02 Маусым, 2016

«Сырғалым» телехикаясы татар елінде көрсетілуде

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
сыргалым«Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіліп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Сырғалым» телесериалы татар тіліне аударылып, қазір Татарстанда көрсетіліп жатыр. Оны «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан екі бірдей телеарна сатып алған. Ә дегеннен-ақ, көрермендерді өзіне баурап алған «Сырғалым» қазір көпшіліктің күнделікті асыға күтетін сүйікті сериалына айналыпты. Татарстан телеарнасы қызы­ғушылық танытқанда, қазіргі қоғам азаматтарының көкейіндегі алуан сұраққа осы фильм арқылы жауап іздеуді жөн көрген болуы керек. Сонымен қатар, қазақстандықтар түсірген хикая да шетелдік телевизия мамандарының назарына ілігіпті. Қазір жергілікті «Татарстан – жаңа ғасыр» және «ТНВ Планета» деген қос бірдей арнада қазақ кинотуындылары татарша сөйлеп жатыр. Татарстанның басты телеарналары «Сырғалымды» осы жылдың ақпан айынан көрсетуді бастады. Барлығы 48 сериядан тұратын телехикая эфирде күнделікті таңертең, кешке және түн мезгілінде, яғни үш мәрте көрсетіледі. – Біз «Қазақстан» телера­диокорпорациясының өнімде­рімен танысып, татар көрер­мендері үшін де қызықты туын­дылар бар екенін көрдік. Біз­дің тарихымыз ортақ, мәдениетіміз жақын. Сондықтан, татар хал­қына қазақтардың қазіргі ты­ныс-тіршілігі, өмірі қызық болады деп осы сериалға тоқтадық. Көрерменге ұнаған соң «Сыр­ғалымның» екінші бөлімін де сатып алдық», – дейді «Татар­стан – жаңа ғасыр» телеарнасы бас директорының орынбасары Зуфар Закиров. Дубляж ісінің бірқатар мамандары телесериалды барынша шынайы аударып, көрермендерге ұсынуда. Дыбысын жазу үшін кәсіби актерлер күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде, бауырлас ел қазақстандық өнім­ді жақсы қабылдады. Қазір Татар­стандағы рейтингі жоғары телехи­каялардың бірі болып саналады. – Дубляж жұмысын жүргізу бізге аса қатты қиындық тудырған жоқ – тіліміз бен діліміз ортақ болғандықтан, оңай. Бізге негі­зінен мәтін орыс тілінде келеді. Бірақ кейбір сәттерде қазақ ті­ліндегі түпнұсқаға қарап отырып, тікелей аударамыз. Міне, осындай кезде актерлердің эмоция­сын бұрмаламай, шынайы беруге болады, – дейді дубляж бөлімінің жетекшісі Альфия Ярош. – Қазақтың бұл сериалынан жаным рахаттанады. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін көрсетеді. Ең бастысы, Батыстың фильмдерінде белең алған ұят­сыздық, зорлық-зомбылық «Сыр­ғалымда» мүлдем жоқ. Қайта татардың мәдениетімен сабақтас қазақтың салт-дәстүрі, үлкен кісілердің өскелең ұрпаққа айтатын ұлағатты сөздері, жастардың қарт кісілерге құрметі т.б. секілді тамаша адами қасиеттерге куә боламыз, – дейді Қазан қаласының тұрғыны Нейля Кузина. Айта кетейік, «Қазақстан» РТРК» АҚ сайтында телекө­рермендердің дауыс беру нәтиже­сінде «Сырғалым» «2014 жылғы үздік хикая» жүлдесін жеңіп алған. Ал басты рөлді сомдаған Жұлдыз Маханова «2014 жылы әйел рөлін сомдаған үздік актриса» номинациясын иеленген болатын. Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»