Мектеп реформасы туралы толғаныс
Біз мектеп реформасы туралы осыған дейінгі топтама мақалаларымызда әлемдік еңбек нарығындағы революциялық өзгерістердің әлемдік дәстүрлі білім саласына өз қысымын күшейткендігін, осыған орай, білім саласындағы реформалар көптеген елдерде басталып кеткендігін, ағылшын тілінің білім мен технологиялар тілі ретінде дүниежүзінде мойындалып, төрге шыққандығын, сондықтан бұл тілді білу қазақ балаларына қажет екендігін айттық. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі жүргізгелі отырған мектеп реформасына қолдау білдірдік. Үштұғырлы тілді мектептерге енгізу ісінің өмір талабынан туындағандығын жеткіздік. Өзімізге, әсіресе, осы уақытқа дейін орыс, қазақ тілді мектептер деп бөлініп келген білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламаларын бір стандартқа түсіру идеясы ұнайтындығын баяндадық.
Жанға жақын жапон үлгісі, бірақ...
Алайда, осыған қарап, бізді мемлекеттік тіліміз қазақ тіліне жанашымастық танытып отыр десеңіз, қателесесіз. Ана тіліміздің қазіргі жағдайы, болашақ тағдыры бізді де алаңдатпай қоймайды. Сондықтан, осы мәселені көтеріп жүрген азаматтарға ризашылығымызды алдын ала білдіргенді жөн көреміз.
Осы циклдық мақалаларымызға дайындық барысында мемлекеттік тіл мәселесін қозғаған, оның проблемаларын ашық жеткізіп, ұсыныстарын білдірген бірқатар азаматтардың мақалаларымен де таныстық. Соның ішінде бізге ұнағаны академик Асқар Жұмаділдаевтың елімізде жүргізілгелі отырған мектеп реформасы туралы мақаласы болды. Асекең өз мақаласында кешегі кеңестік білім жүйесінің де көптеген жақсылықтары болғандығын, сондықтан оның бәрін жолда қалдыруға болмайтындығын айтады. Сөзінің негізгі түйінінде мектеп реформасында бізге қай елдің үлгісі жақын деген мәселеге тоқтала келе, қазір министрлік тарапынан негізгі назарда ұсталып отырған Малайзия мен Сингапурдың білім беру модельдерінен гөрі бізге жапон үлгісінің жақын екендігін қаперге салады. «Менің білуімше, Сингапур мен Малайзия математиканы ағылшын тілінде оқытады. Біздің басшылар осы елден үлгі алмақшы, неге Жапониядан үлгі алмаймыз. Кезінде жапон елі де өздерінің иероглифтерін өзгертіп жаңа әліпби жасап, жоғары сынып оқушыларына бүкіл ғылымды ағылшын тілінде оқытпақшы болған. Бірақ ойласа келе, әліпбиді өзгертсек, ағылшын тілінде оқысақ, алғашқы кезде тез дамуымыз мүмкін, бірақ ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болады дегенге тоқтаған. Жапонияның мың-жылдық тарихы бар. Сонда біз неге кеше ғана құрылған елдерге жүгінуіміз керек», дейді. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Алаш азаматтарының қазақ халқының болашақ даму мәселесінде жапон үлгісін алмақ болғандығын да есімізге салады.
Біз осы мәселеге орай, алыстағы жапон еліндегі тіл мен мектеп мәселесін өз бетімізше біраз зерттеп көрдік. Сонда бір байқағанымыз, жапондардың басым көпшілігі ағылшын тілін білмейді екен. Соған қарағанда, қарапайым жапондарға ағылшын тілі қажет болмаса керек. Мұны да түсінуге болады. Жапония дегеніміз негізінен алғанда тек қана жапондардан тұратын тұйық аралдарда жатқан үлкен ел. Халықтың әлеуметтік жағдайы мен экономикасы керемет дамыған. Оның үстіне Жапония жаңа технологияларды шығару мәселесінде де әлемде алда келеді. Былайша айтқанда, сыртқы күштердің ықпалына мызғи қоймайтын батпан құйрық халық. Бірақ соған қарамастан, Жапония үкіметі де жас ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруіне жеткілікті дәрежеде мән береді деуге болады. Мұның бір мысалы мұндағы оқушылар орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсер кезінде ағылшын тілінен міндетті түрде сынақ тапсырады екен. Сондай-ақ, ағылшын тілі мектептерге де енгізілген. Бірақ, жапон мектептері бастауыш сыныптарда оқушыларды ана тілінде оқытатын көрінеді. Шет тілін сонан кейін бірте-бірте ойын түрінде оқыта бастайтындығын жуықта Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысқан жапон қызы айтып өтті.
