жылдардың қыс маусымы қарсаңында еліміздің барлық әлеуметтік-өндірістік нысандарына қажетті отын түрлері арзандатылған бағамен босатылды. Ішкі рыноктағы мұнай өнімдері бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында өткен жылы облыстарға 1 696,3 мың тонна АИ-92/93 маркалы бензині, 1 010,9 мың тонна АИ-80 маркалы бензині, 2 651,5 мың тонна дизель отыны шектелген бағамен жөнелтілді.
2010-2011 жылдардың күз-қыс айларындағы жылыту маусымы кезеңінде әлеуметтік-өндірістік нысандарды отынмен жабдықтау мақсатында облыс әкімдіктеріне әрбір тоннасының бағасы 32 мың теңгеден аспайтын 339,4 мың тонна мазут босатылды. Сол сияқты өткен жылдың күзгі орақ жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге 738 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлсе, осы өнім түрін сататын басқа операторлар ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге қажетті қосымша көлемдегі дизель отынын әрбір литрін 62 теңгеден, яғни рыноктық бағадан 5-7 теңгеге арзан сатты. Сондай-ақ, жем-шөп қорын дайындау маусымында ауыл еңбеккерлеріне 36,5 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен берілді.
Алдын-ала белгілі болған деректер бойынша, 2010 жылы республикамызда 37,4 миллиард текше метр газ өндірілген. Осы мерзімде 21,1 миллиард текше метр тауарлы газ өндіріліп, бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға артқан. Есепті мерзімде еліміздің газ тарату жүйесін дамыту және елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету нысандарын салу үшін республикалық бюджеттен 12,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Министрліктің есепті кезеңде атқарған жұмыстарын айта келіп Сауат Мыңбаев 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның және Қазақстанның индустрияландыру картасының шеңберінде заманауи технологиямен жабдықталған жаңа мұнай-химия өндірісін қалыптастыру мақсатында бірқатар ірі жобалардың қолға алынғанын атап көрсетті. Бұл ретте Атырау облысындағы бірыңғай газ-химия кешенінің, Ақтау пластикалық масса зауытында битум шығару өндірісінің және хош иісті көмір- сутегін өндіру жөніндегі кешеннің құрылыстары жобалау және техникалық-экономикалық сараптау кезеңінен өтіп, қазіргі кезде бұл ірі нысандарда құрылыс жұмыстары басталып кеткендігін атап көрсетті.
Есепті кезеңде Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының құрылысын салу жөніндегі дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, 2010 жылғы 21 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің индустрияландыру картасы шеңберіндегі 80 ірі жобаны іске қосқан кезде бұл газ құбыры жобасын да іске қосты.
Алқа мәжілісінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин қосымша баяндама жасап, еліміздің мұнай-газ саласындағы ең ірі компанияның өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін беріп, 2011 жылы алда тұрған міндеттері туралы баяндады. Басқарма төрағасының айтуы бойынша, компания еліміздің аумағындағы кен орындарында ғана емес, сонымен бірге шет елдердегі мұнай кеніштеріндегі өз үлестерін арттыра бастаған. Мәселен, Солтүстік теңіздегі мұнай кеніштерінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының үлес салмағы едәуір арттырылып, Ирандағы Акас мұнай кен орнының 37,5 пайыз мөлшерін иеленген. Мұнай тасымалдау мақсатында КТК консорциумымен тасымал мөлшерін арттыру мақсатында келісім-шартқа қол қойылып, «Бейнеу-Бозой» газ құбыры бағыты бойынша Қытай кәсіпорындарымен тиісті келісімдер жасалған. Өткен жылы компания мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу салалары бойынша белгіленген барлық жоспарды ойдағыдай орындаған. Битум және әуе кемелеріне арналған бензин шығару көлемі арттырылған.
Компания басшысының айтуы бойынша, есепті кезеңдегі компанияның таза пайдасы 284 миллиард теңгені құраған. Өндіріс тиімділігі 12 пайызға, еңбек өнімділігі 14 пайызға артқан. 2011 жылы компанияның алдында тұрған негізгі міндет мұнай өндіру шығындарын кеміту болып табылады. Мұнай өндіруге жұмсалатын шығын тұрғысынан келгенде, біз Ресейден әлдеқайда артта қалып келеміз.
Бүгінгі таңда компания еліміздің 9 облысының елді мекендерін табиғи газбен жабдықтап келеді. 2011 жылы ішкі рынокқа берілетін газ көлемін 1 миллиард текше метрге арттырып, 9 миллиард текше метрге жеткізу көзделіп отыр. 2010 жылы компания кәсіпорындары өндіріс қажеті үшін 1 триллион 600 миллиард теңгенің құрал-жабдықтарын сатып алса, оның 51 пайызы отандық тауар шығарушылардың үлесіне тиеді.
Алқа мәжілісін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, еліміз үшін маңызды экономикалық саланың алда тұрған міндеттерін саралады. Үкімет басшысы өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жария етілген Жолдауының маңызын айта келіп, оның ел өмірінің 2020 жылға дейінгі даму жолдарын айқындап берген құжат екенін атап көрсетті. Кәрім Мәсімов Мұнай және газ министріне және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшысына Қазақстан қатысатын барлық ірі жобаларда мемлекет мүддесін барынша қорғауды тапсырды. Қазақстан келісім-шарттардың тұрақтылығын барынша сақтайды, алайда, егер инвесторлар өз міндеттемесін орындамаса, келіссөздер үдерісін бастауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, Үкімет басшысы Біртұтас экономикалық кеңістік құрылуына байланысты ішкі рынокты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін бейімделудің және экспорттық тасымалдау мәселелерін реттеудің ерекше маңызды екендігін атап өтті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.