Астана қаласы баспасөз орталықтарының жұмысын үйлестіруші Медеу ҚАРСАҚБАЕВПЕН әңгіме.
– Астана қаласының Азиадаға арналған баспасөз орталықтарының қызметі жайлы айтып өтсеңіз.
– Елордада Қысқы Азия ойындарына арналған баспасөз орталықтарының саны төртеу. Ең басты орталық «Думан» қонақ үйінің ғимаратында орналасқан. Ол өз жұмысын 28 қаңтардан бастап кеткен болатын. Бұл жерде 150 БАҚ өкілдері бір мезетте жұмыс істей алады. 30 телеоператорлар мен фототілшілерге арналған «Аристократ» жұмыс кабинетіміз де бар. Ол жерден бейне материалдардың жұмыстарын жасайтын барлық техникаларды табасыз. Сондай-ақ, ойын нәтижелеріне арналып жұмыс істейтін «INFA – 2011» бағдарламалық 7 компьютер жабдықталған. 10 монитор бір мезетте әртүрлі жарыс алаңдарында болып жатқан додаларды көрсетіп тұрады. Барлық орынға арналған компьютерлер ғаламтор желісіне қосылып, телефондар да халықаралық байланыс мүмкіндігін жүзеге асыра алады. Мұнда штаб бойынша 7 қадағалаушы қызметкер жұмыс істейді. Ең негізгі жауапты адам ол – баспасөз орталығының жұмысын үйлестіруші. Сонымен қатар, сайтқа салатын материалдардың үстінен қарайтын қосымша редакторлар, «Қазақтелеком» АҚ-тың жауапты қызметкерлері, кабель сымдарын жүргізген мердігерлік фирманың жұмысшылары, шетелдік журналистермен жұмыс істейтін менеджерлер де қарастырылған.
Бұдан басқа орталықтар «Қазақстан» спорт кешені, Конькимен сырғанау стадионы мен Республикалық велотректе жұмыс істейді. «Қазақстан» спорт кешенінде 95 орынды болса, Конькимен сырғанау стадионында 40, Республикалық велотректе 55 орын бар. Олардың да техникалық жағдайлары біздікімен бірдей. Барлығында жиын өткізетін арнайы орындар бар. Ол жерлер синхронды құрылғылармен жабдықталған.
– Медеу Серікұлы, жұмыс барысында қиыншылықтар немесе есте қаларлықтай оқиғалар болды ма?
– Қиыншылықтар болмады емес, болды. Бірақ шешілмейтін мәселе жоқ қой. Олардың бәрі жұмыс барысында шешіліп жатты. Ал енді есте қалатын оқиға туралы айтсам, есіме бірден бас баспасөз орталық жұмыс істеген күннен бұрын болған бір жайт түседі. Баспасөз орталықтарындағы безендірілу жұмыстарына жауапты адамдар өздерінің жұмыстарын 28-і күні таңертең бізге көрсетуге тиіс болатын. Алайда біз алдын-ала бәрін толығымен тексеріп шығайық деген оймен бір күн бұрын олардың жұмыстарын көрдік. Сол кезде ақпараттық тақтайшалардың, арнайы стендтердің безендірілуі бізге онша ұнай қоймады. Сөйтіп, қайтадан жасау керек болды да келесі күні қайтадан дайындалып, көңілге қонымды болып шықты.
– Шетелдік ақпарат құрал өкілдерінің көмек сұрап, сіздерге жүгінген кездері болды ма?
– Ондай жағдайлар көп болды. Жасыратыны жоқ, олардың тараптарынан кішігірім ескерту де алдық. Әрине кемшіліксіз нәрсе болмайды ғой. Қарбаластықтан кейбір ақпараттық шикіліктер болды. Азиадаға арналған веб-сайт бетінде хоккейге арналған ақпараттар тізбегінде хоккейдің қай түрінен болатындығы жайында жазылмапты. Бір жағынан анықтап алу үшін біздің көмегімізге жүгінді. Ал екінші жағынан біз үшін бұл үлкен бір тәжірибе болды. Енді ондай шикіліктерді болдырмауға сабақ алғандай болдық.
– Азиадаға арналған сайттағы мәліметтер қанша уақытта жаңартылып отырады?
– 10-15 минөттің ішінде.
Әңгімелескен Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.