Заманың түлкі болса, тазы боп шал
Ал Жапонияда тұрып жатқан жапондардың өзіне келетін болсақ, олар өздеріне ағылшын тілі өмірде екі жағдайда ғана қажет екендігін айтады екен. Оның біріншісі – жоғарыда айтып кеткеніміздей, жоғары оқу орнына түскен кезде, екіншісі – шетелге туристік сапарларға шыққан кезде. Алайда, бұл екінші мәселені шешудің де тиімді жолы табылған. Жапондар шетелге турист ретінде көбінесе топ болып, қастарына аудармашы ертіп шығады немесе осы қызметті атқаратын жедел аударма саласындағы жаңа технологияларды пайдаланады. Яғни бұл халықтың қоғамды толғандыратын кез келген проблема мен оны шешу мәселесіне қатысты өз жауабы дайын тұр. Ал бізде әзірге мұндай мүмкіндік жоқ.
Осыдан біраз жыл бұрын өзіміз де іссапармен Жапонияда болдық. Біздің қазаққа бір ұқсатқанымыз, топталып кездесе қалған жағдайда жапондар да бір-бірімен қауқылдасып қалады екен. Олардың Токио, Хиросима, Нагоя деген қалаларын араладық. Болашаққа арнап жасап жатқан жаңа техникалары мен роботтарын Нагоядағы Тойота корпорациясының халықаралық көрмесінен көріп, таңғалдық. Міне, осындай халық ағылшын тілін менсінбесе, менсінбес. Бірақ, бізде мұндай шама бар ма?! Сондықтан, біздің балалардың болашақта жапон балаларына қарағанда, ағылшын тілін жетік білуі басты қажеттіліктердің бірі деп есептейміз. Өйткені, біз сырттан келетін білім мен технологияға жапондарға қарағанда, әлдеқайда мүдделі елміз.
Негізінде жапон, неміс, қытай, ағылшын, орыс секілді тамырларын терең жіберген мықты халықтар басқа бір халықтарға бейімделе қоймайды. Керісінше, оларды өздеріне бейімдеуге тырысады. Бұған оларда мүмкіндік бар. Ал бізде мұндай мүмкіндік бар ма?! Сондықтан, мұндайда «Аттылыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылыпты», деп ата-бабамыз айтып кеткендей, бізге өз жолымызды тапқанымыз дұрыс. Әлемдік кеңістікте біз ұлан-байтақ жері бар шағын халықпыз. Демек, бізге шағын халықтарға лайықты жол дәл келеді. Тау халықтарының азаттығы жолында өмірін күреспен өткізген Шәміл имам «Шағын халыққа өмір сүру үшін үлкен қанжар керек екен ғой» деген. Өз ата-бабаларымыз «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Демек, қазіргі уақытта біздің алдымызда тұрған басты мәселе өзгеріс үстіндегі заман ағымына бейімделе білу. Ол үшін оқу мен білімді нығайта отырып, әлемдік кеңістікте еркін жүріп-тұра аларлық жағдайға жетуіміз керек. Ағылшын тілі бізге сол үшін қажет. Қазіргі болып жатқан жағдайларды саралай-салмақтай, ой елегінен өткізе келе басқадай бір жолды таба алмадық. Сондықтан, біздің қолымыздағы Шәміл имам меңзеген үлкен қанжар заман өзгерістеріне жедел икемделуімізге көмектесе алатын, әлемдік білім жүйесіне кірігуге мүмкіндік беретін ұлттық мектептің Білім және ғылым министрлігі ұсынып отырған жаңа моделі болуы тиіс деп топшыладық.
Қоғамдағы көңіл күй
Дегенмен, қоғамымыздағы қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халі бізді де қатты толғандырады. Егер статистикаға үңілсек, қазақ мектептерінің соңғы жылдары көбейіп келе жатқандығын көреміз. Бірақ, бір өкініштісі, білім беру саласындағы қазақ мектептерінің үлес салмағына қарағанда, қазақ балалар бақшасының үлес салмағы едәуір дәрежеде төмен екендігін байқадық. Міне, мәселе қайда жатыр деңіз? Ата-аналардың көпшілігі осы мәселеге байланысты өз сәбилерін орыс тіліндегі балалар бақшасына беруге мәжбүр болады. Тілі орысша шыққан сәби содан кейін қазақ тіліне қайтіп бет бұра қоймақ?!
Ендеше, елімізде мектеп реформасын қолға алғалы отырған Білім және ғылым министрлігі осы мәселеге баса назар аударса деген тілегіміз бар.
New Times.kz агенттігі өткен жылы балаларын бірінші сыныпқа бергелі отырған ата-аналар арасында сауалдама жүргізіп, олардан өз балаларын қандай мектепке бергілері келетіндіктерін сұраған. Сонда ата-аналардың 39,2 пайызы өз балаларын орыс тілді мектептерге бергілері келетіндіктерін айтқан. Ал ата-аналардың 31,5 пайызы қазақ тілді мектепті қалайтындықтарын жеткізген. 19,4 пайызы ағылшын тілінде оқытатын мектептерді дұрыс көретіндіктерін мәлімдеген.
Бір есептен алғанда, бұл цифрлар қоғамдағы қазіргі көңіл күйді білдіретін болса керек.
Сондай-ақ, біз осы мақаламызға дайындық барысында халық арасынан бірқатар адамдармен әңгімелесіп, мектептерге енгізілетін үш тұғырлы тілге қатысты олардың ой-пікірлерін білдік. Сонда басым көпшілігі бұл мәселені жалпылай қолдайтындықтарын, бірақ қазақ тілінің болашағына ерекше алаңдайтындықтарын айтты. Тіпті, аталған мәселеде өзімізбен көрші Айсабай ағамен біраз дауға да келіп қалдық. Ол кісі бізге тек білім беру саласында ғана емес, жалпы қоғамда қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұр дегендей пікірін жеткізді. Соның жарқын мысалы ретінде аулада ойнап жүрген балаларды көрсетті. Міне, мыналарды қарашы. Осылардың барлығы қазақ. Бірақ қайсысы қазақ тілінде сөйлеп жүр? Бәрі орыс тілінде сөйлейді. Осыны көргенде қалайша қазақ азаматы ретінде ет-жүрегің езілмейді, деп өзімізге сұраулы жүзбен қарады. Біз ол кісіге мұның уақытша құбылыс екендігін, қазіргі күні қазақ мектептері мен балалар бақшасының көбейіп келе жатқандығын, демек, бірте-бірте мемлекеттік тілдің бел алатындығын, оның үстіне балалар орыс тілінде сөйлеп жүргенімен олардың барлығының қазақ тілін де жақсы білетіндіктерін айттық.
– Оны алдымен, балалардың өзінен сұрап көрейік, – деп ұсыныс тастады Айсабай аға.
Алдымен өзара орыс тілінде әңгімелесіп тұрған естиярлау қыз балалардың қасына келдік. Кейіптеріне қарағанда, мектептің 6-7 сыныбының оқушылары секілді.
– Сендер қазақша білесіңдер ме? – деп сұрадым мен олардан.
– Білеміз, – деп жауап берді қыздардың бірі. Бұған менің жалым біраз күдірейіп қалды.
– Ендеше, неге қазақша сөйлемейсіңдер? – деп сұрады ақсақал.
– Білеміз, бірақ қазақша сөйлегіміз келмейді, – деп жауап берді жаңағы қыз. Мұнан кейін олар бізбен одан әрі жауаптасып жатуды әлде артық, әлде ыңғайсыз көрді ме, ұйымдасқан түрде орындарынан жылжып жүре берді.
Енді шағын футбол алаңында доп ойнап, айғай-шуға басқан қарадомалақтардың қасына келдік. Бәрі де орысша шүлдірлесіп жүр.
– Әй, балалар! Сендер қазақша білесіңдер ме? – деп сұрадым мен олардан. Олар тіпті, біздің сұрағымызға жауап беріп жатудың өзін қажет деп таппаса керек, шулаған күйі ойындарын жалғастыра берді.
– Міне, көрдің бе? – деп сұрады ақсақал менен. Мен жеңілгендігімді сезіндім. Алайда, Серік Жанболат деген журналистің біз секілді осындай эксперимент жүргізбек болып, бірнеше аулаға барып, ойнап жүрген балалармен тілдескендігін, сонда олардың барлығы қазақша сөйлегендігін айтып жатырмын.
– Ол қай жерде болған екен? – деп сұрады ақсақал.
– Нақты білмедім. Шамасы, Алматыда болса керек, кеше ғана фейсбуктен оқыдым, – деп жатырмын.
– Алматыңды білмеймін. Астанада жағдай осылай. Егер қажет десең, қазір автобусқа барып кірші, онда да балалардың тілі кілең орысша. Егер өтірік айтатын болсам, содан кейін маған кел, – деді ақсақал.
Айсабай ағамен қоштасып, пәтеріме көтерілмек болып лифтінің алдына келдім. Екі кішкентайын жетектеген қазақтың жас жігіті менімен лифтіге бірге кірді. Шамасы, сәбилерін балалар бақшасынан әкеле жатқан беті болса керек. Бұл екі жеткіншек те орысша шүлдірлесіп жатыр.
– Әй, көген көздер, сендер қазақша білесіңдер ме? – деп сұрадым олардан. Орнына әкелері жауап берді.
– Қазақшаны қайтеміз, бәрібір өлетін тіл емес пе? Оны үйретіп, балаларымыздың басын қатырып, босқа әуре болғымыз келмейді? – деді әкесі. Осыны айтты да, ыңғайсыз бір жағдайға қалғандай ұяң жымиды.
Жігіттің өзі қазақ тілінде жап-жақсы сөйлеп тұр. Маған ол жаңағы сөзді әлденеге ерегісіп айтқан секілді болып көрініп кетті. Өйткені, оның үнінен батыл байламға келген нақты шешімді емес, қазіргі жағдайға деген өкпе-назды аңғарғандай болдым.
Осы сәтте менің де ана тіліме жаным ашып кетті. Сондықтан осы болған жағдайды оқырмандарға жеткізе кетсем, артық болмас деп есептедім.
Білімнің мультипликативтік әсері
Иә, көріп отырғаныңыздай, қазіргі уақытта қоғамда орыс тілі барынша үстемдікке ие болып бара жатқан секілді. Мұны мен өзімнің журналистік қызметімде де үнемі сезінемін. Шетелге сапарға шыққан кезімізде барлық уақытта бірдей демей-ақ қояйын, көп жағдайда бізге тиесілі ақпараттар орыс тілінде беріледі. Сапар жайында газетке көлемді мақалалар беру қажет болғандықтан, ол ақпараттарды біз отыра қалып аударамыз. Ал бұл сәтте орыс тілді әріптестеріміз бізге қарағанда, өздерін әлдеқайда еркінірек сезініп, қолдары бос болса, көбінесе қыдырыстап кетіп жатады. Бізде ондай уақыт жоқ. Өйткені, орыс тілді журналистерге қарағанда, екі еседей артық жұмыс істеуге тура келеді. Теледидарды білмеймін, баспасөз басылымдарында қызмет істейтін қазақ тілді журналистер міне, осылайша өз нандарын көп еңбекпен, адалынан тауып жеп жүр деп есептеймін.
Алайда, осындай жағдайларға қарап, бүгінгі күннің шындығы осылай екен деп кімге өкпелейміз? Өйткені, бір тілмен ғана өмір сүріп кете алатындай үлкен халық емеспіз. Оның үстіне сан түрлі ұлы өркениеттердің тоғысқан тұсында өмір сүріп жатқан жағдайымыз тағы бар. Сондықтан, тек қазақ тілін меңгерумен ғана шектеліп қалсақ, ол түбі өзімізді өзіміз алдағандығымыз болып шықпай ма? Біз, қазақ халқы Ресей империясының 300 жылдық бодандығынан кейін қатарға қалай қосылдық? Орыс тілін меңгеру арқылы ғана көзіміз ашылмап па еді? Бұл шындықты ескермеуге бола ма?
Біз осы мақалаға әзірлік барысында орыс тілінің қазақ қоғамына тигізген жағымды, жағымсыз ықпалдарын да біраз зерттеп көрдік. Орыс тілінің қазақ еліне ену тарихын зерделедік. Бұл тілді біздің халқымыздың қабылдауына ең алдымен қазақтың сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары бастамашылық жасағандығын білдік. Соның бірі орыстың тілі мен білімін үйренуді өсиет еткен данышпан Абай атамыз болатын.
Мұның сыртында, Кеңес өкіметі кезінде Павлодар облысының Баянауыл ауданынан зиялы қауым өкілдерінің, әсіресе, техникалық интеллигенциямыздың маңдайалды болған азаматтардың көптеп шыққаны белгілі. Осы бір ауданның өзінен ғана Ұлттық ғылым академиясының Қаныш Сәтбаев бастаған 14 академигі шыққан. Осының сыры неде?
Біз осы сұрақты Баянауылда болғанымызда ондағы ел мен жер тарихына жетік ақсақалдарға қойған едік. Сөйтсек, мәселенің мәнісі былай екен.
Патша өкіметінің тұсында осы өңірде ұзақ жыл билік құрып, патшадан полковник шенін алған, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған атақты Мұса Шорманов елдің игі жақсыларымен кеңес құрып, «енді бізге орыс тілін білмесек, дұрыс күн жоқ» дей келе әрбір ауқатты адамға жаңа заман талабына сай өз баласын оқытуды, салық есебінде кедейдің бір баласын оқытуды міндеттейді. Міне, осыдан кейін бұл өңірден білімді азаматтар көптеп шығып, Кеңес өкіметі келгенде білім мен ғылымның тізгінін ұстауға дайын тұрған. Олар өздерінің білімдері арқылы еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бір ғана Қаныш Сәтбаевтың тындырған ісін еске алайықшы. Ол елімізде тұңғыш рет Ұлттық ғылым академиясын құрып, Қазақстан ғылымының сан-салалы бағыты бойынша, соның ішінде қазақта бұрын болмаған жаратылыстану ғылымы бойынша қарқынды дамуының негізін қалап, өзі осы үдерістің басында тұрды. Атақты Жезқазған кенін ашып, жүздеген мың адамның сан жылғы нәпақасын тауып беріп кетті. Ертіс-Қарағанды каналын салдырып, сарғайып жатқан Сарыарқаны суландыруға ғажайып еңбек сіңірді. Егер бұл канал жұмыс істеп тұрмағанда қазіргі Астана халқын сумен қамтамасыз ету мәселесі өте қиындыққа түскен болар еді. Міне, білімнің күші қайда деңіз?!
Ал осы Павлодардың Баянауыл ауданына жақын қоныстанған Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағылар Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев секілді Алаш арыстарын жерлестері ретінде мақтан тұтып жатады. Біздің тарихымызда алғашқылардың бірі болып еуропаша білім алған осындай азаматтардың осы өңірден шығу тарихын зерделегенімізде, бұл мәселеде патша заманындағы Қарқаралы стансасында болған приходтық училищенің едәуір маңызға ие болатынын аңғардық. Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейханов орыс тіліндегі алғашқы білімді осы училищеден алған екен. Айтпақшы, осы училищеде кезіндегі ақ гвардияшылар қозғалысының көшбасшыларының бірі, орыс әскерлерінің жоғарғы қолбасшысы болған Лавр Корнилов та Ә.Бөкейхановпен қатарлас оқыған көрінеді. Л.Корниловтың атасы Николай Корнилов Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құнанбай Өскенбаевтың тұсында қазақ пен орыс арасында тілмаш, аудармашы болып жұмыс істепті. Л.Корниловтың анасы қазақ қызы деген деректер де бар. Орыстың даңқты қолбасшысының сыртқы кейпінің азиялықтарға, соның ішінде қазаққа ұқсастығының өзі бұл деректі одан әрі қуаттай түсетіндей.
