02 Маусым, 2016

«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды»

552 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
IMG_552477 дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске сайланған тоғыз депутаттың бірі – Наталья Жұмаділдаева. Еңбек жолын орта мектептегі бастауыш сыныпта мұғалімдіктен бастаған Наталья Васильевна көптеген жыл бойы мектеп директоры болды, білім берудің ұңғыл-шұңғылымен жақсы таныс. Қазақ отбасына келін болып түскен депутаттың мемлекеттік тілге құрметі де бөлекше. Біз жақында Наталья Жұмаділдаевамен жолығып, бүгінгі таңда көпшілік көңілін күпті етіп жүрген жайлар жөнінде әңгімелескен едік. – Наталья Васильевна, сіз талай жыл бойы мұғалім болып, балаларды оқу-біліммен сусындатып келдіңіз. Ал бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің депутатысыз. Менің білуімше, депутаттар жақын арада аймақтарға барып, халықпен кездесулер өткізіп қайтты. Сол кездесулер барысында сізге көбіне қандай сұрақтар қойылды? Жалпы, халықты қазір не алаңдатады екен? – Иә, біз мамыр айының басында елге шығып, халықпен кездесулер өткізіп қайттық. Мен сол кездесулер барысында өзім жай-күйін жақсы түсініп, білетін мұғалімдермен және білім саласының қызметкерлерімен бірнеше кездесу өткіздім. Иә, білім саласында алаңдайтын, шешімі табылмай жатқан мәселелер аз емес. Әсіресе, білім берудің алдағы реформасы бойынша бірқатар сұрақтар қойылып, мұғалімдердің жанына батып жүрген мәселелер жайында көп айтылды. Басты мәселелердің бірі бастауыш сынып мұғалімдерінің 12 жылдық білім беруді енгізгенде, педагогикалық жүктеменің азайып қалуына байланысты туындамақ. Оған алаңдауға негіз бар. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақытта оқушыларға деген жүктеме өте жоғары. Ол белгілі үлгілік оқу жоспарына сәйкес 26 сағатты құрайды. Оған 24 сағаттық инвариативті (тұрақты) бөлім мен 2 сағаттық вариативті бөлім кіреді. Соның ішінде бастауыш сыныптардың мұғалімі 15-16 сағат сабақ бере алады. Мысалы, біріктірілген алғашқы тіл және әдебиет – 6 сағат, математика – 4 сағат, ғылымға кіріспе – 2 сағат, әлемді тану – 1 сағат, өзін өзі тану – 1 сағат және оқушыларды таңдау жағдайында 2 сағат – вариативті құрамдауыш. Ал жоғары оқу орындарында немесе колледждерде мұғалімге «бастауыш сыныптардың мұғалімі» деген біліктілік беріледі, нәтижесінде екінші пән үшін 3 сағат, шет тілдеріне 2 сағат, «Өнер» біріктірілген пәніне 2 сағат, дене шы­нықтыруға 2 сағат, ақпараттық-комму­ни­кативтік технология бойынша 1 сағат сияқты пәндерден тиісті біліктілігі бар мұға­лімдер сабақ береді. «Білім туралы» Заңға сәй­кес, мұғалімнің мөлшерлемесі 18 сағатқа тең, ал жоғарыда айтылған ақпарат бас­тауыш сыныптардың мұғалімі мұндай оқу жос­пары кезінде мөлшерлемеден төмен жүктеме­ге ие болуы мүмкін екендігін көрсетеді, ол жа­ла­қының азаюына әкеліп соқтырады. Сондықтан да, мұғалімдер жағы осы мәселеге қатты алаң­даушылық білдіріп отыр. – Жалпы білім беретін мектептерді Назар­баев зияткерлік мектебінің (НЗМ) бағдар­ла­масына бейімдеу мәселесіне қалай қарайсыз? – Жалпы білім беретін мектептерде Назарбаев зияткерлік мектебі бағдарламасына бейімделу бойынша біраз мәселелер туындап отыр. Бүгінде еліміз бойынша 30 қанатқақты мектеп оқу жылын аяқтады, эксперименттің қорытындылары бойынша жария есеп жоқ, алайда, 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанның мектептерінде НЗМ бағдарламасын енгізу туралы шешім қабылданғаны белгілі. Егер НЗМ есебін негізге алатын болсақ, ол істің нақты дәрежесін көрсетпейді, өйткені, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының контингенті конкурстық негізде қалыптастырылады, ал жалпы білім беретін мектепте қабілетіне және мектепке дейінгі дайындық деңгейіне байланысты емес, 6 жасқа толған оқушылар оқиды. Олардың оқуымен конкурс арқылы өткен мұғалім емес, жоспар бойынша 1 сыныпты қабылдауға тиіс мұғалім айналысады. Бірақ, мұғалімдердің басым бөлігі үш деңгейлі курстан өткен жоқ және бар­лығы бірдей НЗМ деңгейінде сабақ беру әдіс­темесін қажетті дәрежеде меңгермегені анық. 2016 жылдың 12 тамызынан бастап бастау­ыш сынып мұғалімдері мен пән мұғалімдері жаңа білім стандарттары бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өте бастайды. Әрине, аз ғана уақытқа созылатын курстардың барысында кадрлардың барлық мәселелері шешіледі деп айтудан аулақпын. Сондықтан да, бағдарламаны әзірлеушілер аймақтардағы мектептерді, оқу-тәрбие барысы мен мектеп жұмысын үйлестіру жұмыстарын сүйемелдеп отыру үшін педагогтарды «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты мен мұғалімдерді машықтандыру орталықтарына тіркеуі қажет деп ойлаймын. Жаңартылған білім бағдарламасының тиімді жұмыс істеуі үшін қалалық және аудандық білім бөлімдері жаңадан оқуға келетін бірінші сынып оқушылары контингентін танып білуі қажет. Оның ішінен мектепке дейін дайындықтан өткендерін іріктеп, олар үшін тамыз айында жазғы мектептер ұйымдастырылуы қажет деп пайымдаймын. – Ауылдық жерлерде жұмыс істегісі келетін мұғалімдерге қосымша қолдаулар көрсетіле ме? Бұл туралы не айтар едіңіз? – Ауылдарды педагог кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Тіпті, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы да кейбір өңірлерде жас мамандарға әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіз болуынан педагог кадр­лар тапшылығы мәселесін әрдайым шеше бермейді. Жыл сайын үш тілді мең­гер­меген, есесіне өз пәні мен сабақ беру әдістемесін жетік біле­тін және сапалы білім беретін бірқатар өте білікті мұғалімдер зейнетке шығып жатады. Әрине, олардың орнына жаңа мұғалімдер келетіні сөзсіз, бірақ бүгінде мұғалім мамандығын армандайтын жастардың қатары тым сирек. Білім және ғылым министрлігіне мектеп бітірушілер мен педагогикалық факультеттердің талапкерлері арасында «қандай себептермен педагогикалық мамандықты таңдап отырғаны» жөнінде әлеуметтік сауалдамалар жүргізетін уақыт жетті деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, мамандықты таңдауға көбіне баланың жан қалауы, оның сол маман­дыққа деген ықыласы емес, білім гранттарының әсер ететіні белгілі. Жалақысының төмендігі, қыруар ісі, жұмыс күнінің уақыт тәртібіне бағын­байтыны мен таусылмайтын есеп берушілігіне орай мұғалім мамандығының құрметті емес екені, тіпті, ашығын айтсақ, қадірі кетіп тұрғаны ешкімге де құпия емес. – Мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы жөнінде не айтасыз? – Материалдық-техникалық жабдықтау мемлекеттік білім беру стандартын орындаумен тікелей байланысты. Оқу жоспарына сай сабақ беру үшін, тиісті материалдық-техникалық базаны талап ететін «Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар», «Ғылымға кіріспе», «Өнер» біріктірілген пәні сияқты жаңа пәндер пайда бола бастады. Баршаңызға белгілі, НЗМ-нің жабдықталу деңгейі туралы айтпағанның өзінде, жалпы білім беретін мектептердің басым бөлігінің материалдық-техникалық базасы Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы 7 наурыздағы №97 «Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес келмейтіндігі белгілі. Мысалы, елдегі мектептердің небәрі 55 пайызы химия, физика, биология кабинеттерімен жабдықталған, олардың көбі ескірген немесе зертханалық материалы түгесілген. Әрине, «ә» дегеннен мектептердің барлығын жаңа заманға сай материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мүмкін бола қоймас. Бірақ материалдық-техникалық базаны күшейтуді жаңа мемлекеттік стандарттардың кестесіне сәйкес өткізсе, мысалы 2017 жылы – 1 сыныпты, 2018 жылы – 2, 5, 7 сыныптарды, 2019 жылы – 3, 6, 8, 10 сыныптарды, 2020 жылы – 4, 9, 11, 12 сыныптарды жабдықтаса, бюджетке де ауыр болмас еді және аталған проблемалар да шешілер еді деп ойлаймын. – Тәуекел тобындағы балалар мен девианттық отбасылардан шыққан балалар бес күндік апта кезінде, яғни қазіргі уақытта қалай қамтылған? – Қазақстан Республикасында балалардың небәрі 25 пайызы үйірме және секциялық жұмыстармен қамтылған. Қосымша білім беру мекемелері желісінің дұрыс дамымай отырғаны жасөспірімдер ортасында құқық бұзушылықтар артуына басты себептердің бірі. – Наталья Васильевна, ашық әңгімеңіз үшін алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта білім туралы заңдарды жетілдіруге, білім саласын жақсартуға хал-қадеріңізше үлес қосасыз ғой деген үміттеміз. Рахмет. – Сізге де рахмет. Жалпы, білім саласында түйіні табылмаған проблемалар жоқ емес, бар. Оларға жұртшылық тарапынан алаңдаушылық танытылуы да орынды. Дегенмен, түйткілді мәселелерді көпшілікпен ақылдаса отырып шешуге әрекет жасалып жатқаны көңілге үміт ұялатады. Осы арада «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген қазақ мақалын естен шығармайық.  Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар