Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулысына ТҮСІНДІРМЕСІ
Конституциялық Кеңес шешімінің мәні мынада. Конституциялық Кеңестің пайымдауынша:
Конституция республикалық референдумды халықтың өз билігін тікелей жүзеге асыруының нысаны және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін шешудің демократиялық әдісі деп айқындайды, демек, Тұңғыш Президенттің – Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту да осындай мәселе болуы мүмкін.
Парламент өзінің конституциялық өкілеттігі негізінде, оның пікірінше Мемлекет басшысының президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту жөнінде халықтың ерік білдіруін қамтамасыз етуге құқықтық негіз жасауға тиіс болатын Заңды қабылдады.
Алайда, Заңды зерделеу барысында Конституциялық Кеңес бұл Заңның Президенттің өкілеттігін ұзартуды көздейтін нормасы заңдық тұрғыдан дәл жазылмағанын анықтады.
Заңның 1-тармағынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының президенттік өкілеттігі қай мерзімге ұзартылатыны байқалмайды, мұндай ұзартудың бір жолғы әлде қайталанатын сипатта болатыны, не болмаса Мемлекет басшысын сайлаудан толығымен бас тарту көзделетіні анық емес.
Осы конституциялық норманың анық жазылмауы Конституцияда көзделген мемлекеттік және қоғамдық институттардың тәжірибе жүзінде үйлеспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін.
Сондықтан, ел Президентінің Парламент қабылдаған заңның конституциялығына күмән келтіруі әбден негізді болып шықты деп атап өтуге болады.
Конституциялық Кеңес бұл заңды Конституцияға сәйкес емес деп тапты. Бұл – заңға қол қойылмайтынын және оның қолданысқа енгізілмейтінін білдіреді.
Сонымен бірге, Конституцияға сай Қазақстан Республикасының Президенті Конституциялық Кеңестің шешіміне бір ай ішінде қарсылық білдіруге құқылы екендігін назарда ұстау керек.
Осылайша, референдумның тағдырына қатысты соңғы сөзді Мемлекет басшысы ғана айта алады.