Енді, міне, арада бір ғасыр уақыт өткеннен кейін Қазақ елі, Қазақстан Республикасы тағдырдың таңдау сәтіне тағы да тап болып отыр. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі бір типті мектепте оқытылатын үш тұғырлы тілге қатысты үлкен реформаны бастамақ. Бұл – ешкімнің ойдан шығарған мәселесі емес, заман талабынан туындап отырған дүние. Демек, оны қолдауымыз керек.
Әлі уақыт өтер. Егер Білім және ғылым министрлігінің осынау тың бастамасы халық тарапынан қолдау табатын болса, ауылда тұрып ағылшын тілін жақсы меңгерген қазақтың көген көздерінің арасынан да әлемдік білім кеңістігінен еркін сусындай алатын талай мықты азаматтар шығар! Тіпті, олардың барлығы бірдей Қаныш Сәтбаевтай ғұлама ғалым болып кетпей-ақ қойсын. Тіпті, солардың жүзден бірі ғана жақсы білім алып, ел болашағына тамаша үлес қоса алатындай табысты тұлға немесе білікті ғалым ретінде қалыптасты дейік. Міне, осы жағдайдың өзі ғана Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті мен экономикалық қуатының артуына қосылған зор үлес болып табылар еді. Өйткені, білім мен ғылым саласындағы жетістік пен жаңалықтың мультипликативтік әсері басқа салаларға қарағанда ондаған, жүздеген есе артып түсетіндігі талай рет дәлелденген жағдай.
Қорытынды
Иә, бір кездері Абай атамыз үндегендей, орыстың білімі мен ғылымына ілесу ХХ ғасырда біздің еліміздің еңсесін біраз көтерді. Қазіргі күні ешкімді де білімсіз деп айта алмаймыз. Алайда, осы ХХІ ғасырымызда бұл білімнің өзі бізге жеткіліксіз болатын түрі бар. Заманның бет алысы, адамзат өмірінде қарқынды түрде жүріп жатқан өзгерістер осыны айқын танытып отыр. Тек бір ойландыратын мәселе, ол – қазақ тілінің болашақ тағдыры. Оны біз ел болып, халық болып бірге ойлауымыз керек. Осы бағытта мынадай ұсынысымызды жеткізе кеткіміз келеді. Өмірге енді енетін бір типті мектептің бастауыш сыныптарында жас ұрпаққа тек мемлекеттік тілді оқыту мәселесін ойластыруымыз керек. Сондай-ақ, қазақ балабақшаларын көптеп ашып, әр сәбидің тілі өз ана тілінде шығуына барынша мән беруіміз керек. Міне, сонда ғана қаншама жылдар бойы тағдыры тәлкекке түсіп келе жатқан тіліміздің бағы ашылып, ол төрге шығады деп ойлаймыз. Басқа жағына келгенде, Білім және ғылым министрлігі қолға алып отырған мектеп реформасын толығымен қолдайтындығымызды білдірмекпіз.
Осындайда тағы бір ойға келетін мәселе – біздің халықымыздың ұлттық болмысы мен дәстүр салтына қатысты осы уақытқа дейін айтылып келе жатқан пікірлер мен бағалар. Бізді сырттан келген қонақтарымыз көбінесе қонақжай халық деп жатады. Өзіміздің арамызда көнбіс, көнтерлі халықпыз деген пікірлер де бар. Бірақ бір ғажабы, бізді еңбекшіл халық екен деп ешкім айтпайды. Оны айтуға өзіміздің де тіліміз күрмеледі.
Ал енді, біздің жоғарыда мектеп реформасына қатысты үлгі алмақ болып отырған елдеріміздің барлығы еңбекпен аты шыққан елдер. Өзіміз болсақ, «еңбек – бәрін де жеңбек» деп жатамыз. Демек, оқу барда, оны өмірде іске жарататындай тоқу бар. Осы мәселені қайтпекпіз. Бұл енді, біздің ойымызша, тек мемлекетке ғана қатысты мәселе емес. Бұл мәселе қалың елге, әрбір отбасына қатысты деп ойлаймыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»