03 Маусым, 2016

Ауылды несиемен жарылқайды

331 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Соңғы жылдары елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мықтап қолға алынды. Мемлекеттік бағдарла­малардың шеңберінде оларға қаржы бөлініп, кәсібін дөңгелетіп әкетуге мүмкіндіктер қарастырылуда. Деген­мен, оның көпшілігі ауылға жетпей жатады. Қаржының басым бөлігі қаладағы кәсіпкерлерден әрі аспайды. Бұл ретте не істеуге болады? Қызылорда қаласының әкімдігі былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп «Микробизнес Қызылорда» жобасын қолға алды. Сол бойынша облыстық әкімдік 360 миллион, «Атамекен» 360 миллион теңге шығарып, ауылдағы кәсіпкерлерді қолдауды жан-жақты бастап кетті. Аталған мәселені Кәсіпкерлер палатасы, Өңірлік кеңес мүше­лері түпкілікті зерттеген. Респуб­ликалық деңгейде қаржы бөлініп жатыр. Бірақ шағын кәсіппен айналысатын азаматтарға, әсіресе ауылдың кәсіпкерлеріне оның жетпей жатқаны белгілі болған. Басты себеп екінші деңгейлі банк­тер қоятын талаптың қатаңдығы екен. 2014 жылы облыстың өз қаржы институтын құру туралы келісім жасалды. Осылайша, аймақта «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы құ­рыл­ды. 2015 жылы жалпы құны 342 миллион теңгені құрайтын 56 жоба несиелендірілді. Бұл қаржы институтының ауыл бизнесін көтеруге ерекше үлес қосу арқылы сұранысқа сай екендігін көрсетті. Ал биылдан бастап «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігі бірлескен «Микробизнес Қызылорда» жобасын жүзеге асыруда. Осылайша шағын несиелендіруді дамыту аясында биыл облыс республика көлеміндегі «Атамекен» ҰКП-ның қанатқақты жобасы бойынша 4 аймақтың қата­рына енгізілді. Несиелендіру «АЛМЭКС» хол­дингтік тобы» АҚ ұсын­ған қа­рыз есебінен жүзеге асы­ры­ла­ды. Жобаның негізгі мін­деті – мик­робизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, жұ­мыссыздықты азайту, коопе­рацияның дамуына жағдай жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және терең қайта өңдеу жобаларын іске асыру, өндірістік және өткізу инфрақұрылымдарының дамуына жәрдемдесу, ішкі және сыртқы сауда базарлары мен дистрибьюторлық желіні біріктіру. Жобаның ерекшелігі – елд­­­­­імекен кәсіпкерлерін қаржы­­лан­дыруға бағытталған. Ауыл кәсіпкерлері үшін банктер­ден кә­сіпкерлік мақсатқа несие алу әжеп­тәуір қиындық туды­раты­ны баршаға аян. Бұл жерде, кепіл ретінде ұсынылатын жыл­жымайтын мүлікке қатаң талап қойылады және өзге де кедергілер жеткілікті. Осы ретте, өңірлік инвестициялық орталық ауыл тұрғындарының кез келген жылжымайтын мүліктерін кепіл ретінде қабылдай береді. Қазіргі таңда «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 441,9 миллион теңгені құрайтын 70 жоба мақұлданды. ҰКП тарапынан 50 млн. теңге кө­леміндегі бірінші транш бөлін­ді. Бүгінгі таңда Ұлттық палата шағын несиелендіру бойынша 8 жобаны қаржыландырып, кәсіп­керлер жұмысын бастап кетті. «Атамекеннен» бөлінетін қар­жы­ның ерекшелігі 7 пайызбен, 15 мил­лион теңгеге дейін 5 жылға беріледі. «Микробизнес Қызылорда» жо­басы аясында қаржы алған отба­сылардың бірі Қармақшы ауданындағы Тортуловтар әулеті. Отағасы Жамитбек Тортулов еңбек жолының бірнеше жылын теміржол вагондарын жөндеуге арнаса, кейінгі уақыттарда же­кеменшік кәсіпорында токарь қызметін атқарған. Өткен жылы жұмыстан қысқарып қалғаннан кейін, өз кәсібін ашуды ойластыра бастаған. Тортуловтар көп ойланбастан ау­дандағы сұранысқа ие жылыжай шаруашылығын қолға алуды жөн деп тапқан. Қажетті жер телімі де бар. Жылыжайды суару мәселесін үйден 30 метр қашықтықта жатқан өзен шешіп берді. Палатаның кәсіпкерлерді қолдау қорының Қармақшы бөлімі жаңа іс бастағалы отырған кәсіпкерге бизнес жоспар жасауға және өзге де құжаттарды әзірлеуге көмек көрсетті. Жо­ба бойынша жылыжайда қияр мен қызанақ өсірілетін болады. Бүгінгі күннің өзінде ауданның көтерме-сауда орта­лықтарынан кәсіпкердің өнімдеріне сұраныс артуда. Бизнес-жоспармен танысқан Қамқоршылар кеңесі жобаның аудан үшін тиімділігін ескеріп, қаржыландыруға рұқсат берді. Қазір олар Шымкент қаласынан керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсіптерін бастап кетті. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы